Талант пен еңбек шоқтығы

қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері баянғали әлімжанов – 65 жаста

Шәкір Ибраев, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы:
–Баянғали әдебиеттің барлық жанрында қалам тартқан, ауыз әдебиетінде, кино өнерінде де ылдидан шапса төске озған өзіндік бір феномен. Оның әдебиет пен өнердегі барлық регалийлерін тізіп шығудың өзі көп орын алады. Кейде мен оның осы қыруар дүниелердің бәрін қалай игеретініне таң қаламын. Біз айтқан әр салада тиіп-қашып емес, барын сала жұмыс істеп, шын қабілетін танытқан нағыз дарынның өзі. Енді осының әрқайсысына жеке-жеке тоқталсам, поэзияда да шоқтығы биік тұр. Соның бірін ғана – тарихи тақырыпқа қалам тартысын айрықша атап өткім келеді. Байғозы, Олжабай батырлар, Ер Жәнібек, Иманжүсіп, тағы басқа тақырыптарға толғаулары керемет ақын екендігін көрсетеді.
Драматургияда біз білетін 3 жанр бар: трагедия, драма, комедия.
Баянғали соның бәріне қалам тартқан. Комедияларында арзан күлкі қумай, әлеуметтік қайшылықтарды мақтамен бауыздағандай етіп отырады. Драмаларын алсақ та көрермендер үшін көзбен көру, ой түю, өткенге бойлау әсері мықты. Трагедияға да еркін барады. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баянын» сахнаға лайықтап шығаруы соның бір ғана нақты айғағы. Көркем шығарманы сахнада сөйлете білу – Баянғалидай суреткердің үлкен қыры.
Мұнымен бірге, ол прозаның да хас шебері. Кейіпкерлері қарапайым ауыл адамдары. Олардың әр алуан мінездері жүрегіңде үлкен із қалдырып, өте тартымды оқылады. Шынайы өмірдің өзі екені, реализмге негізделгені көрініп тұр. Ал, енді осы Баянғалидың өз шығармаларын орыс тілінде жазып, өзін шет елге де мойындатуы шын мәнісінде бірегей таланттың ғана қолынан келеді. Қос тілді қатар игеріп, басқа тілде осыншама көркем, қызғылықты, тартымды жазуы керемет. Оның «Сказ столетнего степняка» романы қазақ әдебиетінің шоқтығын көтеріп тастаған құнды дүние.
Сөзімді Баянғалидың айтысы мен фольклор жанрындағы біртуарлық қасиеттерімен аяқтағым келіп отыр. Ол 200-ге тарта айтыстарға қатысып, оның 30-ға жуығында бас жүлдені иеленген. «Манасты» жатқа білуі, қырғыз ақындарымен айтыстары, жыраулық – жыршылық өнері таңдай қақтырады.Осыншама қасиет бізде тағы қандай әдебиет өкілінде бар? Әрине, аз сөзбен шын таланттың қырын көп жеткізе алмайсың. Бірақ, қазақ әдебиеті мен өнерінде Баянғали Әлімжановтың алатын орны ерекше. Бұл имандай шындық!
Серік Негимов, филология ғылымдарының докторы, профессор:
–Мына «Сказ столетнего степняка» кітабындағы жүз жасқа келген абыз ақсақалдың айтқандары қазақтың тағдыры, тарихы туралы керемет әңгіме. Мұнда барлығы бар. Тарихи шындық, көркемдік шындық, психологизм, әңгімешілдік. Осының бәрі синтезделіп берілген. Кешегі тың игерудің өзінде осы солтүстік өңірде 827 қазақ мектебі жабылып қалған. Халқымыздың қайраткер ұлы Жұмабек Тәшеновке біз рахмет айтуымыз керек. Егер ол кісі болмаса, солтүстік бес облыс түгел Ресейдің қанжығасында кетер еді. Міне, кітапта осындай-осындай тарихымыз тұтас қамтылады. Бұл кәдімгі, бір тұтас дүние. Балқыма. Баянғалидың аузынан айтысқа түскенінде жырлар қалай құйылып кететін болса, бұл да солай құйылып түскен кесек туынды. Сондықтан, Мәскеуде жатқан «Художественная литература» баспасының басшысы, атақты Пряхиннің назар аударып, алғысөзін жазуы тегін емес. Ол алғысөз дереу біздің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Гончарь деген жазушының «Обломов» атты романы болған. 1858 жылы «Современник» журналының төрт санында шыққан. Соны Ресей он жыл күткен, қашан шығады деп. Он тоғызыншы ғасырда шықпай жатып, даңққа кенелген сол Гончарьдың романы болса, жиырма бірінші ғасырда біздің Баянғалидың «Сказ столетнего степняка» романы да жай шығарма емес, ғажап шығарма. Қайталап айтам, ондағы оқиғалар біздің тарихымыз, трагедиямыз. Бұл Баянғалидың өнер жолына қоса, проза жолындағы үлкен жетістігі. Соңғы жиырма бірінші ғасырда үш-төрт жақсы роман бар болса, соның біреуі осы роман. Оның үстіне орыс тілінде жазылған. Бұл кітап қазір Біріккен Ұлттар Ұйымына, бәріне тарап кетті. Жапонияның астанасы Токиода да тұр. Өйткені, жапондар Ресейдің кітаптарын бірден алады. Нағыз романның жүгін көтеретін, халықтың жүрегіне жол табатын, халықтың тағдыры терең сипатталған туындыны Баянғали неге орысша жазып шыққан? Себебі, дарын деген ұлы қасиет. Сол дарынының арқасында ол екі тілге де бірдей жүйрік. Қазір өзі Баянғалиды зерттеу үшін бір институт, бір академия керек. Үлгеру мүмкін емес. Өйткені, ағып тұр. Әдебиеттің бүкіл жанрларында жазады. Сондықтан, Байеке, осынау жаңа кітабың құтты болсын, лайым осылай жарқырап көріне бер!

Жазушының жаңа жетістіктері

2019 жылдың 29 маусымында белгілі жазушы-драматург, манасшы, жерлесіміз Баянғали Әлімжановқа Халықаралық түркі академиясының «Түркі әлемінің Манасшысы» №2 куәлігі берілген еді.

Содан бері де қаламгердің шығармашылық жолы жаңалыққа толы. Алдымен, Ресейдің «Детская роман-газета» журналында орыс тілінде жазған «Доброжелательный Аскар» ертегісі басылды. Бұл орайда, таралымы мол әйгілі журналдың мұқабасы да осы ертегінің желісімен салынған иллюстрациялық суретпен безендірілгенін айта кету керек.
Бұдан бұрын әдебиетіміздің сегіз қырлы, бір сырлы белді өкілінің 12 томдық шығармалар жинағының жарық көргенін көзі қарақты оқырман білуге тиіс. Енді міне оған жуырда тағы төрт том қосылып, жазушының әртүрлі жанрдағы шығармалары 16 томға жетіп отыр.
Біз жерлес қаламгерді осы жетістіктерімен және 65 жасымен құттықтап, алда да зор денсаулық, жаңа шығармашылық табыстар тілейміз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар