Қазақ білсін!

Тұрмыс-салт дәстүрлері

Асар жасау. Үй салу, қой қырқу, тай таңбалау, киіз басу, егін ору, шөп шабу тәрізді қауырт жұмыстарды көптің күш-қайратымен, көмегімен тез атқару үшін ру басының, үй иесінің ауылдастарын, туған-тустарын шақырып, бірлесе қимылдауын «асар жасау» деп атайды. Оның басқа бір атауы – «үме», «серне». Үй иесі жәрдемдесуге келгендерге тамақ дайындап, сый-құрметін көрсетеді. Асарға келгендер атқарған жұмысына, көмегіне ақы алмайды.

Аунату. Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос-жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхтар Әуезов келгенде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып-аунатып алған көрінеді.

Ауыз тию. Алыс сапарға аттанарда сол адам ауылындағы немесе әулетіндегі үлкен үйге кіріп дәм татып, жолға шыққан. Сонда ол «осы қара шаңырақтың киесі қолдайды» деп сенген. Отбасы тамақтанып отырғанда дастарқан үстіне келген адам ондағы дәмнен ауыз тиюге тиіс. Әсіресе, таңғы астан ауыз тимеуге болмайды. Астан ауыз тию – үй иелерінің қонаққа, қонақтың дастарқандағы асқа деген ыстық-ықыласының бір белгісі болып саналады.

Байғазы беру. Үлкеннің кішіге, яғни, балаға беретін сыйы. Жас ұл-қыз, бойжеткен, бозбала жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда аға, апа, ата-әжесінен, туған-туыстарынан оған байғазы сұрайды. Олар байғазыға ақша, мал, мүлік, әйтеуір бір зат беріп, құтты болсын айтады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар