Екі ел арасындағы ортақ мәселелердің дөңгелек үстелі

Достық үйінде «Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы: тәжірибесі, қазіргі кезеңі, перспективалары» атты тақырыппен халықаралық

дөңгелек үстел болып өтті. Ол Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының және Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының қолдауымен жүзеге асты.

Ал, шараның өзін Қазақстандағы Еуразиялық саясат институты, «Лад» республикалық славян қозғалысы» қоғамдық ұйымы мен Ресейдің «Урал-Евразия» сарапшылық клубы ұйымдастырды.
Биыл Қазақстан мен Ресей осы шекаралас екі елге де ортақ бірнеше айтулы оқиғаларды атап өтеді. Олар – тың және тыңайған жерлерді игерудің 65 жылдығы, Еуразияның интеграциялануының қажеттігі туралы Елбасы көтерген идеяның 25 жылдығы және Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісім-шарттың іске асырылуының 5 жылдығы. Биылғы жылдың 6-7 қарашасында көршілес Омбы облысында Ресей мен Қазақстанның аймақаралық ынтымақтастығының 16-ыншы форумы өтеді. Ал, Қазақстан жағынан мұндай форум келесі жылы Көкшетау қаласында өткізілгелі отыр. Міне, осындай маңызды мәселелерге арналған әрі ежелден тарихи-экономикалық байланысы тереңде жатқан көршілес екі елдің басқа да ортақ қарым-қатынасын қамтыған дөңгелек үстелді «Лад» республикалық славян қозғалысы» қоғамдық ұйымының төрағасы Максим Крамаренко ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы құттықтау сөз Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалым Шойкинге беріліп, онда екі ел арасындағы ынтымақты байланыс, біздің тарапымыздан осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар қамтылып өтті.
Осыдан кейін сөз алған Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марзият Тохаева негізінен, еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынастың оң тәжірибелеріне тоқталды. Осы тұста Максим Крамаренко Қазақстандағы Ресейдің Төтенше және өкілетті елшісі Вячеслав Володиннің дөңгелек үстелге қатысушыларға құттықтау хатын оқып берді. Онда Еуразия экономикалық одағының арқасында екі ел арасындағы тауар айналымы 17,6 миллиард долларға немесе 7,2 пайызға өскендігі, бүгінгі таңда Ресейдің 76 өлкесі мен облысы Қазақстанмен ынтымақтастық байланыс орнатқандығы айтылады. Осы қыркүйек айында Ресейде Қазақстан күндері өткен. Ал, алдағы уақытта Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларында Ресей күндері өтеді деп жоспарланып отыр.
Бұдан әрі «Қостанай медиа» холдингінің директоры Асқар Өмірзақовтың сөзі екі елдің шекаралас аймақтарында ақпараттық байланысты дамыту, соның ішінде екі мемлекетке де тікелей қатысы бар «Целина» жобасын іске асыруға арналса, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Әбілжан Құсайынов өз оқу орнының Түмен қаласындағы жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығының бүгінгі деңгейі мен келешегі туралы баяндады. Мұның барысында ғалым өзі айналысып келе жатқан экология тақырыбының екі елге ортақ мәселелеріне де назар аудармай қоймады.
Өз сөзін дәл осы проблемаға арнаған «Урал Евразия» сарапшылық клубының атқарушы директоры Константин Погорельский де шекаралас аймақтардың экологиясын жақсарту тұрғысында біраз ойлар айтып, әріптесінің сөзін қолдай сөйледі. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы журналистер клубы төрағасының орынбасары Нина Митчинова өз мамандығына сәйкес «Шекаралас облыстарда медиа кеңістікті қалыптастыру» тақырыбын таңдапты. Соның ішінде қонақтарға біздің облыстық газеттердегі «Ассамблея» беттерін таныстырып, осы бетке Омбы, Қорған облыс-тарымен материалдар алмасып тұру жөнінде ұсыныс білдірді.
Қорған облысынан келген аймақтық реурстық орталығының төрайымы Людмила Величева да әлеуметтік бағдардағы үкіметтік емес ұйымдарды қолдау жөнінде өз тәжірибелерімен бөлісті. Әрі өздерінің көмектерімен көптеген қорғандықтар Бурабай курорттық аймағында дем алатындығын айта келе, мұнда екі облыстың жастар форумын өткізу идеясын ұсынды. Дөңгелек үстел барысында сондай-ақ, Омбы мен Көкшетауда өтетін аймақаралық ынтымақтастық форумдарында экология мәселесінің де күн тәртібіне енгізілуі сөз болды. Бұл ұсыныстарға Ғалым Шойкин жауап беріп, қаржы жағы қарастырылған жағдайда мұндай жастар форумын дайындап, өткізуге болатынын мәлімдеді. Сонымен бірге, аймақаралық ынтымақтастық форумының тақырыбы әлі нақты белгіленбегенін, бірақ, бүгінгі ұсыныстарды жинақтап, оның күн тәртібіне ұсынып көруге болатынын алға тартты.
Сөз сөйлеушілердің соңы болып үкіметтік емес ұйымдар арқылы екі ел арасындағы әлеуметтік-мәдени байланыстарды кеңейтудің мүмкіндіктері мен жолдарына тоқталған Ақмола облысы азаматтық альянсының төрайымы Ирина Терентьева да біраз көңілге қонымды ойларын ортаға салды. Бұдан кейін дөңгелек үстелге қатысушылар пікір алмасты. Көршілес Солтүстік Қазақстан облысынан келген «Қазақстанның жас депутаттар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Видченко өздері Омбы облысымен өткізген телекөпірді екі елдің бүгін де өзара ынтымақтастық байланысқа ұмтылуының бір мысалы ретінде қарастыра келіп, осындай шараны ақмолалықтардың да өткізе алатынына сенім білдірді.
Дөңгелек үстелде әркімді ойлантатын жақсы бір ойды Ақмола облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы, жазушы-аудармашы Ғосман Төлеғұлұлы айтты. Ол алдағы уақытта Қазақстанда ұлы Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Алтын Орданың 750 жылдығы кеңінен аталып өтілетінін еске сала келе, осы айтулы оқиғаларды Ресей жерінде, әсіресе, қазақ диас-
поралары көп шоғырланған Омбы, Қорған, Түмен, Астрахан, Саратов сияқты облыстарда да насихаттап, елге білгізе түсудің артық болмайтынын жеткізді. Біз болсақ, бұл тілек ресейлік қонақтар жағынан құп алынғанын аңғардық.
Осымен тамыры тереңде жатқан екі ел арасындағы баянды қарым-қатынастың айғағындай, өзара түсіністікпен әрі құрметпен өткен дөңгелек үстел арнайы тұжырымдама қабылдаумен өз мәресіне жетті.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар