Досжан Әміров, Ақмола облыстық сотының төрағасы: «Ауыр қылмыстарға қатысты жазаны қатаңдату – уақыт талабы»

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылдың 2 қыркүйегіндегі халыққа арнаған Жолдауында еліміздің болашақ дамуы үшін маңызды біраз мәселелер көтерілген болатын. Оның ішінде сот саласының қызметіне де қатысты жайлар бар. Осы орайда, Ақмола облыстық сотының төрағасы Дос-жан Әміров Жолдауда көтерілген міндеттерге байланысты өз ой-пікірімен бөліседі.

– Жолдауда Мемлекет басшысы азаматтардың конституциялық құқығын қорғауды қамтамасыз ету, бірқатар белең алған қауіпті қылмыстарға қатысты жазаны қатаңдату жайында айтқан еді. Осы мәселеге қатысты не айтасыз?
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстанның тұрақтылығы мен одан әрі өркендеуі жайлы айта отырып, стратегиялық құжатта 5 бағытты айқындап берді. Атап айтқанда: заман талабына сай тиімді мемлекет, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі, қуатты өңірлер – қуатты ел. Жолдаудың негізгі алға қойған тапсырмалары – бұл халықпен тиімді кері байланыс орнату, митингтер туралы заңнаманы жетілдіру, қоғамдық келісімді нығайту. Сот саласының алдында тұрған міндеттерге келетін болсам, Жолдауда азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сот шешімдерінің сапасын арттыру, әкімшілік әділет құрылымын енгізу, ауыр қылмыстарға қатысты жазаны қатаңдату, оның ішінде, жыныстық зорлық-зомбылық, есірткі, адам саудасы, браконьерлік қылмыстар жайлы айта отырып, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күрес жүргізу тапсырылды.
Мемлекет басшысының Жолдауда алдымызға қойып отырған міндеттерін орындауға жұмыла күш салып, алдағы уақытта белгіленген тапсырмаларды орындау – жұмысымыздың басты бағдары болады.
Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында «Біз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тәжірибесінен бас тарттық. Алайда, елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр. Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын. Соңғы уақытта болған қайғылы оқиғалар ұйымдасқан қылмыстың тағы бір түрі – браконьерлік проблемасының бетпердесін ашты» – деген болатын.
Жолдауда көрсетілген осы мәселелердің бәрі де судьялардың өз жұмысына жаңаша қарап, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерге назар аударуларын талап етеді. Құқықтық демократиялық зайырлы қоғам орнату жолына түскен Қазақстан әлемнің дамыған елдеріндегі сияқты қылмысты ізгілендіруді жедел қолға алып, оған көп көңіл бөле бастады. Осыған орай, Президент айтқандай, біз бүгінде белең алып бара жатқан бірқатар ауыр қылмыстарды да ізгілендіру тобына жатқызып, жазаны тым жұмсартып алдық. Соның салдарынан зорлық зомбылық, педофилия, тұрмыстық зорлық-зомбылық, есірткі тарату сияқты қылмыстардың саны артуда. Осы аталған қылмыстарға қарсы жазаны қатаңдату арқылы бүгінде қоғамымызға қатер төндіріп отырған бұндай қылмыстардың жолын кесуге болады.
– Жолдауда айтылған дәрежедегі қылмыс түрлеріне қатысты облыс соттары қараған істер туралы айтып кетсеңіз.
– 2018 жылы жеке адамға қатысты құқық бұзушылық қылмыс бойынша жалпы көлемі 302 іс қаралса, биылғы жылдың басынан бергі өткен уақыт ішінде 263 азаматқа қатысты 239 қылмыстық іс қаралды. Бұл қаралған барлық қылмыстық істердің 23,4 пайызы. Жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты өткен жылы 26 қылмыстық іс қаралған болса, биылғы жылдың 8 айында 32 тұлғаға қатысты 28 іс қаралды. Бұл қылмыс түрі сот қараған жалпы қылмыстық істердің 2,7 пайызын құрап отыр.
Браконьерлік қылмыстар бойынша 2018 жылы 13 адамға қатысты 13 қылмыстық іс қаралған болса, биыл 6 адамға қатысты 6 қылмыстық іс қаралды. Жалпы қаралған істерге шаққанда оның үлесі 0,6 пайызды құрайды.
– Осы дәрежедегі қылмыстық істерге қатысты жаза тағайындау жайында не айтасыз?
– Жоғарыда айтып кеткен облыс соттарымен қаралған істер бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындау тәжірибесіне келетін болсақ, сотталған тұлғалардың 2018 жылы 25 пайызы, ал 2019 жылдың 8 айында 25,9 пайызы бас бостандығынан айырылды. Жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс бойынша – 2018 жылы сотталған 20 тұлғаның 14-іне қатысты бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған, пайызға шаққанда ол 70 пайызды құрайды.
Ал, 2019 жылдың 8 айында осы бап бойынша жазаға тартылған 23 адамның 8-і бас бостандығынан айырылған. Бұл 34,8 пайызды құрап отыр.
2019 жылы бас бостандығынан айыру жазасының 2018 жылмен салыстырғанда аз тағайындалу себебі, қаралған қылмыстық істердің ішінде аса ауыр санаттағы қылмыстар бойынша 3 тұлғаға, орташа ауыр қылмыстар бойынша 6 тұлғаға қатысты қылмыстық істер артық қаралып, аталған санаттар бойынша жаза айрықша жағдайларда және жәбірленушінің ол туралы пікірін ескере отырып бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалады.
Браконьерлік қылмыстық істер бойынша 2018 жылы 5 тұлғаға, ал, 2019 жылдың 8 айында 3 тұлғаға қатысты істер қаралып, оларға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмаған.
Браконьерлік қылмыстық құқық бұзушылық саласындағы ауырлығы орташа қылмыстық теріс қылықтар мен қылмыстар бойынша Қазақстан Респуб-ликасы Қылмыстық кодексінің 55-бабына сәйкес бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалмайды.
Осыған байланысты аталған құқық бұзушылықтар үшін санкцияны ауыр және аса ауыр қылмыстардың санатына енгізу қажет деп санаймыз.
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес қасақана ауыр және аса ауыр қылмыстардың жеке түрлері үшін жауапкершілікті күшейту бойынша өзгерістер енгізілуде. Мәселен, біріншіден, жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағаны үшін, зорлық-зомбылық пен сексуалды сипаттағы әрекеттер жасағаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Енді бұл қылмыстар айыпты ауырлататын жағдайлар болмаса да, аса ауыр қылмыстар санатына жататын болады. Балаларға қатысты жасалған сексуалды сипаттағы барлық зорлық-зомбылық әрекеттер үшін жаза қатаңдайды.
Сонымен бірге, соңғы жылдары белең ала бастаған тұрмыстағы әйелдерге қарсы зомбылық қылмысқа қатысты жаза да жұмсақ. Арақ ішіп алып отбасының шырқын, одан қалды көрші-қолаңның тыныштығын бұзатын бұзақыларға әрі кеткенде айыппұл немесе бірнеше тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жазалар қолданылып келеді. Осыны білетін бұзақылар айылын жимай, ойларына келгенді істейді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап көрсеткен дәрежедегі қылмыстарға қатысты жазаны қатаңдату бірер күнде шешіле салатын шаруа емес, Парламент тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, ол күшіне енгенше біраз уақыт өтеді. Дегенмен де, ең бастысы сең қозғалып, бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынды. Судьялардың міндеті, Мемлекет басшысы алға қойған тапсырмаларды орындауға күш жұмылдырып, осы бағыттағы жұмыстарға ерекше назар аудару қажет. Таяуда ғана Жолдауды талқылауға арналған облыс судьяларымен алқалы жиын өткізіп, алға қойған міндеттер туралы жан-жақты айтып, түсіндірдік.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жазып алған
Қалкөз ЖҮСІП.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар