Аға ұрпақты аялау – парызымыз

Қоғам үшін бүгінгі таңдағы маңызды мерекелердің бірі – Халықаралық қарттар күні. Бұл күнді бұдан 29 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы белгілеген болатын, содан кейін оны жыл сайын дүние жүзінің барлық мемлекеттерінде атап өту дәстүрге айналды. Ал, біздің елімізде бұл мереке бір айға созылады. Қазан айын тұтас Қарттар айлығына айналдыруға кезінде біздің облыс бастамашы болғаны, содан соң осынау үрдісті республиканың барлық аймақтары қолдағаны туралы бұрындары да айтқанбыз. Міне, биыл да осы үрдіс одан әрі жалғастырылуда.

Мұның ресми негізі – таяуда Ақмола облысының әкімі Е.Б.Маржықпаев қабылдаған «Ақмола облысында қарт адамдар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығын өткізу туралы» №А-9/436 қаулы және соған сәйкес бекітілген іс-шаралар жоспары. Аудан, қала әкімдері де осындай тиісті шешімдер қабылдады.
Бүгінгі таңда облыстық ардагерлер ұйымының құрамында 111 мыңнан астам зейнеткерлерді біріктіретін 849 бастауыш ардагерлер ұйымы, 2 қалалық және 17 аудандық ардагерлер кеңесі, 43 Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер, бір мыңға тарта соғысқа қатысушыларға теңестірілгендер, 4845 тыл еңбеккерлері, 900-дей Ауған соғысына қатысқандар, 60 Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысушылар бар.
Ардагерлер ұйымдарының жұмысы жүйелі, жоспарлы түрде жүргізілетінін, олар жергілікті атқарушы органдардың ұдайы назарында екенін атап өту керек. Әсіресе, ардагерлер қауымына деген облыс басшылығының қамқорлығы мен көмегі ерекше. Мәселен, былтыр айлық шеңберінде облыс бойынша қарттар мен мүгедектерге жалпы көлемі 469,345 миллион теңгенің материалдық қолдауы көрсетілді, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 22,5 миллион теңгеге артық
Ардагерлер ұйымдарының белсенділері жыл бойы 3644 аға ұрпақ өкілдерінің тұрмыс жағдайын зерделеді, 1053 зейнеткер санаторийлер мен демалыс үйлерінде денсаулықтарын түзеді, курорттық емдеу алғандардың ішінде әсіресе, Көкшетау қаласынан, Зеренді және Целиноград аудандарынан барғандар көп болды. Қарттарға отын, дәрі-дәрмек, азық-түлік жиынтығын алуға, тіс салдыруға, үй-жайын жөндеуге, жол жүруге, басқа да мәселелерге тиісті қаражат бөлінді. Көкшетау қаласының, бірқатар аудандардың сауда нүктелерінде халықтың тұрмысы төмен топтары үшін арнайы әлеуметтік сөрелер ашылып, жұмыс істейді. Целиноград, Ерейментау, Ақкөл аудандарында, Степногорск қаласының кенттерінде тұрмыс деңгейі төмен отбасылары арзан бағалы отынмен қамтамасыз етіледі. Ардагерлерге көмек көрсету мақсатында ұдайы елеулі қаражат бөліп отыратындардың қатарында біз ылғи Көкшетаудағы «Тыныс», «Алтынтау-Көкшетау», «Көкшетау Жылу» кәсіпорындарын, Степногорск подшипник зауытын, «Еңбек» (Ақкөл ауданы), «Родина» агрофирмасы» (Целиноград ауданы), «Заречное» (Есіл ауданы), «Нива» (Шортанды ауданы), «Ижевское» (Аршалы ауданы) сияқты өндіріс ұжымдарын қанағаттанғандық сезіммен ауызға аламыз. Және де мұндайлардың қатары жыл сайын көбейіп келе жатқаны қуантады.
Әдетте Қарттар айлығының басты девизі – «Ешкім де назардан тыс қалмайды». Сол себепті осы күндері өтетін қандай да шара болмасын, жасы ұлғайған адамдар барынша қамтылады. Мысалы, былтыр облыстағы ардагерлер ұйымдары 1702 іс-шара, 217 «дөңгелек үстел» отырысын, 723 концерт өткізді, 32 мыңнан аса дастархан жайды, 18 мыңдай азық-түлік пакетін табыс етті, 1383 зейнеткерге газет-журналдар жаздырды.
Аудандық ардагерлер кеңестері жергілікті атқару органдарына сүйене отырып, қарттар мен мүгедектердің мұқтаждықтарын қанағаттандырумен тек айлық кезінде ғана емес, жыл бойы айналысады. Ақкөл, Целиноград, Есіл, Сандықтау аудандарында кәсіпорындар есебінен ұйымдастырылған әлеуметтік үйлер жүйелі жұмыс істеп келеді, олардың қатары басқа аудандарда да жылдан-жылға толығуда.
Барлық меншік түріндегі еңбек ұжымдарында, мекемелер мен ұйымдарда зейнетке шыққан егде адамдармен кездесулер өткізу игі дәстүрге айналған. Сол күндері оларға нағыз мейрам ұйымдастырылып, ардагерлер мен мүгедектерге құрмет көрсету концерттік бағдарламалармен, түрлі қайырымдылық акцияларымен қатар жүргізіледі. Шаруашылықтар мерекелік дастархандарын жайып, азық-түлік жиынтықтарын үлестіреді. Егде адамдарға отын, көмір, дәрі-дәрмек алуға, пәтерлерін жөндеуге ақшадай көмек көрсетіліп, тұрмыста қажет заттар мен киім-кешектер табыс етіледі. Тауар өндірушілердің белсенді қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің арзандатылған жәрмеңкелері өткізіледі. Зейнетақысы төмендерге, мүгедектерге бір реттік ақшалай жәрдем көрсетіледі.
Айлық кезінде тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелердің, аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің, бастауыш ардагерлер ұйымдарының белсенділігі ерекше артатыны белгілі. Өйткені, басты мақсат – аға ұрпақ өкілдерін әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыдан қорғау, олардың өмірлік белсенділігін арттыру. Бұл мәселеге облыс әкімінің қаулысында да баса назар аударылған. Мәселен, ай бойы зейнеткерлер мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау бойынша арнайы «Қамқорлық» акциясы өтпек. Бұл іске «Жас Отанның», жалпы жастар қозғалыстарының белсенділері де қатысып, қарт адамдарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету бойынша көптеген іс-шаралар жоспарлап отыр. Медицина мекемелерінде жасы ұлғайғандар үшін Ашық есік күндері ұйымдастырылады. Шахматтан, дойбыдан, бильярдтан жарыстар өткізілмек.
Ендігі бір маңызды шара – облыс ардагерлері көркемөнерпаздарының Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Әр берген бұл өмірге ән менен жыр» атты байқауы. Қыркүйек айында 4 аудан орталығында бүкіл аудандар мен қалалардың өңірлік сынақтары өтті, оған өнер сүйер аға ұрпақ өкілдері аса белсенділікпен қатысып, шеберліктерін сарапқа салды. Енді қазан айының соңында, қарттар айлығының мәресіне орайластырып жүзден жүйрік шыққандардың қорытынды концертін өткізбекпіз.
Облыстық ардагерлер кеңесі өз жұмысының негізгі мазмұны болып табылатын аға буын өкілдерін әлеуметтік қорғау, тұрақты моральдық және материалдық қолдаумен қатар, елде жүріп жатқан қоғамдық-саяси оқиғалардан, мәселелерден де тыс қалмайды. Мәселен, наурыз айында біз биылғы «Жастар жылын» өткізу жөніндегі облыстық ардагерлер ұйымдарының міндеттері туралы арнайы пленум өткізіп, тиісті шешімдер қабылдадық. Мамыр айында Степногорск қалалық кеңесінің зейнеткерлерді есепке алуды және оларды бастауыш ұйымдарға бекітуді жетілдіру жөніндегі тәжірибесі туралы президиумның көшпелі отырысын өткіздік. Сол сияқты, тамыз айында облыстағы әлеуметтік үйлердің ахуалы, оларда тұратын ардагерлердің жағдайын жақсарту жөніндегі аудандық кеңестер мен жергілікті әкімдіктердің бірлескен жұмысын жетілдіру туралы мәселе қаралып, бұл да бір ортақ іске қосылған маңызды шара болды. Астрахан ауданында аудандық, қалалық ардагерлер кеңестері төрағаларымен «Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы қағидаттарды жүзеге асыру жөніндегі облыстағы ардагерлер ұйымдарының міндеттері» атты көшпелі семинардың біздің жұмысымызды жаңа белеске көтеруде рөлі зор болды.
Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналып өткізілген облыстық шахмат-дойбы, бильярд турнирлері зейнет жасындағылардың белсенділігін арттыруға, олардың өмірлік позициясын нығайтуға үлкен септігін тигізді деуге болады. Өйткені, ардагерлер бірлестіктерінің парызы – аға ұрпақ өкілдерінің өмірін, жауынгерлік және еңбек жолдарын өскелең ұрпаққа нағыз үлгі ету үшін қолдан келгеннің бәрін жүзеге асыру.
Биылғы жылдың маңызды оқиғаларының бірі – жаңа сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйекте барша қазақстандықтарға Үндеу жариялауы. Аталмыш құжат бүкіл қоғамды дүр сілкіндіріп, жалпы елдің ілгерілеу бағдарын айқындап берді, онда терең, халық көңілінен шыққан келелі ойлар айтылды.
Жолдауда айтылған дүниелердің жүрегіміздің түкпірінен орын алғанын қанағаттанғандық сезіммен айтқымыз келеді. Солардың ішінде әсіресе, қазақ тілін табанды түрде одан әрі дамыту, оның мемлекеттік дәрежесін шынайы қамтамасыз етуді енді созбайлауға болмайтындығы туралы тұжырым жанға өте-мөте жайлы тиді. Алдағы жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абайдың 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз, Алтын Орданың 750 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы да айтарлықтай оқиғалар санатында. Сондай-ақ, ең маңызды мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. «Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады деп сенемін», – деді Қ.Тоқаев. Алаш жұрты осынау күрделі де абыройлы міндеттер үрдісінен шығары хақ.
Президент Жолдауында көрсетілген идеялар мен қағидаттарды іске асыру мәселесі қоғамның барлық салаларына, оның ішінде ардагерлер бірлестіктеріне де зор жауапкершілік жүктейді, біздің белсенділігімізді, жұмысымыздың нәтижелілігін барынша арттыруға міндеттейді. Яғни, біз бұл іске өз тарапымыздан шама-шарқымызша үлес қосуға, қоғам сұраныстарына тек пайдалы ақыл-кеңестерімізбен, ұсыныстарымызбен ғана емес, мүмкіндігінше нақты істерімізбен жауап беруге тиіспіз.
Өткен аптада ардагерлердің Орталық Кеңесі Қарттар күніне орай Үндеу жариялады. Онда мынадай жолдар бар: «Халықаралық қарттар күніне орай Республикалық ардагерлер ұйымы «Қарттарым – асыл қазынам» атты қайырымдылық акциясына шақырады…
Үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі қазақ халқының ежелден келе жатқан ата салты. Өмір жолын еліміздің гүлденуі мен дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету – бүгінгі жас буынның басты парызы. Осы бағытта көмекке мұқтаж қарттарымызды ел болып қамқорлыққа алайық. Қарттарға қоғам болып қолдау білдірейік. Жұмыла қимылдап, елдігімізді көрсетіп, ардагерлерімізді ардақтауға атсалысайық!
Қадірлі отандастар! Баршаңызды 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай өз өңірлеріңіздегі ардагерлер ұйымдарымен байланыс жасап, қамқорлыққа зәру қарияларға көмек беруге, қайырымдылық жасауға шақырамыз».
Демек, жергілікті жерлерде зейнеткерлерге әлеуметтік, волонтерлік көмекті барынша күшейту, оларға тиісті күтім ұйымдастыру, үй-жайларын ретке келтіру, қысқа дайындық жасау сияқты мәселелерді толық шешу қажет. Жасы ұлғайған адамдарға ең керегі – ардагерлер ұйымы мен билік органдары тарапынан айтылатын жылы сөз, олардың еңбектерін қоғамның мойындауы, сыйластық көзқарас, сенімді қарым-қатынас. Сондықтан, алдағы айлық аясында осы мәселелерге басты назар аударған абзал. Ардагерлер ұйымдары, біздің барлық белсенділеріміз осынау жауапты кезеңді ойдағыдай өткізуге күш-жігерлерін салады, қарттарға нақты моральдық және материалдық көмек пен қолдау көрсетеді деп сенеміз.
Барша аға буын өкілдеріне мықты денсаулық, шат тұрмыс, ұрпақтарының қызығын көре беруді тілейміз.
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар