Шәкірттерін елжандылыққа баулыған

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Баланы ұлша тәрбиелесең ұл болады, құлша тәрбиелесең құл болады» деген екен. Мамандардың айтуынша, соңғы кезде болмысы болбыр, қимылы сылбыр, жасық, ынжық ұлдар көбейіп кеткен. Мұны мектептерде ер мұғалімдердің жетіспеушілігімен байланыстырады психологтар. Алайда, осындайда өзінің өнегесімен көпке үлгі болып жүрген ұстаздар да жоқ емес. Солардың қатарына Бұланды ауданы Макинск қаласының Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейінде алғашқы әскери дайындық жетекшісі болып еңбек етіп жүрген Қуандық Ысқақовты қоссақ әбден лайық.

«Ұлттық рухы мықты, елжанды ұрпақ тәрбиелеу – басты мақсатым», – деп бастады әңгімесін мұғалім. – Мен ынтымағы мен бірлігі жарасқан Бұланды ауданына қарасты Жаңаталап ауылының тумасымын. 1996 жылы Даниловка орта мектебінің 9 сыныбын аяқтаған соң, ауылдағы әке-шешеме салмақ артпайын деген ниетпен алдымен кәсіп үйренуді мақсат қылдым. Сол себепті, Ақкөл қаласындағы ПТЛ-10 оқу орнында электр дәнекерлеуші мамандығын игердім. 2000 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарына азаматтық борышымды өтеуге шақырылдым. Осылай Алматы облысы, Іле ауданы, Қапшағай қаласындағы №32363 әуе десант бригадасында әскери борышымды абыроймен өтеп келдім. Елге оралған соң, Көкшетау қаласындағы «Көкше» академиясының дене шынықтыру және спорт факультетіне оқуға түсіп, өзім қалаған мамандық иесі атандым. 2004 жылы Боярка ауылында дене шынықтыру мұғалімі болып жұмыс істедім. Кейін аудан орталығы Макинск қаласындағы Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейіне жұмысқа орналасып, міне, содан бері осы білім ордасында алғашқы әскери дайындық ұйымдастырушысы болып қызмет атқарып келемін. Оқушылардың алғашқы әскери дайындық пәніне деген қызығушылығын ояту үшін, педагогикалық технологиялар бойынша әртүрлі әдістерді пайдалана отырып сабақ өткіземін. Сабақ барысында теориялық білімді практикалық тәжірибемен ұштастырып өткізу маңызды. Оқушының ұлттық рухта тәрбиеленуіне алғашқы әскери дайындық пәні арқылы берілетін білім мазмұнының қазіргі жаһандану заманында алатын орны ерекше, – дейді Қуандық Қайроллаұлы.
Расында да, жастайынан бойға сіңген тәрбие болашақта өз жемісін берері анық. Қазақ халқында «Жастай берген тәрбие жас қайыңды игенмен бірдей» деген сөз бар. Желкілдеп өсіп келе жатқан көкөрім жастың бойына сіңірер тәрбие ғұмырлық азық болары анық. Одан соң өз алдына арна тапқан ағысты өзгерту оңай болмайтыны рас. Оң-солын жаңа танып келе жатқан жас ұландар әке деген асқар таудың айбарын, биік беделін білсе ғана көкірегінде ер адам туралы өзгеше таным қалыптасады. Тағдырдың жазуымен жалғыз ананың тәрбиесінде өсіп келе жатқан балаларға мүлде қиын. Өйткені, отбасы ошақ қасындағы тәрбие нәзік жанды әйелдің пайымымен, ұстанымымен, өмірге деген көзқарасымен беріледі де, жасөспірім жартылай ғана тәлім алатыны өмір шындығы.
– Мектептерде ер мұғалімдердің саны неге аз деген мәселенің туындауына ең алдымен ең басты себеп болған мәселе мұғалімдердің табысының аздығы. Отағасы үйге мардымсыз табыс әкелсе, отбасын кім асырайды? Бұған қоса мұғалімнің қосалқы жұмыстары да мөлшерсіз көп. Біз таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына арнаған Жолдауын тыңдап, болашаққа зор сенім артып отырмыз. Алдағы уақытта, мұғалімдердің беделін қорғайтын арнайы заң күшіне еніп, жалақыларымыздың едәуір көтерілетіні көңілге демеу болып, тың серпін беріп отыр. Ең бастысы әрбір мұғалім өз қызметіне адал болуы керек. Сонда ғана өз еңбегінің жемісін көреді, –дейді Қуандық Қайроллаұлы.
Мұғалімнің сөзін нақты деректерге сүйене отырып жалғастыратын болсақ, Қуаныш Ысқақовтың тәрбиесін көрген көптеген оқушылар жоғары әскери оқу орындарының түлектері атанды. Оқушылары аудандық және облыстық сайыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүр. Өз ісімен оқушыларына өнеге бола білген ұстаз 2015 жылы «Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов» атындағы медальмен марапатталса, осы жылдың күзінде авиация генерал-майоры Талғат Бегилдиновтың медаліне ие болды. 2016 жылы «Мәлік Ғабдуллин» медалімен де марапатталды. Қазіргі таңда бірнеше оқушысы ұстазына еліктеп, ұлық мамандықты таңдаған.
Қуандық Қайроллаұлы ұлағатты ұстаз ғана емес, абзал әке, ардақты жар. 2003 жылы Айсары дейтін ардақты елдің аяулы қызы Гүлжан Серәліқызына үйленіп, бүгінде екі баланың әкесі атанып отыр. Жұбайы Гүлжан да мұғалім. Ол Макинск қаласындағы №5 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болып жұмыс істейді. Ұстаз – ұлық тұлға. Өйткені, ол еліміздің болашақ тізгінін ұстайтын жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, білім береді. Ұстаз алдында отырған шәкіртіне үйретуден, тәлім-тәрбие беруден ешқашан жалықпауы, қажымауы тиіс. Сонда ғана ісінің нәтижесін, жемісін көреді. Мінекей, жас болса да өзінің өнегелі ісімен өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі Қуандық Қайроллаұлының ғұмыр жолы осындай.
Ұлмекен ШАМЕНОВА.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар