Қазақ білсін!

Тұрмыс-салт дәстүрлері

Базарлық әкелу. Алыс сапарға шыққан, қыдырып қайтқан, сауда жасап келген адамдар туған-туысқандарына, көрші-көлемдеріне, дос-жарандарына ірілі-ұсақты сыйлықтар әкеліп береді. Мұны «базарлық» деп атайды. Ол жақсы көргеннің, сыйлағанның белгісі.
***
Бастаңғы жасау. Үйдегі үлкендер жолаушылап кеткенде қалған жастар өздері бас қосып (келіндер, абысындар, күйеулер, балдыздар болып) немесе замандастарын шақырып ойын-сауық өткізеді, әңгіме-дүкен құрады, әртүрлі дәмді тағамдар жасап ішеді. Бұл дәстүрді «бастаңғы жасау» деп атайды.

Әдеп сақтау. Үлкендермен, өзінен кішілермен дұрыс қарым-қатынас жасау әдептіліктің белгісі. Сыпайылық, әдептілік ұлттық қасиеттерімізге тән. Үлкеннің кішінің алдында, әйелдің ер адамның алдында, сондай-ақ, ер адамның әйел алдында, ата-енесі келінінің, келіні ата-енесінің алдында әдепті болуы мүлтіксіз орындалатын шарт. Сол сияқты мешітте, басқа да көпшілік орындарда әдептілікті ұмытпағаны жөн. Адам бойындағы кішіпейілділік, әдептілік адамға абырой әпереді.
***
Байлау. Тапқан олжасын біреуге сыйлау – «байлау» деп аталады. Мысалы, аңнан қайтқан аңшы алған түлкісін, қасқырын, қарсағын ауылдың үлкен ақсақалына байлаған. «Байлау» – мырзалықты, сыйластықты білдіреді. Алайда, солай бола тұра, алғаш қолға түсірген аңын аңшылар ырымдап ешкімге бермейді екен.

Баутағар. Аңнан қайтқан адам алғанын біреуге байлайды. Ал «байланған» кісі байлаушыға ақша не соған пара-пар зат береді. Бұл «баутағар» деп аталады. «Байлауды» алған адам «баутағар» бермесе, екінші рет оған «байлау» жасалмайды. Ел арасында «баутағар» бермеген адам малынан айырылады деген нанымда бар.
***

Бармақ жалау. Шақырылған қонақ өзінің сый-құрметін достарымен бөліскісі келуі мүмкін. Ал кейде керісінше, әлдекімдер қонақтың сый-құрметін бөліскісі келгендіктен үй иесіне хабар жіберуі мүмкін. Дәстүр бойынша бұның ешқандай өрскелдігі жоқ. Қайта, үй иесі бұған қуанып қалады. Енді бір жағдайларда үй иесі өзі бастамашылығымен біреулерді қонағының қасында бірге болуға шақырып жатады. Әдетте, мұндайда көбіне жастарды шақырады. «Біздің үйге бір үлкен сыйлы ақсақал келе жатыр, «бармағын жалауға» келіңдер!» – дейді. Бұл арнайы шақыру емес, тек құлаққағыс қана. Негізгі мақсат, жастар үлкен сыйлы кісінің әңгімесін естісін, өнеге-үлгі алсын деген ниет қой.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар