Шаңырағында – бақытты, ұстаздықта – абыройлы

Дүниедегі барлық мамандықтың биік шыңы – ұстаздық. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, темір балқытқан қарапайым жұмысшы да, тілінен бал тамған ақын да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, аспан әлемін бағындырған ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Дегенмен, ұстаз ұғымы арнаулы білімге, қажетті құжатқа ғана байланысты емес. Себебі, үлгілі, өнегелі және өмір тәжірибиесі бай адам ғана ұстаз бола алады.

Сондай ұлағатты ұстаздың бірі және бірегейі Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжіне өмірінің 20 жылын арнаған директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлнәр Қадырәлиева. Ол кәсіби маман ретінде алғашқы еңбек жолымызды осы колледжден бастап жатқан біздерге көп көмегін тигізді. Жастығымызды ескеріп, білмеген тұстарымызға түсіністікпен қарап, ұжымға бейімделуіміз үшін бағыт-бағдар нұсқап отырады. Өзімізге алтыннан да қымбат болған уақыт өзге түгіл жетпейтін бүгінгі қоғамда жол нұсқау, тәжірибесімен бөлісу ерлік жасаумен пара-пар.
Гүлнәр Әнуарбекқызына деген сыйластығымның артуына себеп болған бұл ғана жағдай емес. Абылай ханның билік етіп, Ақан серінің серілік құрған киелі Көкшетауына алғаш келген мені қазақтың қонақжайлық дәстүрінен аттамай шаңырағына шақыруы ерекше әсер қалдырды. Бұлай деуімнің себебі, біріншіден ықылым заманнан келе жатқан «есік көрсету» салтын дәріптесе, екіншіден «Отан отбасынан басталады» – деген сөздің парқын ұғындырғандай. «Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып», келін тәрбиелеп, бар болмысын ақылмен өрнектеген ана екенін көргенде қыз баланың өмірге келгендегі басты мақсаты – ана бақытын сезінуде екеніне тағы бір мәрте куә болдым. Берекелі шаңырағының ұйытқысы болумен қатар, отағасын ханындай сыйлайтын нағыз қазақ әйелінің образы біздей жастарға өмірлік мәні бар үлгі-өнеге.
Аталмыш оқу ордасында ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызметте жүріп, әріптестерінің ортасында сыйлы, білім алушыларының алдында абыройының асқақ болуының түп негізі осы бір болмысында екен. Рухани құндылықтардан нәр алатын қасиеттерді әдемі, жаттанды сөздермен емес, іс-әрекетімен көрсеткен тәжірибиесі мол әріптесімізден үйренеріміз көп.
Міне, шәкірттерімен бірге жас мамандардың да өміріне жол сілтеп жүрген ұстазымыз қыркүйек айында елу бес жасқа толды. Осы мерейтойымен және алда келе жатқан мұғалім күнімен шын жүректен құттықтағымыз келеді. Өмірде де, қызметте де үлгі көрсетіп, тізгінді тең ұстап келе жатқан ұлағатты ұстаз, аяулы ана, асыл әже және бақытты әйел атанған Гүлнәр Әнуарбекқызының отбасына тек қана жақсылықтар мен абыройыңыз асқақтап, тәрбиелеген шәкірттеріңіз биік белестерді бағындырсын, демекпіз.

Талшын ЖАҚЫПБЕК,
Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің оқытушысы, театртанушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар