Көкшенің биігіндей ел ағасы

Уақыт деген көш керуеннің жылдам жылжитыны сондай, кейде жанымызда жүрген жайсаң ағаларымыздың белгілі бір өмір белесіне қалай жетіп қалғанын да аңғара бермейміз. Көрікті Көкше, Ақмола елі, еліміздің білім жүйесі қызметкерлерінің біразы жақсы білетін Бақыт Ғазизұлы Жүнісов ағамыз да 80 жасқа келіп қалыпты. Ол кісі 1939 жылдың 15 қазанында Ақмола облысы Зеренді ауданының Қызылағаш ауылында дүниеге келген еді. Барлық саналы буырқанған өмірі өз еліне, ұлтына шынайы қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады.

Бақыт ағамызды өзі білім мен тәрбие берген көптеген шәкірттерімен бірге мен де ерекше құрмет тұтамын. Өйткені, алғаш осы оқу орнына түскеннен бастап, ұстаздық, ағалық ақыл-кеңесін аянбады. Тоқсаныншы жылдары институт бітіргенімізде қазіргі Көкшетау гуманитарлық-техникалық академиясының ректоры Әбілмәжін Аюлов екеумізді 125 түлектің ішінен зор сенім білдіріп, аспирантураға оқуға жіберді. Ассистент болып жұмысқа келгенімде жас мамандардың бірі ретінде қамқорлық танытып, өзі салдырған үйден пәтер берді. Сол үйден тіпті оқытушыларға қоса, өндіріс шеберлері, қатардағы жұмысшыларға дейін пәтер алғанын көзіміз көрді. Сондықтан, біз, шәкірттері де бұл өмірде ұстаздық пен ғылым жолында азды-көпті жетістікке жетсек, ол осы Бақыт ағалардың еңбегі деп білеміз. Жалпы, өзім уақыт өте келе осы бір абзал жанмен тағдырымызда да ұқсастық барын аңғардым.

Бақыт Ғазизұлын да өз заманының біз білетін арда азаматтарының бірі деуімізге болады. Оның өмірбаяны соғыс алдындағы ауыр жылдары туған көптеген замандастарының тағдырына өте ұқсас. Екіге толмай жатып, әкесі Ұлы Отан соғысының қан майданында қаза табуы себепті анасымен ғана қалды. Кішкентайынан өзінің ана тіліне бауыр басып, еңбекке, үлкендерді сыйлауға құштар болып өсті. Мінезінің турашылдығы, бойындағы ет тірлігі, көп білсем деген талабымен ерекшеленді. Мектепте оқып жүріп, колхоз жұмысына ерте араласты. Көкшетау элеваторына астық тасымалдайтын өгіздердің тізгінін ұстағанында әлі 12-ге толмаған бала еді.
Өзінің еңбек жолын Талдықорған ауыл шаруашылығы техникумын бітіргеннен кейін Ақмола облысы Қорғалжын ауданының Абай атындағы кеңшарында механик болудан бастады. 1961-1964 жылдары Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтеген соң Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономикалық факультетіне оқуға түсіп, арада бес жыл өткенде оны үздік бітіреді. Бақыт ағамыз бұдан кейін де сол кездегі қайнаған еңбектің бел ортасынан табылып, Көкшетау облысы Көкшетау ауданының Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшарында агроном болып істейді, одан әрі Целиноград қаласындағы «Казсвязьстрой-2» тресінде нормалаушы экономист қызметін атқарады.
Бірақ, қайда жүрсе де бұл кісінің бойын әрдайым ғылымға деген бір ынтызарлық баурай берді. Сөйтіп, 1971 жылы өндірістен уақытша қол үзіп, Целиноград ауыл шаруашылығы институтының күндізгі бөлімінің аспирантурасына түсті. Міне, осы уақыттан бастап өнегелі жанның көпшілік жақсы білетін ғылыми-педагогикалық қызметі бастау алды. Өндірісте де еңбек еткен мол тәжірибесі, ғылым саласына бейімділігі мен мақсаткерлігі 1975 жылы экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын табысты қорғауына мүмкіндік берді. Мұның өзі одан әрі Бақыт Ғазизұлына аталған институттың алдымен кафедра ассистенті, кейін доценті дәрежесіне қол жеткізуіне де игі ықпал еткенін айта кету керек.
Белсенді азаматтық позициясы, әріптестері арасында жинақтаған зор беделі көп өтпей, Бақыт ағамызды институт кәсіподақ комитетінің төрағасы, партия комитетінің хатшысы, сырттай оқу бөлімінің проректоры лауазымдарына көтереді. Бұдан әрі жеке іскерлік және азаматтық қасиеттерінің, жоғары шығармашылық қабілетінің арқасында Бақыт Ғазизұлының өмірінде жаңа бір бетбұрыс басталып, өзі еңбек еткен Целиноград ауыл шаруашылығы институтының қабырғасынан осы оқу орнының Көкшетаудағы филиалының директоры болып келеді.
Әдетте біз өткен ғасырдың сексенінші жылдарына қоғамдағы тоқыраудың пайда бола бастаған кезі деп баға береміз. Алайда, талдау сол тұстағы Көкшетау филиалының аяғынан қаз тұрып қана қоймай, сонымен бірге, жедел күш ала түскенін де көрсетеді. Бұл әрине, Бақыт Ғазизұлының ұйымдастырушылық қабілетінің, өз жұмысын терең білуінің, айналасымен тіл табысып, белсене жұмыс істей алуының нәтижесі еді. Филиалдың материалдық-техникалық базасының нығаюы, профессорлық-оқытушылық құрамының сапалық және сандық жағынан өсуі, факультеттер аясы кеңейіп, студенттер санының артуы, осының бәрі Целиноград ауыл шаруашылығы институты Көкшетау филиалының келе-келе, өз алдына дербес жоғары оқу орны – Смағұл Сәдуақасов атындағы Көкшетау ауыл шаруашылығы институтына айналуына жол ашып еді.
Бұл үлкен табыста әрине, оқу орнының жетекшісі ретінде әу бастан филиалды ірілендіруге күш салған, ақыры, сан салалы жұмыстармен соған ойдағыдай қол жеткізе білген Бақыт Ғазизұлы Жүнісовтың еңбегі ерекше екендігі даусыз болатын. Көкшетаулықтар күні бүгінге дейін ғалым ұстаздың өңірдің жоғары білім саласына қосқан сол өлшеусіз үлесін жақсы біледі және абзал азаматты осы тұрғыдан да ерекше құрмет тұтады.
Б.Ғ.Жүнісов әрдайым, іскер ұйымдастырушылар қатарынан көріне білген тұлға. Оның тікелей жетекшілігімен институттың бас оқу корпусы, профессорлық-оқытушылар құрамы үшін сексен және қырық пәтерлік екі тұрғын үй, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Көкшетауда студенттердің тұңғыш Жастар орталығы салынды. Ол кісі ұйымдастырған институттың оқу-тәжірибе шаруашылығы облыс бойынша таңдаулы ауыл шаруашылығы кәсіпорнына айналды. Өйткені, мұнда ғалым оқытушылардың күш-жігерімен дәнді дақылдарды өсіріп, өндірудің озық технологиясы қолданылды.
Біздің кейіпкеріміз білім саласындағы осыншама белсенді істерімен бірге, өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын да көзден таса қылмай, сол жылдары әріптестеріне ғылыммен қалай айналысудың өнегесін өзі көрсетіп отырды. 1992 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы жоғары атестациялық комиссияның (ВАК) шешімімен Бақыт Ғазизұлына «Экономика» мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді.
1996 жылдан бастап Б.Ғ.Жүнісов Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде экономика және агроөнеркәсіп кешені салаларын ұйымдастыру кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1998 жылы «Солтүстік Қазақстан аймағындағы агроөнеркәсіп секторында шаруашылық түрлерін жүргізу және дамыту» тақырыбы бойынша экономика ғылымдарының докторы атағын ойдағыдай қорғады. Бұл арада, ол кісінің осы ғылыми еңбегін Мәскеудегі Ресей ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының жанындағы Бүкілресейлік ауыл шаруашылығы экономикасы ғылыми-зерттеу институтында қорғауы да ғалымның осы жолда көп ізденіп, еңбек ете білгенін көрсетсе керек.
2005 жылдан бері Көкшетау гуманитарлық-техникалық академия-
сы президентінің кеңесшісі болып келе жатқан Бақыт ағамыз 200-ден астам ғылыми еңбектің, соның ішінде ондаған оқу құралдары мен бірқатар монографиялардың авторы. Бұл еңбектер еліміздің аграрлық экономикасының сан саласын қамтиды. Өткен кезеңде Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғау жөніндегі диссертациялық кеңесінің мүшесі ретінде он сегіз диссертацияның ресми оппоненті болды. Бір өзі он үш ғылым докторы мен кандидатын, елуден астам магистр даярлаған ұлағатты ұстаз, білікті басшы. Қазақстанның аграрлық-экономикалық ғылымы саласына қосқан зор үлесі мен еңбектегі жетістіктері және қоғамдық өнегелі қызметі үшін көптеген марапаттарға ие болғанын да айта кеткен жөн. Солардың ішінде Көкшетау қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы білім ісінің құрметті қызметкері, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің құрметті қызметкері болып табылатынын атап өтсек те жеткілікті.
Б.Ғ.Жүнісов қатардағы механиктен академикке дейін өскен шоқтығы биік ағамыз. Әрі бүгінгі осы абыройына ақ адал еңбекпен, тынымсыз ізденіспен жеткендігі анық. Абзал азаматтың күнделікті өмірдегі адамгершілік биік тұлғасы, жүздеген шәкірттерімен бөліскен жанының мол шуағы, мына жарық дүниеде әділдікті, ақиқатты ту етіп келе жатқан жарқын болмысы, асқан қарапайымдылығы ол кісіні білетін барша адамдарға ізгілік нұрын себумен келеді. Ағамыздың осы игі қасиеттері ұрпағына да дарыған. Жеңгеміз Ғайша Неғметжанқызы өмір бойы Бақыт Ғазизұлының еш нәрсеге алаңдамай, өзінің жүрек қалауымен таңдап алған сүйікті ісімен айналысуына барлық жағдайды жасаған жан. Ұлдары Серік бизнеспен айналысады, келіндері Гүлсім дәрігер. Сүйікті немерелері Райхан мен Ғазиз да ата-әжесіне қарап бой түзеген.
Бақыт ағамызды өзі білім мен тәрбие берген көптеген шәкірттерімен бірге мен де ерекше құрмет тұтамын. Өйткені, алғаш осы оқу орнына түскеннен бастап, ұстаздық, ағалық ақыл-кеңесін аянбады. Тоқсаныншы жылдары институт бітіргенімізде қазіргі Көкшетау гуманитарлық-техникалық академиясының ректоры Әбілмәжін Аюлов екеумізді 125 түлектің ішінен зор сенім білдіріп, аспирантураға оқуға жіберді. Ассистент болып жұмысқа келгенімде жас мамандардың бірі ретінде қамқорлық танытып, өзі салдырған үйден пәтер берді. Сол үйден тіпті оқытушыларға қоса, өндіріс шеберлері, қатардағы жұмысшыларға дейін пәтер алғанын көзіміз көрді. Сондықтан, біз, шәкірттері де бұл өмірде ұстаздық пен ғылым жолында азды-көпті жетістікке жетсек, ол осы Бақыт ағалардың еңбегі деп білеміз. Жалпы, өзім уақыт өте келе осы бір абзал жанмен тағдырымызда да ұқсастық барын аңғардым. Мәселен, ол кісі Қызылағаш ауылында туса, мен Қарағаш ауылында туыппын. Ағайын-туыстығымыз болмаса да тегіміз бір, Жүнісовпіз. Мен де еңбек жолымды осы кісі сияқты бұрынғы Көкшетау облысы Чкалов ауданының Абай атындағы кеңшарында бастадым. Оқуға да әскерден кейін аздап өмір көрген жасымда түстім. Маған да тағдыр институтты үздік бітіруді, кейін Рудный индустриялдық институтының ректоры болуды жазыпты. Қазір де көрші тұрамыз. Өзім ұстазым ретінде қадірлесем, балаларым осы үйдегі бір аяулы аталары ретінде құрмет тұтады.
Кейде ағалы-інілік қарым-қатынасымыздағы осы ұқсастығымызды жақсы ырымға балап, ағаның өзіне де әзілдеп құлаққағыс етіп қоятыным бар. Ондайда ол кісі өзіне тән мейірім шуағымен «расында солай-ау» деп бір марқайып қалады. Иә, жақсы ағалар, нар тұлғалар көз алдымызда өткеннің көзіндей болып, аман-есен жүре берсе екен. Бүгінгі сексенінде елінің елеулі, халқының қалаулы бір перзенті деңгейіне көтеріліп отырған Бақыт Ғазизұлы Жүнісов ағамызға да осы ақ тілегімізді арнап, ауыл шаруашылығы, білім мен ғылым саласындағы тынымсыз ізденісті еңбегіне, азаматтық биік тұлғасына орынды түрде сүйсіне түсеміз. Алдағы уақытта да лайым солай болып, Көкшенің биігіндей айтулы ел ағасын – ер ағамызды тоқсанның тап өзінен көруімізге жазсын!..
Талғат ЖҮНІСОВ.
Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы,
академик, профессор, техника ғылымдарының докторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар