Ғылым таппай мақтанба

Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Жамандық көрсең нәфрәтлі,
Суытып көңіл тыйсаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлі,
Оны ойға жисаңыз.
Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз,
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Абай.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев:
«Адамзаттың Абайы» – деп ұлы ақынның артына аманат етіп қалдырған ұлағаттары әлем халықтарына ортақ екендігін баса айтқан болатын.

Ахмет Байтұрсынов:
Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ.

Міржақып Дулатұлы:
«Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухани сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар, «Бірінші ақынымыз» деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пенен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар…», – дегені бүгінгі таңда нағыз шындыққа айналып отыр.

Мұхтар Әуезов:
Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр.

Міржақып Дулатұлы:
Біз бүгін ардақты ақынымыз марқұм Абайдың рухына дұға қылып, қараңғы заманда шырақ жаққан басшымыздың есімі, құрметі, терең мағыналы асыл сөзі атадан балаға, немереден шөбереге үзілмей сақталуын тілейміз. Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндері Абай құрметі күннен-күнге артылар. Бірінші ақынымыз деп қадірін халқы жиі-жиі зиарат етер, халық-пенен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ, біздің рухымыз сезер, қуанар.

Мағжан Жұмабаев:
Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанның
Әлемнің құлағынан әні кетпес!
…Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,
Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.
Көз ашып, жұртын ояу болған сайын,
Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.

Міржақып Дулатұлы:
«Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттығы да сол. Бәлки, мұнан кейін Абайдан үздік ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғары, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай».

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар