Қысқы жылу беру маусымында тұрғын үйлердегі өрттен сақ болайық

Ақмола облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Алексей Советовтің төрағалығымен «Тұрғын үйдегі өрттің алдын алу» тақырыбында БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг болып өтті.

Брифингте спикердің хабарламасында жылыту кезеңінің басталуымен республикада, оның ішінде Ақмола облысының аумағында тұрғын үй секторындағы өрттер едәуір көбейгені, оның себептері пештер мен басқа да жылыту құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің сақталмауынан туындап отырғаны айтылды. Соның салдарынан, адамдар көміртегі тотығымен уланудан зардап шегеді және қауіпті өрт факторларынан жиі өлім құшып жатады.
– Төтенше жағдайлар мен өрттің алдын алу мақсатында жыл сайын жылу кезеңі басталғанға дейін және жылу маусымы кезінде облыстың тұрғын-үй секторында мақсатты үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. 2019-2020 жылғы жылу беру маусымына дайындық мерзіміне орай, ағымдағы жылдың 15 тамызынан 15 қазанына дейін біздің департамент қызметкерлері өрт қауіпсіздігі айлығын өткізуді жалғастыруда. Осыған байланысты іс-шаралар тұрғындарды тұрғылықты жері бойынша өрт қауіпсіздігі шараларын және пештің, электр жылытқыштарының жұмысында өрт қауіпсіздігі ережелері мен өрт туындаған кездегі әрекеттерді үйретуге бағытталған. Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі айлығы аясында департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен, еріктілермен және өрт қауіпсіздігі саласындағы аудиторлық ұйымдармен бірлесіп, 53 777 адамды қамтитын 24 036 үй аулаларын тексеру, 250 жиналыс пен жиын өткізілді. Мәселен, кейбір тұрғын үйлердің иелері біздің қызметкерлерді жеке үй шаруашылықтарының аумағына кіргізбеген 1795 жағдай тіркелсе, айлыққа байланысты тексеріс кезінде 1360 үйде ешкім болған жоқ. Мұның бәрі, өрт қауіпсіздігінің алдын алуға зиянын тигізеді, – дейді Алексей Советов.
Сонымен қатар, жылыту пештерінің, газ жабдықтары мен электр желілерінің дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты 6588 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталған. Нақтырақ айтсақ, жылу жүйесіне қатысты 2923, электр желілері мен электр жабдықтарын пайдалануға байланысты 3127 және газ жабдықтарын пайдалануда 538 бұзушылықтар орын алған.
Өрт қауіпсіздігіне байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында 259 материал орналастырылса, оның ішінде алтауы теледидарда, 85-і баспасөзде және 168 материал радиодан берілген. Сонымен қатар, аталмыш департаменттің бастамасымен өрт қауіпсіздігі айлығы кезінде жергілікті атқарушы органдармен және аудиторлық ұйымдармен бірлесіп, тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне көмірқышқыл газын анықтауға арналған 108 датчиктер орнатылған. Жалпы, Ақмола облысында 564 көміртек тотығы детекторы және 10 түтін шығаратын детектор орнатылса, тағы 331 көміртек тотығын анықтайтын қондырғы орнату жоспарлануда екен.
– 2019-2020 жылдарға арналған жылыту кезеңі жаңа басталғанына қарамастан, облысымыздың Астрахан ауданы Шілікті ауылында және Атбасар қаласында болған өрт салдарынан екі адам қайтыс болды. Бұл туралы ағымдағы жылдың бірінші қазан күні сағат 12.01-де телефон арқылы хабарлама түсті. Жедел түрде арнайы құралдармен жабдықталған төрт адамнан тұратын кезекші мамандар жіберілді. Ол жерге жеткенде өрттің бүкіл тұрғын үйдің 60 шаршы метр аумағын қамтығаны анықталды. Сөйтіп, өрт кезінде үй шатыры құлады. Өкінішке орай, өрттен қираған жерді тексеру кезінде 1982 жылы туылған азамат М-ның мәйіті табылды. Бұл өрт 13 сағат 05 минутта сөндіріліп, 15 сағат 20 минутта ошағы жойылды. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың үшінші қыркүйегі күні өрт қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Шілікті ауылында аула айналымын жүргізді, ауланы тексеріп өту кезінде жоғарыда аталған мекен-жайда бір жарым жыл бойы ешкім тұрмағаны анықталды. Марқұм азамат М., сегіз күн бұрын отбасымен бірге көшіп келіпті. Әйелі мен баласы өрт кезінде Нұр-Сұлтан қаласында ауруханада болған. Шілікті ауылындағы үй аулаларын тексеру кезінде 90 адамнан тұратын 31 үй бары анықталды, – дейді департамент басшысы өз хабарламасында.
Ал, Атбасар қаласында болған екінші өрт салдарына келсек, спикердің айтуынша, ол Электростанционная көшесінің 25-ші үйінде кешкі сағат 18.09-да орын алған. Өрт шыққан алты шақырым жерге алты адам мен екі техника жұмылдырылған. Өрт сөндірушілер келген кезде 30 шаршы метр аумақтағы жеке тұрғын үйдің ас үйі өртке оранған. Жалынның тез таралуына тұрғын үй ғимаратының дизайн ерекшелігі ықпал еткен. Өйткені, үйдің қабырғалары мен бөлмелері ағаш бөренелерден, ішкі жапсырмалары ағаштан, панельден жасалған. Ас үйдегі өртті сөндіру барысында диваннан 1955 жылы туған зейнеткер азамат С-ның мәйіті табылып, өрт 18 сағат 33 минутта сөндіріліп, 19 сағат 06 минутта ошағы жойылған. Өрттің шығу себебі жанғыш заттардың ашық от көзінде қалып (сіріңке, сөндірілмеген темекі және тағы басқалары), соның әсерінен тұтанған болуы мүмкін.
Егер бірінші өрт жағдайында үй иелері Астрахан ауданының Шілікті ауылына Нұр-Сұлтан қаласынан сегіз күн бұрын көшіп келіп, оған нұсқау беруге үлгермеген болса, екінші жағдайда осы жылдың 15 наурызы мен 29 қыркүйегінде Атбасар қаласының өрт қызметкерлері тарапынан азамат С-ға күнделікті өмірде өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау туралы арнайы журналға қолтаңба қойылып алынған екен. Бұл – қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы халықты ақпараттандыру бойынша қабылданған шараларға қарамастан, бұл үйде қауіпсіздік мәселелерін елемеу тенденциясы бар екендігін көрсетеді.
Осылайша 2019 жылдың 9 айында Ақмола облысында 695 өрт шығу жағдайы орын алып, 157 миллион 534 мың теңгеге материалдық залал келтірілген. Ал, қауіпті өрт факторларынан 13 адам қайтыс болып, үш адам жарақат алған. Сондай-ақ, үш адам көмір жаққан иістен уланып, зардап шеккен. Сондықтан да, мұндай қауіп туғызатын тілсіз жаудың алдын алу үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтаудың маңызына тоқталған Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов журналистердің де қойған сұрақтарына жауап берді.
Міне, сондықтан тұрғын үйдегі өрттің алдын алу қаншалықты маңызды екеніне жауапкершілікпен қараған жөн болады дегіміз келеді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар