Еңбек адамы дегеніміз кім?

«Адамды адам еткен – еңбек» деген ұлы ойшылдардың қағидасы қанша уақыт өтсе де өзінің маңызын жойған емес, жоймайды да. Өйткені, еңбек – мәңгілік құндылық, өмір сүрудің кепілі. Бір сөзбен айтқанда, қалай еңбек етесің – солай өмір сүресің. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында да атап өткен еді. Қазіргі қоғамдық қатынастар өзгерген заманда еңбек адамы кім екенін көбі біле бермейді. Осы орайда, газетіміздің тілшісі әр саладағы адамдардан «Еңбек адамы кім және оны қалай түсінесіз?» деген тақырыпта сауалнама жүргізіп көрген еді.

Сүйіндік ЕСМАҒАМБЕТОВ,
Социалистік Еңбек Ері:
– Кеңес өкіметі кезінде жасампаз еңбек дұрыс бағаланды. Еңбек адамы Ыбырай Жақаевтан бастап, кешегі Жазылбек Қуанышбаев, Кәмшат Дөненбаеваның Кеңес кезеңінде еңбектерінің көрінуі, олардың еңбектерінің бағаланғандығы. Социалистік Еңбек Ері деген атақты бір рет қана алып қоймай, оның екеуін, үшеуін қатар алып жатуы, сол еңбек адамдарының қадір-қасиетінің мықты екендігін көрсеткен еді. Еңбек озаты қоғамда белгілі беделге ие болды, депутаттыққа сайланды, лауреат атанды, сый-құрметке бөленді, марапатқа ие болды. Көгілдір экранда, баспасөзде жиі сөз алды, пікірлеріне жұртшылық құлақ асты. Олардың қоғамдық өмірге ықпалы күшті болды. Ал, қазір тәуелсіз ел болғаннан бері еңбек адамы, әсіресе, дене еңбегімен айналысатындар назардан тыс қалды. Диқан, токарь, механизатор, зоотехник, мал дәрігері, агроном деген мамандық иелеріне құрмет азайды. Білетініміз банкир, қаржыгер, кәсіпкер, фермер, шаруа қожалығының басшысы, серіктестік жетекшісі болып отыр.

Ерік НЫҒМЕТЖАН,
жеке кәсіпкер:
– Бүгінгі заманда еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, менің ойымша, таза жұмыс істейтін адам. Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адамды еңбек адамы деп есептеймін. Ол – диқан бола ма, ол – малшы бола ма, ол – жазушы бола ма, ол – өнер адамы бола ма бәрібір. Ол маңдай терін салып жұмыс істеуі керек. Өкінішке қарай, бізде еңбек адамдарын осы жағынан бағалау жетіспейді. Бізде кімнің тамыр-танысы көп, соның жолы болғыш. Кім пысық болады, соның жағдайы жақсы. Ал, турасын айтсақ, еңбек адамы деген тек қана диқанды, малшыны ғана білдірмейді. Еңбек адамы деген кез-келген салада болу керек.

Айнагүл САУЫТБЕКОВА,
студент:
– Тарихқа бір сәт көз жүгіртсек, келмеске кеткен Кеңес өкіметі деп артынан топырақ шашқанымызбен, ол кезеңде еңбек қатынастарын реттеу дұрыс жолға қойылған еді. Қай жерде қандай еңбек ресурстары бар, өндіріске қажетті шикізат қай жерде көп орналасқан – осының бәрі зерттеліп, анықталып отыратын. Жас мамандар сол аймақтарға жолдамамен жіберілетін. Бүгін ондай жоқ. Оқу орындарын бітірген жастар қайда барарын білмей, дипломдарын қалтаға салып, сен-деліп жүргені. Қай жерге барса, еститіні бір жауап: еңбек өтілің жоқ екен, жұмысқа қабылдай алмаймыз. Ешкім жұмысқа алмаса, бұларда қалай еңбек өтілі болмақ? Сондықтан да, жас мамандарды жұмысқа қабылдаудың тәртібін заңмен өзгерту керек. Институт, колледж бітірген жылы олардан еңбек өтілін талап етпеу керек, сынақ мерзімін белгілеп, оны жұмысқа үйрету, мамандыққа баулу керек.

Аягөз ЫСМАЙЫЛОВА,
ұстаз:
– Еңбек адамы деп өзінің кәсібін терең меңгерген адамды айтуға болады. Ол – дәрігер, мұғалім, фермер, кәсіпкер сияқты көптеген мамандықтар иелері. Елбасы өз еңбегінде еңбек адамын, адал кәсіп, адал нәсіп тауып жүрген жандарды кеңінен насихаттау туралы орынды сөз қозғады. Біз негізінен капиталистік жолды таңдаған мемлекетпіз. Алайда, Конституцияда Қазақстанның әлеуметтік бағдарланған мемлекет екендігі де айтылған. Еңбек адамының еңбегі немен өлшенеді? Қалай бағаланады? Капиталистік өмір заңдылығында ол тек материалдық құндылықтармен өлшенеді. Мәселен белгілі бір пәнді жетік білетін, тәжірибесі мол, еңбегі зор ұстаздар қауымын ардақтау үшін біздің Олимпиадада жеңіске жеткен спортшыларға беретін сый-сияпат секілді қомақты қаржы белгілеу керек дедім.
Сонымен қатар, осы тәрізді жүздеген операция жасап, науқастардың бәрі аман қалған хирургтерге, ана мен бала өмірін сақтап қалған дәрігерлерге де қаржылай құрмет көрсетілуі тиіс. Сол сияқты баланы үлкен білімге бағыттап, білім беретін бастауыш сынып мұғалімдеріне де көңіл бөлінуі қажет.

Әсима ЖҮСІПОВА,
көп балалы ана:
– Еңбек адамы дегеніміз – өзінің адал еңбегімен жанұясын бағу, ұрпағын өсіру. Екіншіден, ол қоғамға белгілі түрде пайда әкелу. Өз басым ерінбей еңбек етіп жүрген жанның бәрін еңбек адамы деп білемін. Күнкөрістің қамын күйттеп, тіршіліктің күйбеңінен қолы бір босамайтын жандарға деген құрметім де ерекше. Біз міне, қаршадайымыздан сондай еңбекқор кісілерді көріп өстік. Қоғамның жұмысы ма, елге ортақ іс пе – еш қажымайтын едік. Ертелі-кеш колхоз, совхоздың жұмысын істеп шаршап-шалдығып келсек те, үйдің шаруасына білек сыбана кірісіп кететінбіз. «Мен жұмыстан шаршап келдім, діңкелеп келдім» деген сөзді мүлдем айтқан да және өзге адамдардан өз басым естіген де емеспін. Өйткені, біздерді сол кездегі қоғам тәрбиеледі. Ата-аналарымыз да сондай еді. Таңертең тұрып, сиырын сауып, өріске айдап, бала-шағасының ас-суын беріп, отағасын жұмысқа жөнелтіп, сосын өздері совхоздың жұмысына баратын.
.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар