Жүрген жерің, тұрған мекенің таза болсын

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өткен сенбі күні кәсіпорын-ұйымдардың және мекемелердің қызметкерлерімен бірге облыс орталығы

Көкшетау қаласында экологиялық айлық аясында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікке қатысты.

Туған қаласының көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бей-жай қарамауы тиіс. Себебі, тұрғылықты жердің таза болуы сол қаланың тұрғынына тікелей байланысты. Әрбір адам қоқысты кез-келген жерде лақтырмаса, осының өзі қаланың таза болуына өз септігін тигізер еді. Алайда, байқап жүргеніміздей әлі де болса қала тұрғындары арасында сенбілікке қатысу шараларына енжарлықпен қарайтындар да бар. Осындай олқылықтың аз да болса орнын толтыру мақсатында өткен сенбі күні ұйымдастырылған осы бір игілікті шараға Көкшетау қаласының барлық меншік нысанындағы мекемелер мен ұйымдардың ұжымдары шықты.
Көкшетау қаласының көшелерін жинауға жұмылған еңбек ұжымдары қызу жұмыс үстінен табылды. Бірі ағаштар мен жол жиектерін әктеп, енді бірі шашылған жапырақтарын жинады, біреулері ағаш бұталарын әдемілеп күзеп, қаланың ажарын аша түскен.
– Сенбілікке ат салысу әрбір азаматтың міндеті деп есептеймін. Күндегі қауырт жұмыстан қолың босаған сәтте, таза ауада жұмыс істеудің өзі ғажап емес пе. Бұған қоса қаламыздың гүлденуіне өзімдік үлесімді қосамын деген сезімнің өзі қуанышқа бөлейді. Себебі, біз Көкшетауды сүйеміз, – дейді Ақмола облыстық қаржы басқармасының бөлім басшысы Темірхан Дарбаев.
Көкшетау қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Юрий Шидловскийдің айтуынша, жалпықалалық сенбілікке 6284 адам қатысып, қаланы күл-қоқыстан тазартты. Қоқысты жинауға 19 арнайы машина тартылып, 2959 қап қоқыс шығарылды. 30 398 бордюр мен 4060 ағаш әктелген.
Бір қуантарлығы, қаланы тазалау мен абаттандыруға өз үлестерін қосуға ниет білдірген қарапайым қала халқы да шет қалмады. – Жалпыхалықтық сенбілік болады деп естіген соң, үйде қарап жатпай өз ауламызды, үйдің маңайын жинайық деп балаларымызбен бірге осы шараға атсалысуды жөн санадық. Мен бала тәрбиесімен үйде отырған анамын. «Тәрбие тал бесіктен», деген емес пе. Туған қаламызға деген іңкәрлік сезімді жастайынан бала бойына сіңіру керек деп есептеймін, –дейді үш баланың анасы Ризагүл Сағынайқызы. Бұл – тұратын жеріміздің таза да көрікті болуын қалайтын баршамыздың ортақ тілегіміз болса керек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар