Білім көшіндегі жарты ғасыр

Сан мыңдаған шәкірттердің жүрегіне білім шамшырағын жағып, бала жанының бағбаны болу – ең тәтті де ауыр міндет. Мыңдаған шәкірттердің бағын ашатын да, аяулы армандарының бастауына куә болатын да ардақты ұстаз. Жас өмірдің сәулелі бағдаршамына айналған осы бір аяулы жан туралы сөз бастау әсте қиын. Десек те, біз бүгін осындай өнегелі өмір иесі, білім көшіне жарты ғасыр ғұмырын арнаған ұлағатты ұстаз туралы әңгіме шертсек пе дейміз.

– Шәкірт өз балаңдай ыстық болады. Халық ұстазды бекерден-бекерге анаға теңемеген ғой. Ұстаз мейірімі – ана мейіріміне пара-пар. Білесіз бе, мейлі, сан жылдар өтсе де, әрбір оқушы мұғалім жадында сол балалық аңғал мінезімен, аппақ көңілімен, риясыз пейілімен, мәңгілік бала бейнесінде жатталып қалатыны бар. Олардың әрқайсысының қылығы, кескін-келбеті, оқу үлгерімі, бәрі-бәрі күні кешегідей көңілден көшпей, жүректен орын алады. Мектепте елу жыл еңбек етіппін. Түрлі лауазымды қызметтер атқардым. Қазір қалада тұрамыз. Бірақ, мен үшін бар саналы ғұмырымды арнаған алтын ұя мектептің, шәкірттерімнің, өзіммен бірге қоян-қолтық еңбек еткен ұжымның, аяулы Казгородок ауылының орны бөлек қашанда. Бұл сырлы сезімнің жадыдан өшпес естелікке айналып, жүректің төрінен орын алып, сары сағыныш болып көңілді толқытып қоятыны бар, – деп бастады әңгімесін мұғалім.
Бізбен жүрек сөзін, жан сырын бөлісіп отырған ардақты ұстаздың есімі – Алтынжан Рахымова. Ұлағатты ұстаз Алтынжан Сейдахметқызы Зеренді ауданының Первомай ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Бес ұлдың ортасында бұла өскен құралай өз бала кезін ең бақытты шақтарының біріне балайды. Ол – бірлігі мен ынтымағы жарасқан, ізгілік пен мейірім нұры шаңырақты шаттықтың шырайлы шуағына бөлеген өнегелі отбасында тәрбиеленді. Қара шаңырақ қашанда ерекше жылулыққа, балалардың шат күлкісіне, бір сөзбен айтқанда, қуаныш пен бақытқа толы болатын.
– Әкем №111 ат зауытының негізін қалаушылардың бірі, сондай-ақ, оның меңгерушісі болды. Оның үлесіне сұрапыл соғыстың зұлмат жылдары түсті. Ол тамаша ұйымдастырушы еді, ауылдастары үшін аянбай еңбек етті және осы еңбекқорлығы оны құрмет пен абырой биігіне көтерді, – деді балалық шағы туралы ойын ортаға салып.
– Әкемнің бойында көшбасшылық қасиет басым болатын. Ол кісі қай істі болмасын аса жауапкершілікпен, ақыл-парасатпен орындай білетін, үнемі жаңашылдығымен жұртты таң қалдырып, қашанда өз қатарластарының алдыңғы қатарынан көрінетін. Бәлкім, осы көшбасшылық қасиет маған әкемнен дарыған болар. Ал, анашым туралы сөз бөлек. Анамыздың балаларына деген риясыз көңілі, аппақ пейілі, махаббаты, ізгілік сезімі бала кезімізден жүрегімізге шуақ болып орнаған сәттен, күні бүгінге дейін сол жылулық бізді мейірімге бөлеп жүргендей сезіледі. Шаңырақтың алтын қазығы әкеміз болса, отбасының шырайлы шуағы анамыз еді. Ата-анамыз балаларын адамгершілік сияқты абзал қасиеттерге бау-
лыды. Бай болыңдар деп өсірген жоқ, адам болыңдар деген өсиет қалдырды. Осы сөздің астарында да көп өнеге жатқан сыңайлы, –дейді мұғалім.
Алтынжан оқушы кезінен-ақ, мектептің қоғамдық өміріне де белсенді атсалыс-
ты. Ауылдағы сегіз жылдық мектепті үздік бітірді. Ол сыныптың старостасы, жасақтар кеңесінің төрағасы, комсорг болды. Көркемөнерпаздар үйірмесіне де белсене қатысты. Оныншы сыныпты Казгородок ауылында оқыды. Сол кезде осы ауылмен саналы ғұмыры сабақтасатынын өрімтал қыз білмеген де болар.
Мектептен кейін А.Рахымова Көкшетау педагогикалық институтына оқуға түсіп, ойдағыдай оқу орнын тәмамдаған соң, Казгород СПТУ-да оқытушы болып 10 жыл жұмыс істеді. Осы жылдар аралығында елеулі еңбегі ескеріліп, оның портреті облыстық кәсіби-техникалық білім басқармасының үздік мұғалімдерінің Құрмет тақтасында ілулі болатын. 1982 жылы ұлағатты ұстаз Краснофлот орта мектебінің директоры болып тағайындалды. Ал, екі жылдан кейін оны «Искра» совхозының партия комитетінің хатшысы болып ауыстырды. Сол кезде ол осындай лауазымға ие болған алғашқы әйел азаматшалардың бірі еді. Содан кейін Алтынжан Сейдахметқызының өмірінің негізгі кезеңі басталды десе де болады. Казгородок орта мектебінің директоры болып тағайындалған алғашқы күннен бастап, ұжымға бірден сіңісіп, абырой биігінен көрінді. Уақыт өте келе ұжым ол үшін тіпті екінші отбасындай, ал, мектеп екінші үйіне айналды. Негізгі жұмысымен қатар А.Рахымова әрдайым қоғамдық жұмысқа белсене атсалысатын. Екі рет ауылдық Кеңес депутаты және аудандық мәслихат депутаты болып та сайланды. Алтынжан Сейдахметқызы жиырма бес жыл бойы табан аудармастан Казгородок орта мектебінің директоры болып қызмет атқарды. Білікті басшы мектеп мерейі емес пе. Осы жылдар аралығында Казгородок орта мектебі облысымыздың маңдайалды білім ордаларының біріне айналды. Ұлағатты ұстаздың тәлімін көрген оқушылары бұл күнде еліміздің әр түкпірінде әртүрлі лауазымды қызметтерде еңбек етуде.
Қызметіндегі жетістіктері үшін Алтынжан Сейдахметқызы Қазақстан Республикасы Президентінің грамотасымен, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» атағымен, Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының грамоталарымен, аудан және облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Ол тек ұлағатты ұстаз, іскер әйел, білікті басшы ғана емес, аяулы жар, ардақты ана және қамқор әже. Жұбайы Ерік ағамен қырық жылдан астам бірге жұптары жазылмай, бір шаңырақ астында ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған отбасы иелері. Төрт баласынан өрбіген немере-жиендері бар. Тұңғышы Алиса екі бірдей жоғары білім алған білікті маман. Ол қазіргі таңда отбасымен Алматы қаласында тұрады. Ұлы Батырбек болса, Шығыс Қазақстан облыстық Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің басшысы, екінші ұлы Бахтияр елімізге танымал нейрохирург. Ол қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласының айтулы клиникаларының бірінде еңбек етуде. Үйдің кенжесі Данияр болса, құқық саласында қызмет етеді.
– Немере – бауыр етің балаңнан да ыстық болады дейтін қазақ халқының сөзінде жан бар екен. Атасы екеуіміз осы балаларымыздан өрбіген немере-жиендерімізді жанымыздан артық жақсы көреміз. Үйге немерелеріміз келгенде шаңырағымыз шаттыққа шүпілдеп тұрғандай болады. Келіндерім мен күйеу баламды өзімнің туған балаларымнан кем көрмеймін. Жақсы әйел – ер азаматтың бағы емес пе? Менің келіндерім тәрбие көрген, ақжарқын болғанына Аллаға мың шүкір етемін. «Атың жақсы болса, ер жігіттің пырағы, балаң жақсы болса, жан мен тәннің шырағы. Қызың жақсы болса, жайқалып өскен құрағы. Әйелің жақсы болса, бірінші – иманың, екінші – жиғаның, үшінші– ырысыңның тұрағы» деген сөз бар. Мен әлемдегі өскелең ұрпақтың бақытты болғанын қалаймын. Себебі, көкөрім жас-
тар еліміздің ертеңгі болашағы. Ұлағатты ұстаз есіміне лайықты болсам, мені осы абырой биігіне көтерген ең әуелі балаларға деген шексіз махаббатым. Мұғалім, зейнет жасында болса да, мектептен қол үзсе де, бәрібір мәңгі мұғалім болып қала береді. Ол өз ұжымы үшін, өз шәкірттері үшін үнемі алаңдайды. Себебі, оның жүрегі мектеппен егіз»,– дейді Алтынжан апа.
Шынында да, жүрегі балам деп соққан, оның әрбір сәтті қадамына балаша қуанған, сәтсіз сәттерінде өзі де қиналып, қайтсем жәрдемдессем екен, қолұшын берсем екен деумен алаң да алаң күй кешкен ана жүрегіне, ұстаз жүрегіне не жетеді, шіркін?!.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар