Оңтайландыру арқылы басы артық шығындарды үнемдеуге болады

Ақмола облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде «Түрлі салаларда жүргізілген мониторингтердің қорытындысына сәйкес анықталған жемқорлық тәуекелдері жөнінде» брифинг болып өтті.

Брифингте «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Самира Тайтенованың мәлімдемесі тыңдалды.
«Ақмола – адалдық алаңы» кеңселері қызметінің негізгі көрсеткіштерінің бірі бірінші басшылардың бірінші қабаттарға көшуі және мемлекеттік органдар мен мекемелердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ететін Ореn space форматында жұмыс жасауы. Бұл сонымен қатар, оңтайландыру арқылы шығындарды үнемдеуге әкеліп соқтырады. Облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің мәліметіне сәйкес, мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдарды оңтайландыру бойынша нақты ұсыныстар негізінде қайталанатын функцияларды анықтау бойынша мониторинг жүргізілді. Оңтайландыру нәтижесінде аймақтық департаменттер саны 26-дан 22-ге дейін қысқарды. Осылайша басқарушылық лауазымдардың арақатынасы екі есеге азайды. Егер бұрын екі орындаушы үшін бір жетекші болса, бүгінде 5 орындаушы үшін бір басшы бар. Нәтижесінде экономикалық тиімділік 39 миллион теңгені құрады. Осыған ұқсас мониторинг білім беру саласында да жүргізілді. Қайта құру нәтижесінде ұқсас функциялардағы сегіз колледж, сондай-ақ біріктіру арқылы бір елді мекенде орналасқан колледждер төртеуге қысқарды. Осылайша экономикалық тиімділік шамамен 87,4 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ, аудандық деңгейде біріктірудің арқасында тәуелсіз бөлімдердің санын 247-ден 163-ке (84 немесе 34 пайыз) қысқарту жоспарланған.
– Оңтайландыру бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметіндегі бюрократияны азайтуға мүмкіндік береді, олар жаңа форматтағы мемлекеттік қызметшілер болады. Биылғы оқу жылы еліміздің барлық мектеп оқушылары үшін дәстүрлі алғашқы қоңыраумен басталды. Оқудың алғашқы күнінде Ақмола облысындағы 154 мың оқушы үшін «Адалдық сағаты» өткізілді.
Жалпы, біртұтас республикалық «Адалдық сағаты» ұйымдастырылып, біздің облыста бұл іс-шара Ақмола облысының 557 мектебі, 33 колледжі, 4 жоғары оқу орындарын, 124 мың оқушы мен 30 мың студентті қамтыған. Дәріске мемлекет, құқық қорғау және сот органдарының басшылары, «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, облыстық және аудандық арнайы бақылау топтарының өкілдері, аудан, қала әкімдері және олардың орынбасарлары, қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, «Nur Otan» партиясының өкілдері шақырылды. Сондай-ақ, оқушылар мен студенттердің тұтастығын қалыптастыру жұмыстары оқу жылы аяқталғанға дейін жүйелі түрде әр тоқсан сайын өткізілетінін атап өткен жөн, – дейді өз хабарламасында Самира Өмірбайқызы. Арнайы мониторингтік топтың басшысы Владислав Шуль өз хабарламасын:
– Күні кеше мектеп оқытушыларының әдептеріне арналған тренинг өтті. Оған жаттықтырушы ретінде білім беру бағдарламаларын жасау және жүзеге асыру кабинетінің профессоры Сәуле Мурзина шақырылды. Сондай-ақ, Зеренді ауданында «Адал ұрпақ» атты мектеп еріктілер клубының үшінші облыстық слеті өткізілді. Сондай-ақ, «Адал ұрпақ» мектеп клубтарының жобаларының тұсаукесері мен спорттық жарыстар өткізілді, тренингтер, жаттықтырушы-тәлімгерлермен шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Екі күнге созылған слетке Ақмола облысының барлық аудандары мен қалаларынан келген «Адал ұрпақ» еріктілер клубының мүшелері мен қалалық және аудандық жарыстардың жеңімпаздарынан барлығы 100-ден астам оқушы қатысты. Олар өздерінің қанатының астындағы мектеп оқушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды насихаттады. Слеттің бағдарламасы өте мазмұнды және қызықты болды. Іс-шараның бірінші күні облыстың барлық мектептерінде адалдық пен әдептілік мектептерін ашуды қолдау мақсатында «Жарқын болашақ» би марафонымен басталып, одан әрі қатысушылар командаларға бөлініп, «Адал жол» ойын-сауық ойынына жалғасты, – деп нақты мысалдармен жеткізді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Төлеген Қосшығұлов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар