Оқушылары шетелге таныла бастаған

Щучинск қаласындағы №9 мектеп-гимназиясы – облысымыздың «Үздік орта білім беру мекемесі» атанды

Қазіргі таңда Қазақстанда білім беру үрдісінің өзіндік ұлттық үлгісі орнығып, жаңа мазмұндағы оқыту жүйесі қалыптасуда. Дүниежүзілік білім әлеміне кіру мақсаты көзделіп, әрбір ғылым саласында нақты өзгерістер енгізілуде. Мұндай түрлі бағыттағы өзгерістер білім беру жүйесінің даму бағыттарын нақтылап, оны тың арнаға, жаңа сапаға қарай дамыту қажеттілігін міндеттейді.

Елу жылдық тарихы бар, еліміздің білім саласына зор үлес қосып келе жатқан Бурабай ауданы Щучинск қаласындағы №9 мектеп-гимназиясы бүгінде мыңдаған шәкіртке сапалы білім, саналы тәрбие берген киелі қара шаңырақ. Мектеп және мектеп жанындағы ауыл балаларына арналған интернат оқу-тәрбие үрдісінде балаларға ұлттық тәрбиенің асыл қазыналарын үйретуді көздейді.
Қазіргі таңда бұл білім ордасында 592 бала тәрбиленуде. Ұжымда 44 жаңашыл ұстаз еңбек етеді. Аталмыш білім ұясында заман талабына сай Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын қамтитын «Мәңгілік ел идеясы мектепте» танымдық жобасы аясында көптеген игілікті іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осының нәтижесінде ұжым оқу-тәрбие үрдісінде жақсы жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Толағай табыстардың бірегейіне тоқталатын болсақ, «Отандық өнім, ұлттық бренд» бағыты бойынша мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушылары Әділ Шабденов пен Бауыржан Кабдуллин «Бие сүтінен жасалған шипалы балмұздақ» атты зерттеу жұмысының нәтижесінде «Балсаумал» деп аталатын отандық өнім ойлап тапты. Бұл үлкен жаңалыққа айналды.
Сонымен қатар, 9-сынып оқушыларының Айнұр Хасенова мен Жасмин Бөлекбай және 11-сынып оқушысы Аққу Жүкебайдың «Отандық өнім – құртжидек» жобасы, 8-сынып оқушысы Әйгерім Оразмаханбет «Сиыр сүтінен алынған сары судың бет күтіміндегі пайдасы» атты жобалары зор жетістіктерге ие болды. Тіпті «Балсаумалдың» дәм тату үрдісі 2018 жылы Франция мемлекетінде, Париж қаласында Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан Галиевтің ұйымдастыруымен «Наурыз мерекесі – Парижде» деп аталатын іс-шарада өткізілді. Сонымен қатар, Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында өткен «Жас ғалым» халықаралық конкурсында оқушыларымыз 2018 жылы І-ші орынға, 2019 жылы ІІ-ші орынға ие болды. Ал, Алматы қаласында өткен «Атадан мұра» республикалық конкурсында Бас жүлдеге ие болды. Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында өткен жас зерттеушілердің ғылыми-практикалық конференциясында 9 оқушы да жүлделі І-ші орынмен марапатталды. Жыл сайын пән олимпиадасында мектеп оқушылары республикалық кезеңнің жеңімпазы атанып жүр.
Мектеп-гимназиясының Асқар Несіпбай есімді оқушысы республикалық пән олимпиадасының екі жыл қатарынан ІІ-ші орын жүлдегері атанды. Бүгінде мектептен түлеп ұшқан түлектер ҰБТ-дан жоғары балл жинап, еліміздің көптеген жоғары оқу орындарына грантпен оқуға түсуде.
Жастарды мектеп қабырғасынан кәсіпкерлікке баулуда «Жас кәсіпкер» бағытындағы нәтижелі жұмыстар өз жемісін беруде. Қыз тәрбиесіне арналған «Іскер қыздар –
жаңа заман талабы» бағыты қыздарды ептілікке үйретуде. «Smart серіктестік» үш буын мұғалімдерінің бірлескен әрекеті оқу-тәрбие үрдісіндегі инновациялық жоба. Ұлттық құндылықтарды жинақтауға, сақтауға, дәріптеуге арналған «Алтын қор» жобасы, «Арыстандай айбатты жас жауынгер» бағыты бойынша да оқушылар республикалық конкурстың жүлдегері. Дарынды оқушының бағын ашып, жол көрсетіп келетін мектептің білімді, білікті, көшбасшы ұстаздарын айтпай кету ағаттық болар. Бар білімін, күш-жігерін, еңбегін аямай, адал қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі мұғалімдеріміз Балдықыз Сапарбекова, Ләззат Төлтаева, Гүлайым Қалмағанбетова, Жанар Қуандық, Айман Әбдірахманова, Гүлжайна Нұрғожина, Бибігүл Сердалина, Аманғайша Оразалина, Жанболат Шайменов, Гүлзинат Нұрмаханова, Айжан Нұрышева, Ләззат Қасенова, Гүлнәр Уәлиева, Гүлмира Мырзагельдинаның еңбегі зор. Мектепте ер мұғалімдердің еңбек етуі бала тәрбиесіне көп ықпалын тигізері анық. Мектепте өз ісінің майталманы, жас та болса алғыр, білікті ер мұғалімдер жұмыс істейді. Бірі оқушыларды зерттеу жұмысына және пән олимиадасына баулыса, екіншісі кәсіби конкурстарда топ жаруына себепші болған. Атап айтсақ, «Үздік жас маман» республикалық конкурсының ІІ-ші орын иегері Жұмабек Оразақын, «Үздік педагог» облыстық конкурсының ІІ-ші орын иегері Сайран Сердалин, «Үздік жас маман» облыстық конкурсының дипломанты Бекмұрат Әлмеш, «Педагогикалық үміт» аудандық конкурсының бас жүлдесін жеңіп алған Бағдәулет Бекшораев, жас тілші Асұлан Асқарұлын мақтанышпен айтамыз.
Қазіргі таңда мектептің ғылыми-әдістемелік бағыты қарқынды дамып келеді. Мектеп ұжымы елімізге танымал ғалымдармен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен тығыз байланыс орнатқан. Осы орайда, білім ордасының биік белестерден көрінуіне бірден-бір себепкер, мектеп директоры, білікті басшы Бибігүл Көшекованың еңбегін ерекше атап өткіміз келеді. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аталмыш білім ордасы «Үздік орта білім беру мекемесі» атанып, 24 313 600 грантқа ие болды. Бұл ұлағатты ұстаздар мен оқушылардың жетістігі, ата-аналардың қолдауы, жұмыла істеген жұмыстың нәтижесі, еселі еңбектің жемісі деп білеміз.
Ұлттық рухтың туын тіккен қара шаңырақ, №9 мектеп-гимназиясында жасалған әр шараның астарында ұлтына, Отанына деген сүйіспеншілігі бар бәсекеге қабілетті ұрпақтың өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Әсия ҚОСЫБАЕВА,
Бурабай аудандық әдістемелік кабинетінің меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар