Ислам – имандылық пен татулық діні

Ислам сөзі араб тілінде «амандық, тыныштық, бейбітшілік» деген ұғымды білдіреді. Мұсылмандар бір-бірімен амандасқан уақыттарында осы сөздерді пайдалана отырып амандық, тыныштық тілеп сәлемдеседі. Мұсылмандардың сәлемдесуінде айтылатын «ассаламуалейкум» сөзі «сендерге Алланың бейітшілігі мен тыныштығы болсын» деген мағынаны қамтиды. Демек, ислам амандық пен бейбітшілік діні деген сөз. Ислам бейбітшілік пен ынтымақты насихаттайды. Ислам бейбітшілікті уағыздайтын дін болса, мұсылман баласы сол бейбітшілікті өзінің сәлемі мен сөйлеуінде, басқалармен қарым-қатынасында, әрбір әрекетінде, іс жүзінде көрсетуші тұлға. Сондықтан, Құранда бейбітшілік мағынасын білдіретін «салам» сөзі көптеген аятта айтылуда.

Ислам соғысқа, жанжалдасуға және басқаларға тілімен де, ісімен де қастандық жасауға жол бермейді. Пайғамбарымыз жер бетіне мейірім үшін жіберілгені жайында Құран Кәрімде былай делінеді: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік». Демек шариғатымызда, соғысудан, қан төгуден қайтарылған. Дінімізде жазықсыз адамның өмірін қию үлкен күнә, ең ауыр қылмыстардың бірі болып саналады. Ислам террорға, зорлық-зомбылыққа, бейбіт жандарға күш қолдануға түбегейлі қарсы. Алла Тағала бұл турасында қасиетті Құран Кәрімде: «Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең…», – деген. Ал, адамзаттың асылы, ардақты Пайғамбарымыздың хадисінде «Мұсылман адам басқа адамдарға өзінің тілімен және қолымен зияны тимейтін адам», – делінген. Яғни, ислам діні жазықсыз адам өміріне, ар-намысына, біреудің мүлкіне қол сұғуға қатаң тиым салады. Дін атын жамылып, халық арасында бүлік шығару, қолға қару алып адам өлтіру – шариғатымызда үлкен күнә болып саналады. Әрбір адамның жаны, өмірі өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру баршаға аманат.
Жай уакытты былай қойғанда, соғыс кезінде де асыл дініміз шектен шығу әрекеттерге жол бермейді. Мысалы, соғыс уақытында әйелдерді, балаларды, қарт адамдарды, ешкімге зиян келтірмеген басқа дін өкілдерін өлтіруге қатаң тиым салады. Сонымен қатар, өсіп тұрған ағаштарды өртеуге, түйе, сиыр сияқты үй жануарларын өлтіруге, өзге дін өкілдерінің ғибадатханаларын қиратуға қатаң тиым салады. Пайғамбарымыз соғысқа аттанар алдында қолбасшыларына былай деп өсиет айтқан: «Алланың атымен жолға шығыңдар. Алла жолында күресіңдер. Соғысатын адамдармен араларыңда келісімдер бар болса, оны қадағалаңдар. Шектен шықпаңдар және соғыс кезінде өлтірген адамдарға мүсле (өлі денелерді тілгілеп, көздерін ойып, мұрындарын кесу т.с.с.) жасамаңдар. Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмендер».
Дінімізде адам баласына қоғамның тыныштығын бұзатын іс-әрекетпен айналысуға және адамдар арасында ірткі салып, бүлікпен айналысуға қатаң тиым салынған. Қасиетті Құран Кәрімде бұл туралы: «Бүлік шығару адам өлтіруден де ауыр», – делінген. Яғни, Алла Тағала бүлік шығарып, елдің тыныштығын қашыратын іс- әрекетпен айналысудың күнәсі адам өлтіруден де ауыр екенін қасиетті кітабында айтып жатыр. Пайғамбарымызда өзінің көптеген өсиеттерінде шариғатымызға кереғар болған, күнәсі ауыр мұндай амалдардан қайтарған.
Қорыта келгенде, ислам қоғамның бүкіл саласын дамытатын кешенді жүйе болғандықтан, соны жүзеге асырушы мұсылман кісі ешқашан шариғатқа кереғар болған әрекеттерге бармауы тиіс. Шынайы мұсылман Ұлы Жаратушының разылығы үшін бейбітшілік пен тыныштықты насихаттайтын, адамзаттың бәрін сүйетін, қоғам тыныштығы үшін атсалысатын, өзі өмір сүріп отырған қоғамда тұрақтылық пен келісім орнауына күш салатын, қашанда татулық пен бітімді жақтайтын тұлға. Сондықтан, шынайы мұсылман адам бейнесін лаңкес, бұзақылардан ажырата білуіміз керек.
Диас БАЙЖІГІТОВ,
Науан хазірет мешітінің наиб имамы, теолог.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар