Ерсұлтан «Бала дауысы» байқауына қатысады! Сәттілік тілейміз және баршамыз болып қолдайық!

Төрт жылдың ішінде миллиондаған көрермендердің жүректерін жаулаған Әлия Назарбаева мен «Жандану әлемі» қорының бірегей жобасы – «Бала дауысына» қатысу әрбір жас өнерпаздың арманы. Байқаудың негізгі мақсаты – музыкалық және шығармашылық дарыны бар балаларды анықтап, оларға қолдау көрсету, болашақта жас өнерпаздардың өнеріне өріс ашу болып табылады.

Ағымдағы жылдың көктем айында әрбір облыста байқаудың республикалық кезеңіне іріктеу сыны өткізілді. Біздің Ақмола облысында байқауға қатысамын деген жүзге жуық жас өнерпаз қазылар алқасының алдында өз өнерлерін ортаға салды.
Жүзге жуық үміткерлердің ішінен тек бір ғана өнерпазды таңдау қазылар алқасына да оңай болмағаны анық. Себебі, Көкше жері ежелден ән меккесі атанған. Біздің өңірде әншіні таңдау оңай-оспақ шаруа емес. Осындай дүбірлі додада дараланған Көкшетау қаласындағы №4 орта мектептің 5 «ә» сынып оқушысы Ерсұлтан Шаймұрат болатын. Қазіргі таңда Ерсұлтан қазан айында Алматы қаласында өтетін «Бала дауысы» Ұлттық байқауына қызу дайындық үстінде. Біз Ерсұлтанмен байқау алдында жүздесіп, жас дарынмен жақынырақ танысуды жөн санадық.
Бір қарағанда томағай тұйық болып көрінгенімен жалт еткен отты жанарынан-ақ, оның бойында өнерпазға тән қабілеттің барын байқауға болады. Оның өзін-өзі ұстауы, жас та болса әр сөзін сабырмен өлшеп, салмақтап, саралап, сөйлей білуі, жүріс-тұрысы, киім-киісі тіпті, әдемі жымиысына дейін адамды бірден өзіне баурап алады. Әсіресе, ән орындаған кезде қос жанарын тарс жұмып алып, көмейінен төгілген сырлы саздан өзі де қуат алып, сол бір жан шуағына жан-жағындағы жандарды бөлесем деген мөлдір сезімі, ақ ниеті айтпаса да аңғарылып тұрғандай.
Он жасар балғын әнші Ерсұлтанның қазақ ән өнеріне деген ынтызар көңілі, сұлу сазға деген сарқылмас сезімі, әлі оны талай асуларға жетелері сөзсіз. Сол өнердің биігіне шығар жолдың алғашқы қадамдарын ол сәтті бастап, өнерсүйер қауымның ерекше ілтипатына бөленіп жүрген балғын өнерпаз.
– Аймағымызда өткен байқауға 100-ге жуық бала қатысты. Іріктеу кезеңде жас өнерпаздар 3 әннен орындап шықтық. Мен де бұл байқауға тыңғылықты дайындалдым. Өткен жылы аталмыш республикалық ән додасында біздің өңіріміздің атынан өнер көрсеткен Бақдәулет Таңатар лауреат атанып еді, ол менің жақын достарымның бірі. Маған іріктеу кезеңіне барып, бағымды сынап көруіме кеңес берген жандардың бірі осы досым. Ондаған баланың ішінен оза шабу оңайға соқпады. Өнер жолы әсте зор еңбекті қажет етеді. Сол себепті де ізденуден танбаймын. Арманым – әлемді өз өнеріне тәнті етіп жүрген Димаш Құдайбергенов сияқты атақты әнші атанғым келеді, – деп бастады әңгімесін жас әнші.
– Неше жасыңнан бастап ән айтасың,– дедік біз де Ерсұлтанды сөзге тартып. – Негізі 4-5 жасымнан ән айтамын. Көкшетау қаласында орналасқан Ақмола облыстық білім басқармасының өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығында ұлағатты ұстаз, тәжірибелі тәлімгер Әридаш Жарасбайқызынан сабақ аламын. Ол кісінің тәлімін көрген талай көптеген талантты балалар бар. Мен де осы ұстазымның маған артқан сенімін ақтағым келеді. Алдағы уақытта ұлттық балалар байқауында Ақмола облысының абыройын асқақтатсам деген арманым бар,– дейді Ерсұлтан.
Айта кетуіміз керек, әр өңірдің намысын қорғайтын жас өрендермен республикалық байқаудың алдында хореографтар, стилистер және музыкалық продюсерлер жұмыс істейді. Конкурстың жеңімпазы SMS-дауыс беру арқылы анықталады екен.
Асқақ арман адамды әсте алға жетелейтіні анық. Алдағы уақытта Алматыда өнер көрсететін жерлесімізге республикалық ән додасында қолдау білдірейік, ағайын! Ендеше, Ерсұлтан Шаймұраттың жеңісіне сіздер мен біздер себепші бола аламыз.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар