Жылу уақытында беріліп, егін ысырапсыз жинап алынуы керек

Өткен бейсенбі күні Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Аршалы және Целиноград аудандарына жұмыс сапарымен барып,

«Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылу барысымен, бірқатар мектептердің жағдайымен танысты. Екі ауданда да жүргізіліп жатқан көше-жол желілерінің құрылысын өз көзімен көріп, қолға алынған барлық жобаларды, сонымен қатар, күзгі орақ жұмыстарын мерзімінде аяқтауды тапсырды.

    Облыс әкімі жұмыс сапарын Аршалыдағы орыс тілінде оқытатын №2 орта мектепті көруден бастады. 1962 жылы салынған мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл іске «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бюджеттен 244 миллион теңге қаражат бөлініпті. Мұндағы инженерлік жүйелер, есік, терезелер, еденге дейін түгел ауыстырылуда. Жөндеу жұмыстары аяқталғанша бұл білім ошағының оқушылары Аршалы кентіндегі №3 орта мектепте оқытылуда. Осы орайда, облыс әкімі Ермек Маржықпаев жөндеу жұмыстарын жаңа жылға дейін созбай, ертерек бітіруді, әсіресе, ғимараттың төбесін тездетіп жабуды тапсырды. Өйткені, алда жауынды күндер келе жатыр, қар да ерте түседі деп күтілуде. Ал, ылғал түссе, ғимаратты кептіріп алу қиын болады. Облыс басшысы күрделі жөндеуді жүргізіп жатқан компания «ҚұрылысАльянс-НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдеріне осыны қатаң ескертті.
Айта кетейік, мектеп ғимараты 300 оқушыға лайықталған. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнда 355 оқушы екі ауысымда білім алатын болады. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазовтың айтуынша, Аршалы кентінде жаңа мектеп салу қажеттілігі туындап отырған жоқ. Оқушыларға орта білім беру үшін ауылдағы үш мектеп жеткілікті.
Ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында көше-жол желілері жөнделіп, денешынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Облыс әкімі аталған жобаларды бекітілген кестеге сәйкес аяқтауды тапсырды. Аршалы кентінде жауапсыз мердігерлердің кесірінен кәріз жүйелерін салуға қатысты бірқатар қиындықтар туындап отырған көрінеді.
–Басталған құрылыстар міндетті түрде аяқталуы керек. Аудан орталығы саналатын Аршалы кентін кәріз жүйелерінсіз қалдыруға болмайды. Кәріз жүйелерінің құрылысы жеті жылдан бері аяқталмай келеді. Мәселені тездетіп шешіңіздер, – деді облыс әкімі жауапты тұлғаларға.
Аршалы кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы үстіміздегі жылдың тамыз айында басталыпты. Кешен келер жылдың 1 қазанында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қазіргі таңда ғимараттың іргетасы қалануда. Осы ретте, облыс әкімі құрылыс алаңында бір ай бұрын ғана болғанын айтып, содан бері жұмыс тым баяу жүргізіліп келе жатқанына ескерту жасады және мердігер компанияға құрылыс жұмыстарын ширату қажет деді.
Аудандағы жылу қазандығының құрылыс-монтаждау жұмыстары бірер күнде аяқталып, қазанның бірінде жылу бере бастайды. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Көкшетау қаласында әлеуметтік нысандарға жылу беру басталғанын, ауданда да бірінші кезекте әлеуметтік нысандар жылумен қамтамасыз етілуі тиістігін ескертті.
Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылындағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектепке биыл Ресейден жаңа жылу қазандықтары әкелініпті. Жақында олар іске қосылып, мектеп ғимараты осы жылу қазандықтары арқылы жылытылатын болады. Биыл білім ошағы ағымдағы жөндеуден өткізіліпті. Ендігі мәселе, ғимараттың жертөлесін сәл биіктету керек. Себебі, көктемде қардың суы осында жиналады екен. Ермек Маржықпаев мәселе өте өзекті екенін айта келе, нақтылы тапсырмалар жүктеді.
Бүгінде «Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы елді мекендерді дамыту» бағдарламасы аясында Жібек жолы ауылының төртінші ықшам ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, атап айтсақ электр тасымалдау желілері, су құбырлары, жолдар салынуда. Сапар кезінде облыс әкімі осы жобаны да көріп қайтты. Қазіргі таңда ауылда 8 мың адам ресми тіркеуде тұрса, шын мәнісінде тұрғындар саны 20 мыңнан асады. Тұрғындар санының ресми тіркеумен сәйкеспейтіні ауылдың экономикалық дамуына әсер етеді. Құжат бойынша халық аз болғандықтан, әлеуметтік нысандар салынбайды. Осы ретте Ермек Маржықпаев Жібек жолы ауылының әкімі Ғабдеғайып Рыспаевқа тұрғындармен түсіндіру шараларын жүргізу керектігін қадап айтты.
Одан әрі жұмыс сапары Целиноград ауданында жалғасты. Бұл күні облыс әкімі ауданның ең шалғай елді мекені саналатын Мәншүк ауылында болды. Ал, одан бұрын Қосшыға кіре берісте салынып жатқан дүкеннің құрылыс алаңына ат басын бұрды. Аудан әкімі Мәлғаждар Тәткеевтің айтуынша, жеке кәсіпкер салып жатқан бұл дүкеннен жергілікті тұрғындарға өз өнімдерін саудалауға арнайы орын беріледі.
Мәншүк ауылында жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен игілікті істер жасалып жатқанына Ермек Маржықпаев оң бағасын берді. Мәселен, «Мәншүк-АЭ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Тимур Амангелдіұлы өз жұмысшыларына алты тұрғын үй салып беріпті. Енді, үстіміздегі жылдың қазан айында жаңа балабақша ашпақшы. Ауыл әкімі Ғани Исаевтың айтуынша, ауылда 70-ке жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Жақында серіктестіктің балабақшасы ашылса, бұл қажеттілік толық өтеледі. «BI Group Construction» холдингінің бақылау кеңесінің төрағасы, осы ауылдың тумасы Бауыржан Исабаевтың ауылға жұмысқа келген жас мамандарды бас-панамен қамтып отырғанын да айта кеткеніміз жөн.
Батыр атындағы ауылда мыңға жуық адам тұрады. Солардың көбісі «Мәншүк» серіктестігінде еңбек етіп, нәпақаларын тауып отыр. Серіктестік мал, егін шаруашылықтарымен айналысады. Қазіргі таңда шаруашылық диқандары барлық егіс алқабының 65 пайызын жинап үлгеріпті. Дәннің қамырлылығы 32-33 пайызды құрап отыр. Жарқайың, Есіл, Атбасар аудандарында бидайдың сапасына қатысты бірқатар проблемалар туындап отырғанын айтқан облыс әкімі диқандарға күннің жылы кезін пайдаланып, егінді ысырапсыз жинап алуды тапсырды.
Мәншүк Маметова ауылының №26 орта мектебінде болғанында білім ошағының жағдайына қанығып, ұстаздар қауымының хал-жағдайын сұрады.
–Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұғалімдердің жалақысын екі есе өсіруді тапсырғанын білесіздер. Бұл ұстаздар қауымының білім беру ісіндегі жауапкершілігін арттыра түседі. Оқушылармен жақсылап жұмыс істеңіздер. Саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеу сіздердің қолдарыңызда. Мектеп ғимаратын күрделі жөндеуге әзірге қажеттілік жоқ. Тек, терезелерді қалыпқа келтіріп, еденді жөндеуге, қабырғаларды сылауға болады. Облысымызда жағдайы ауыр мектептер бар. Солардың бірі осы ауданға қарасты үш ауысымда оқытатын №37 Шұбар негізгі мектебі, – дей келе, облыс әкімі мектеп ұжымына сәттілік тілеп, ұстаздар қауымымен естелік суретке түсті.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар