Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктері

Ақмола облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанованың «Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктері» тақырыбында хабарламасы тыңдалды.

Онда 2020 жылғы 1 қаңтардан бас-тап көп балалы отбасылардың балаларына отбасының кірісіне қарамастан, мемлекеттік жәрдемақы берілетіні айтылды. Бұл туралы ағымдағы жылдың 7 қазанында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов хабарлаған болатын. Осыған орай, Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Қамидоллақызы жергілікті БАҚ өкілдеріне хабарлама жасап, жаңа механизмнің жұмысына нақты тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, АӘК берудің жаңа форматы енгізілуде. Көмек критерийлері де жоғарылады. Көп балалы отбасыларға төлемдер тағайындау тәртібі өзгертілді. Осының арқасында АӘК-тің орташа мөлшері үш есеге ұлғайып, орта есеппен әр отбасына 63 мың теңгеден келіп отыр. Көмек алушылар саны да 9 есеге өсті, қазір 8,5 мың отбасы немесе 42 мың адам төлемдер алуда, олардың 36 пайызы көп балалы отбасылар. Ақмола облысында төлемдер үшін қарастырылған қаржы 4,1 миллиард теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 есе артық, – деді басқарма басшысы өз хабарламасында.
Сонымен, жаңа механизм үш бағытта жүзеге асырылады. Біріншіден, көп балалы отбасыларға кіріс деңгейін есепке алмастан, кепілдендірілген жәрдемақы беріледі. Бұл көп балалы аналардың рөлін әділ бағалау, олардың материалдық жағдайына және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, бір балаға орта есеппен 10-11 мың теңгеден берілетін болады. Екіншіден, табысы төмен отбасыларға, соның ішінде көп балалы отбасыларға бұрынғыдай, АӘК төленеді және олар жұмысқа орналастыруға ынталандырылады. Ең аз күнкөріс деңгейінің 70 пайызын тағайындаудың шекті өлшемі қалады. Бұл жағдайда міндетті түрде АӘК тағайындаудың негізгі шарттарының бірі – жұмыс істеу және отбасы үшін жауапкершілікті сақтау қажеттілігі қарастырылады.
«Еңбек» бағдарламасының әлеуетін барынша арттыру жоспарлануда. Сондықтан, табысы аз отбасыларға мемлекеттен субсидияланатын жұмыс орындары беріледі және жеңілдетілген шағын несиелер мен бизнесті бастау үшін қайтарымсыз гранттар ұсынылады. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшелері ұсынылған жұмысқа орналасудан бас тартса, онда АӘК төлеу оған ғана емес, барлық отбасына тоқтатылады. Үшіншіден, барлық АӘК алушылардың балаларына, оның ішінде мектеп жасына дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылады. Онда балалар тағамы мен гигиеналық заттар, мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету, мектеп киімдері мен керек-жарақтарын сатып алу және жол жүру шығындарын өтеу қарастырылған. Сондай-ақ, бұл шаралардың барлығы электрондық әлеуметтік карталарды құру арқылы тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын жақсартуға көмектеседі.
Атаулы әлеуметтік көмек алуда елімізде келеңсіз жағдайларда орын алғаны белгілі. Онда кейбір отбасылар кірістерін жасырып, бизнестерін жүргізіп, АӘК алу шарттарын бұзған фактілер кездескен.
Осыған сәйкес, хабарламашының айтуынша, біздің Ақмола облысында да 916 отбасына АӘК-ті төлеу тоқтатылған, оның ішінде 135 отбасы 32 миллион теңге көлемінде алған АӘК-ті қайтарады. Ағымдағы жылдың 4 қазанындағы жағдай бойынша 63 отбасы 8,6 миллион теңгені қайтарған. Нақтырақ айтсақ, 44 отбасы – 6,8 миллион теңгені, ал, 19 отбасы біртіндеп беру арқылы 1,8 миллион теңгені кері төлеген. Сондай-ақ, 1040 отбасы қайта есептеліп, 76 отбасы төлем анықталғанға дейін тоқтатылады.
Брифингтің соңында басқарма басшысы журналистердің қойған сұрақтарына жауап беріп, АӘК-ті беруге қатысты министрліктен жіберілген әртүрлі буклеттерді тарату мен жаңа механизмді отбасыларға түсіндіру мақсатында медиа-жоспар жасалып, аудандар мен ауылдық округтерде дөңгелек үстелдер өткізілетінін де жеткізді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар