Туризм – еліміз бен жерімізді танытып, табысымызды еселеудің үлкен мүмкіндігі

Ақмола облысы мен Қазақстанның туристік қауымдастығы тұтастай алғанда өздерінің кәсіптік мерекесі – Дүниежүзілік туризм күнін ерекше өрлеумен қарсы алып отыр. Өйткені, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ел халқына Жолдауында экономиканың басым салаларының бірі ретінде туризмді дамытуға да үлкен екпін берді.

Шынында бұл сала мемлекеттік көзқарас түзу болған жағдайда еліміздің әлемдік деңгейде алға жақсы қадам басуы-на үлкен серпін беретіндігі сөзсіз. Мұның алғышарты – ел экономикасының дұрыс дамып, еліміздегі қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақты болуы. Сонда ғана біз әлемдік жұртшылыққа өзіміздің туристік әлеуетімізді жан-жақты көрсете аламыз. Бір құптарлығы, қазір біздің еліміз дүниежүзінде бейбіт жағдайда, жедел дамып келе жатқан елдердің бірінен саналады. Осыған бай табиғи ресурстарымыз, өзіндік мәдени ерекшеліктеріміз, көне тарихымыз, осының бәрі қосыла келе, шет елдерден туристерді көптеп тартуға қолайлы мүмкіндік туады.
Астаналық аймақ болып саналатын Ақмола облысы да осыны іс жүзінде жақсы аңғарып, туризм саласын барынша дамытуға мол мұрсат алып отыр. Облыс өңірлерінде келген адам бірден назар аударатын көрікті жерлердің көп болуы, оның ең алдыңғы қатарында көрікті Бурабайымыздың тұруы әрине, туризмді ілгері бастырғысы келетін біздің өңір үшін үлкен олжа болып табылады. Осы ретте, бұрынғы туризм нысандарына осы курорттық аймақтағы «Ботай-Бурабай», халықаралық трамплин сияқты жаңа нысандардың қосылуы аймағымыздың туристер үшін тартымды болуына мол мүмкіндіктер ашатыны өз-өзінен түсінікті.
Облыста туристік кластер саласында 700 кәсіпорын жүйелі жұмыс істеп келеді. Оның 375-і туристер орналасатын мекенжайлар, 45-і санаторлық-курорттық мекемелер, 266-ы жол бойы қызмет көрсететін субъектілер, 68-і қолдарында туристік қызметпен айналысатын лицензиялары бар турфирмалар, үшеуі «Көкшетау», «Бурабай» және «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғат парктері. Сонымен бірге, Қорғалжын мемлекеттік табиғат қорығы ЮНЕСКО-ның табиғи мұралар тізіміне енгізілген.
Мәдени-тарихи құндылықтарымыз өз аясына 900 ескерткішті біріктіреді. Олардың басым бөлігі мемлекет қамқорлығында және түрлі экскурсиялық бағдарламалардың тізіміне кіреді. Облыста туроператорлар ойдағыдай іске асырып келе жатқан сексенге жуық туристік маршрут бар. Олардың бәрі туристік саяхаттардың мемлекеттік реестріне енгізілгенін де айтуға болады. 10 туроператор Көкшетау, Бурабай, Зеренді, Қорғалжын, Біржан сал және Ерейментау аудандарының тарихи, киелі жерлері бойынша туристік маршруттар қызметін көрсетеді.
Туризм саласында әр жерден келетін туристерді орналастыру мәселесі де өте маңызды. Біздің аймақта жалпы алғанда осы жағын қамтамасыз ететін 5159 жатын орын және 13327 төсек орын-кереует бар. Осындай орналастыру орындары биылғы жылдың бірінші тоқсанында ғана 1108 миллион теңгенің қызметін көрсетті. Яғни, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,4 пайызға асып түсті.
Аймақтың туристік инфрақұрылымын Бурабайдағы «Байтас», Зеренді демалыс орнындағы «Зеренді парк» қонақ үйлері, Аршалы ауданындағы «Бейбарс» спорттық-сауықтыру кешені, Қорғалжын ауданындағы орнитологиялық обсерватория толықтыра түсті. 8 инвестициялық жоба бойынша жұмыс одан әрі жалғасуда. Мұндай құрылыстардың ішінде «Камилла» демалыс орны, «Эдем СПА» сауықтыру кешені бар. Ал. «Щучинский» және «Жекебатыр» санаторийларында жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен бірге, Щучинск-Бурабай курортты аймағында туристік бағыттағы тағы бірқатар жобалар қолға алынуда. Сондай-ақ, биылғы жылы өткізілген іс-шаралардың қатарында туризм және демалыс қызметкерлерінің арасында ұйымдастырылған қысқы спартакиаданы, балық аулаушылар фестивалін, «Шипажай 2019» халықаралық ғылыми-практикалық форумын, «Вело Бурабай 2019» жарысын, «Жайлау» этноауылының ашылуын, қымыз фестивалін, «Бәйге 2019» ат жарысын, жыл сайынғы «Байк-рок» фестивалін, «Көшпенділер әлемі» халықаралық ІV этно-мәдени фестивалін атап өтсек артық емес. Бұл шараларға ұзын-ырғасы жарты миллионнан астам адам қатысқанын да айтқан жөн.
Ал, енді осы жұмыстардың бір ұшы келетін туристерге сапалы қызмет көрсету мәселесіне тірелсе, бұл жағынан да ізденіссіз емеспіз. Биыл көктемде туризм басқармасы сервис және туризм академиясымен бірлесіп, сервистік мамандық алып жатқан 47 студентті Түркия отельдеріне стажировкадан өтуге жіберді. Бұлар негізінен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде және Щучинск техникалық колледжінде оқитын жастар. Олар Түркияның элиталық қонақ үйлерінде тәжірибеден өтуде. Бұл тәжірибе мерзімі алты айға созылады. Яғни, мұның өзі осы жастар сервистік қызметтен біраз нәрсені үйреніп келеді деген сөз.
Туризм туралы сөз қозғағанда, көрікті аймағымыздың бай әлеуетін жарнамалау, сөйтіп, жан-жақты насихаттау мәселесі де назардан тыс қалмауда. Осы мақсатпен қыс айларында балалардың спорт ойындарынан ашық республикалық турнир өткізіліп, оның тележобасы көгілдір экраннан мыңдаған көрерменге жол тартса, көктемде Оңтүстік Кореяның телеарнасы Бурабай курортты аймағының туристік әлеуеті туралы телехабар түсіріп кетті. Жалпы, осындай 15 шара өткізілгендігі курорттық аймағымыздың біраз жерлерге танылуында айтарлықтай рөл атқарды деп айтуымызға болады.
Бұл бағыттағы жұмыс ешбір толастамауда. Айталық, Ақмола облысының туризм басқармасы Ресей Федерациясының тур-операторлары мен турагенттіктері үшін қолда барды насихаттап, көрсету мақсатында ақпараттық тур ұйымдастырды. 30 туркомпания қатысқан Қазақстан-Ресей жарнамалық ақпараттық туры да Ақмола облысының бұл орайдағы мүмкіндіктерін кеңінен паш етті.
Осындай шараларды өз еліміз бойынша өткізуіміз де келешекте тиісті жемісін беруі тиіс. Көктемде Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан келген туроператорлар барымызды көзбен көріп, жоғары бағалап, өз аймақтарынан туристер тартуға сөз беріп кетті. Жазда да Бурабай мен Зеренді курорттық аймақтарында Қазақстанның барлық облыстарынан келген мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен кең көлемді ақпараттық тур өтіп, туризм саласының одан әрі дамуына жақсы негіз қаланды.
Айта берсе, мұндай шаралар өте көп. Кейінгі жылдары туристердің қалың қатарын Бурабайға, басқа көрікті өңірлерімізге тартудың әрбір мүмкіндігі қалт жіберілмеуде. Тағы да Бурабайда өткен жас ғалымдардың халықаралық форумы, Қорғалжын қорығындағы орнитолог ғалымдардың халықаралық семинары, бүкіл әлемге танымал бола бастаған Димаш Құдайбергеннің Нұр-Сұлтан қаласындағы концертінен кейін отыздан астам мемлекеттен келген көрермендердің бізде бас қосуы, Қорғалжындағы жуырда өткен халықаралық құстар фестивалі көрікті жерлерімізді шартарапқа таныту жолындағы аз жұмыс емес. Бұған алғаш біздің Үкіметтің көшпелі мәжілісінде таныстырылып, қолдау тапқан «Four seasons» бағдарламасын да қосқан жөн.
Бүгінгі таңда Ақмола облысында туристік сала үшін қажет кадрларды Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, сонымен қатар, үш арнаулы оқу орны даярлайды. Соның нәтижесінде жыл сайын жүзден астам дипломды маман туристік бизнесте жұмыс істейтіндердің қатарын толықтырады. Алайда осыған қарамастан, қонақ үй бизнесіне кәсіби менеджерлер жетісе бермейді. Мемлекеттік тілге бесаспап гид аудармашылар да тапшы соғуда. Шетел тілін білетін кәсіби гидтерге де қажеттілік байқалады. Туристік компаниялар тәжірибелі қызметкерлерге зәру.
Туристік қызметтердің көрсетілу сапасы мен туристердің өздерін қауіпсіз сезінуі бірінші кезекте оқу орындарында даярланатын кадрлардың жауапкершілік және іскерлік деңгейлеріне байланысты болып келеді. Бұл бағытта да туризм басқармасы қарап отырған жоқ, жоғары және орта арнаулы оқу орындарымен бірге туристік қызметтің сапасын арттыру мақсатында ұдайы конференциялар, шеберлік кластары, дөңгелек үстелдер өткізіліп тұрады. Қазақстанның өзге аймақтарынан да білікті кадрларды тартып, тәжірибе алмасамыз, жастарға олардың іс-тәжірибелерін үйретеміз.
Қуанышқа орай, биыл Нұр-Сұлтан қаласында туристік саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті ашылып отыр. Бұл да болса, еліміздің туризм саласына дендеп бет бұруының бір нақты дәлелі. Осы орайда, Бурабай курорты туризм қызметкерлерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі базалық оқу алаңдарының біріне айналып келе жатқаны сөзсіз. Еліміздің ең басты курортында оқу тәжірибесінен өтетін жоғарыдағы жаңа университет студенттері де бұл салада өздерін тек жақсы жағынан көрсетеді деп үміттенеміз.
Осы ретте, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауына қайта оралуға тура келеді. Онда туризм саласы ел экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі саналып отырғандықтан, осы саладағы біздің баршамызға елімізде әлі де болса бұл іс өзінің тиісті шешімін табуы үшін аянбай, жан-жақты жұмыс істеуімізге тура келеді. Олай болса, баршаңызды алдымыздағы халықаралық туризм күнімен құттықтап, алыс-жақындағы дем алатын, денсаулықтарыңызды сауықтыратын жерлеріңізге сәт сапар дегіміз келеді. Бүгінде бұрын білмеген адамдардың өзі осы туризмнің шет жағасын көріп қалуда. Сол жандарға адал қызмет етіп, құшақ жая қарсы алу, барымызды дұрыс таныта білу, әрбір көрсетер қызметіміздің орнықты болуы – барша туризм қызметкерлерінің алдында тұрған үлкен міндет. Қашанда сол парыз биігінен көріне берейік, бүгінгі мереке иелері!

Шынарбек БАТЫРХАНОВ,
Ақмола облысының демалыс және туризм
индустриясы қауымдастығының төрағасы,
Қазақстан Республикасы туризмінің құрметті қызметкері, профессор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар