Ұлы дала тарихы – ұрпаққа аманат

 Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінде «Ұлы дала тарихы – ұрпаққа аманат» атты тақырыппен өткен дөңгелек үстел.

  Ұлы дала тарихын насихаттау, әйгілі хандарымыздың тарихи бейнесін жаңғырту, жастардың тарихи санасын қалыптастырып, тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен келешегін саралау мақсатында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде келелі ой-пікірлер айтылды.
Алдымен қатысушылар қазақ хандығының құрылуы туралы бейнесюжетті тамашалап, тарихтан сыр шертер біраз жайларға назар аударды. Дөңгелек үстелді аталмыш білім ордасының оқытушысы Ерболат Баятұлы ашып, жүргізіп отырды. Ол осы отырыстың мән- мақсатына тоқталып, қазақ тарихының келелі мәселелері хақында өз ойымен бөлісті.  Ал, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Ақбота Бексейітова «Қазақ атауының тарихи негізі» тақырыбында баяндама жасап, колледж оқушыларына хандықтың құрылуы мыңдаған жылдарда қалыптасқан процесс екенін түсіндірді. Сондай-ақ, ол әрбір патриот адам елінің, халқының тарихын білуі керек деп ой түйді. Қазақ халқының қалыптасуы ертеде, яғни Андронов мәдениетінің негізін қалаған тайпалардан бастау алатынын айтып өтті. Қазақ атауының шығу тарихына да тоқталып, хандықтың құрылуында этникалық алғышарттар маңызды рөл атқаратынын баса айтып өтті.  Ал, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Сәбит Жәмбек «Қазақ хандығының тарихы және бүгінгі көзқарас» атты баяндамасын көпшіліктің талқысына салды. Ол қазақ хандығының 550 жылдығы ұлттық сананы оятатын іс-шара екендігіне тоқталды. Біздің тарихымыз жыраулық поэзиямен сабақтас екенін түсіндірген ғалым Абылай хан заманында өмір сүрген Бұқар жырау, Үмбетей, Тәттіқара мұраларын зерттеуді қажет деген пікір білдірді.
Дөңгелек үстел барысында қазақ этносының тұтастығын жасаған Шыңғыс ханды да жадымыздан шығармау керектігі айтылды. Отырыста колледж оқытушысы Гүлзина Тілеуғабылова Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабына шолу жасады. Оқушылар да өз ой-пікірлерімен бөлісті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар