3 миллион 863 мың 700 тонна астық жиналды

Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша бүгінгі күнге дейін 4 миллион 379 мың 600 гектардың немесе барлық егістік алқабының 85,6 пайыз
астығы жиналып, қамбаға 3 миллион 863 мың 700 тонна астық, 514,4 мың тонна тұқым құйылды. Орташа гектар түсімі 10,3 центнерден айналуда.

Өңір диқандары қазан айының ашық күндерін тиімді пайдаланып, астықты толық жинап алуға бел буып отыр. Ол үшін барлық мүмкіндік жасалған. Қазір қырмандарға түскен астық кептіріліп, өңделіп жатыр. Бүгінгі күні жұмысты жақсы ұйымдастыра білген Атбасар, Жақсы, Жарқайың, Зеренді аудандары диқандарының қимылы ширақ. Олар барлық егіс алқабының 90-92 пайызын бастырып, 1 миллион 511 мың тонна астық, қажетті тұқым жинап үлгерді. Бұл өңірлердің диқандары күніне 17-20 мың гектар алқаптың егінін орып, 10-18 мың тонна астық бастыруда. Мәселен, Атбасар ауданындағы «Шыңғыс-1», «Сепе-2012», «Әріп Агро» серіктестіктері, Зеренді ауданындағы «Наролл», «Ақтас», «Жігер-А», «Жылы-төбе», «Қазкан Агротехсервис» серіктестіктері астықты толық жинап алды.
Аталмыш аудандардан барлық егіс алқабының 84-88 пайызын жинап алған Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Біржан сал, Бұланды, Бурабай, Есіл, Қорғалжын, Сандықтау, Шортанды өңірлерінің диқандары қалысар емес. Бұл аудандар 1 миллион 831 мың тонна астық бастырды. Астықтың шығымдылығына келер болсақ, 3еренді, Сандықтау, Бурабай аудандары егіннің әр гектарынан 14-15 центнерден, Біржан сал, Бұланды, Жақсы өңірлері 12,5 центнерден, Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Атбасар аудандары 10,7 центнерден өнім алуда. Ал, Егіндікөл, Ерейментау, Есіл, Жарқайың, Қорғалжын, Целиноград, Шортанды өңірлерінде гектар берекесі 6-9 центнерден айналуда.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар