Цифрлық телехабар тарату желісіне көшу қалай жүргізіліп жатыр

2019 жылдың жазы – Алматы, Қостанай және Павлодар облыстарының тұрғындары үшін есте қаларлық кезең болды. Бұл аймақтарда аналогтық телехабар тарату желісі өшіріліп, төрт миллионнан астам адам енді цифрлық эфирлік телехабар тарату желісінен арналарды жоғары сапада тамашалай алатын болды. Бұл аймақтарда 178 радиотелевизиялық станция тұрғызылып, жетілдірілді. «Аналогтан» «цифрға» көшу – заманауи Қазақстанның ауқымды, ерекше жобаларының бірі болып табылады. Үрдіс қалай жүріп жатыр, қандай қиыншылықтар бар, осы және басқа да сұрақтарға «Қазтелерадио» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары – техникалық директор Фархат Алпысбайұлы Шорабай жауап береді.

– Фархат Алпысбайұлы, бүкіл Қазақстан аумағында цифрлық хабар тарату желісі жұмыс істеу үшін барлығы қанша радиотелевизиялық станцияны тұрғызып, жетілдіру қажет?
– Бүкіл Қазақстан аумағы бойынша аналогтық телехабар тарату желісін толық өшіру үшін 827 радиотелевизиялық станцияны тұрғызып, қайта жаңғырту өткізу қажет. Бүгінде олардың 447-сі іске қосылған. Яғни, қазір цифрлық эфирлік телехабар сигналы республика халқының 83 пайызын қамтып отыр. Әлемде көптеген елдер аналогтық желіден цифрлық хабар тарату желісіне жаппай көшіп жатыр. Цифрлық телевизия көрерменге бейне мен дыбысты анағұрлым жоғары сапада, тіпті HD форматында жеткізуге, сонымен қатар, көп түрлі арналар арасынан таңдау жасауға мүмкіндік береді.
– Техникалық тұрғыдан алғанда цифрлық телевизияға көшу барысында қандай жұмыстар қиындық туғызды?
– Ең алдымен аналогтық телевизияның цифрлық желіден негізгі айырмашылықтарын ажыратып алайық. Аналогтық сигналды ескі болсын, жаңа үлгідегі болсын, барлық теледидарлар қабылдайды. Ал, «цифрды» барлық теледидар қабылдай алмайды, ол үшін: арнайы декодер (DVB-T2қабылдағышы) керек. Ол кез-келген теледидарда сигналды қайта түрлендіріп, дайын кескінді көрсетеді. Ескі тәсілмен берілетін сигнал сыртқы факторлардың ықпалына тәуелді болды. Цифрлық телехабар тарату желісінде сигналдың сапасы мен қорғанысы жоғары деңгейде, ол аналогтық желіге қарағанда анағұрлым ұзақ қашықтықтан қабылданады. Яғни, аналогтық хабар тарату бір таратқыш – бір арна принципі бойынша жұмыс істейді. Цифрлық телевизия пайда болғалы бері біздің елде DVB-T2 стандарты қолданылады, ол бір таратқышта SD сапасында 15 шақты телеарнаның таратылуын қамтамасыз етеді. Облыс орталықтарында екі мультиплекс қондырғысы орнатылған, аудандық, ауылдық жерлерде бір мультиплекс. Техниктер, IT саласындағы мамандар мен маркетологтар жүргізген алдын ала жұмыстардың арқасында айтарлықтай ауыртпалықтар болған жоқ. Дегенмен, «Қазтелерадио» АҚ-ы тапсырысы бойынша жұмыс атқаруы тиіс болған мердігерге қатысты қиындықтар туындады. Ол компания алдағы жұмыстың кең ауқымды екеніне, әрі өз мүмкіндіктеріне дұрыс баға бермеген. Сондықтан, мердігерді жіті таңдау біз үшін негізгі мәселелердің бірі болды.
– Алты облысты жаңа форматқа толық көшірген екенсіздер, демек, жұмыс нәтижелі болды ғой? Осы өңірлер туралы айтып берсеңіз, тұрғындар цифрлық пен аналогтық хабар тарату желілерінің айырмашылығын түсінді ме?
– Иә, біз жоспар мен кестеге сай жұмыс істеп келеміз, әрі маусымның соңы – шілденің басында Алматы, Павлодар және Қостанай облыстары да цифрлық форматқа толықтай көшті. Бұл өңірлердің халқы тарихи сәтті бастан өткерді деп айтар едім. Алматы облысында 90 радиотелевизиялық станция тұрғызылып, модернизациядан өткізілді, онда 92 цифрлық таратқыш орнатылған. 3 миллионнан астам адам тұрып жатқан 736 елді мекен қамту аумағына енді. Яғни, өңірдегі халықтың 99 пайыздан астамы цифрлық эфирлік телехабар сигналымен қамтылды. Енді Талдықорғанда цифрлық эфирлік телехабар тарату желісінде 30 шақты, ал облыс орталығынан төмен елді мекендерде 15-ке жуық телеарна көрсетіледі.
Павлодар облысында да ЦЭТВ жобасын енгізу жобасын жүзеге асыру аяқталды. Қазіргі уақытта аумақтағы 385 елді мекеннің 356-сы цифрлық эфирлік телехабар тарату аумағына енді. Ал бұл 750 мың қазақстан азаматы, яғни, облыс халқының 95 пайызы. Ол үшін өңірде 29 радиотелевизиялық станция тұрғызылып, жетілдірілді, оларға 28 цифрлық таратқыш орнатылған. Сонымен қатар, ЦЭТВ аумағына енбейтін 29 елді мекен тұрғындарын сапалы телевизиямен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл ауылдарда 1600-ден астам үй шаруашылығы Ұлттық жерсеріктік «OTAU TV» телехабар тарату желісіне қосылған. Қостанай облысында 59 РТС тұрғызылып, модернизациядан өткізілді, оның 32-сі жаңадан тұрғызылған, осылайша облыс халқының 95 пайыздан астамы цифрлық эфирлік хабардың қамту аумағына енді. Яғни 627 елді мекенде тұрып жатқан 876 мың отандасымызға цифрлық эфирлік телехабар тарату желісі қолжетімді деген сөз. Өңірде 49 ауыл ЦЭТВ қамту аумағына енбей қалды. Дегенмен, Қазтелерадио осы елді мекендердегі 2000-ға жуық ауыл шаруашылығының 1500-ін жерсеріктік «OTAU TV» желісіне қосты.
– Енді цифрлық форматқа көшуге қай өңірлер кезекте тұр, Қазақстан 100 пайыз сигналмен қашан қамтылады деп жоспарлап отырсыздар?
– Цифрлық эфирлік телевизияны ендіру бойынша жоба 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған. 2018 жылы Маңғыстау, Жамбыл және Түркістан облыстары жаңа форматқа толықтай көшсе, 2019 жылы Алматы, Қостанай және Павлодар облыстарында аналогтық желі өшірілді. Қазір инфрақұрылымның дайындығына байланысты еліміздің қалған өңірлерінде аналогтық желіні кезең-кезеңдеп өшіру жұмыстары қолға алынған. 2020 жылы ЦЭТВ-ға толық көшу Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау және Қызылорда облыстарында жүзеге асырылады деп күтілуде.
– Егер тұтынушы, мысалы, өз теледидарының цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне сай келетінін, сигналды қабылдай алатынын білмейтін болса, жалпы тұрып жатқан елді мекенінде аналогтық желіні өшіру мерзімінен хабардар болғысы келсе, қайда хабарласуы керек? Әлде мұндай ақпаратты ғаламтордан табуға мүмкіндік бар ма?
Иә, әрі мұндай мүмкіндіктер бірнешеу: www.tsetv.kz сайты жұмыс істеп тұр, ол жерде өз елді мекеніңіздің атын енгізіп, цифрлық сигналдың қамту аумағында орналасқан ба, жоқ па, біле аласыз. Осы сайтта теледидарыңыз DVB-T2 стандартында көрсете ме, жоқ па, соны анықтауға болады. Егер теледидарыңыз бұл стандартқа сай келмейтін болса, цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне қосылуға мүмкіндік беретін ТВ-қабылдағыш сатып алу қажет. Ал, егер теледидар цифрлық сигналды қабылдайтын болса, дециметрлік антенна сатып алған жөн. «Нұсқаулық» қосымшасында біз цифрлық телевизияны өз күшіңізбен баптау туралы бейнеролик жариялап қойдық. Цифрлық телевизияға қосылу бойынша басқа да сұрақтар болса азаматтар 193 (қалалық телефоннан тегін); +7 727 2 581 500; + 7 707 258 15 00 (whatsapp) телефондары арқылы Call-орталыққа хабарласа алады.
– Сұхбатыңызға рахмет.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар