Көне тарихтың куәсі – құнды жәдігерлер

Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі орталық тұрақты негізде «Қазыналы қазба – ұлт құндылығы» атты жобасын жүзеге асыруда.

2017 жылы біз Зеренді ауданының Кеңөткел ауылы маңында Кеңөткел-18 қорымында археологиялық зерттеулер жүргіздік. Қазба жұмыстары барысында қола дәуірінің Андронов мәдениетіне жататын бірнеше керамикалық ыдыстар, қола балта мен қапсырмалар табылды. Камералдық өңдеуден кейін табылған барлық 17 артефакт облыстық тарихи-өлкетану мұражайына берілді.
Сондай-ақ, өткен жылы біздің археологиялық экспедициямыз Кеңөткел ауылының маңында күзет-құтқару жұмыстарын жүргізді. Қазба барысында керамикалық ыдыстар, алтын мен қоладан жасалған әшекейлер, жалпы алғанда 25 экспонат табылды. Ал, биылғы жылдың далалық маусымында экспедиция Бурабай ауданының Жаңаталап ауылында жұмыс істеді. Қазба жұмыстары барысында 4 керамикалық ыдыс пен қола бұйым табылды. Сонымен қатар, біз Зеренді ауданының Васильковка ауылына жақын жерде ерте темір дәуірінің қорымында археологиялық зерттеулер жүргіздік. Мұнда б.з.д. VII ғасырдағы сақ жауынгерлерінің екі қорымы табылды, онда 30 аса құнды артефактілер бар. Атап айтсақ, екі жақты бас сүйекті жебенің массивті темір ұштықтары, екі, үш қалақты қола жебенің ұштықтары, зергерлік бұйымдар, перфорацияланған диск-тас жебе (ұршық), қола фрагменттері, жұқа фольга түріндегі алтын сырға, темір пышақ және тағы басқа құнды жәдігерлер бар. Тарихы тереңде жатқан аталмыш археологиялық құнды заттарға ғалымдар да зор қызығушылық танытуда.
Археологтар тапқан барлық артефактілер камералдық өңдеуден және егжей-тегжейлі зерттеуден кейін облыстық тарихи-өлкетану мұражайына беріледі. Биылғы археологиялық маусымды қорытындылайтын болсақ, біз үшін табысты жыл болды. Әлі де болса бізді соны зерттеулер, олжалар, сондықтан алда үлкен әрі қызықты жұмыстар күтіп тұр.
Серік ЫСҚАҚОВ,
Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі орталықтың бас инспекторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар