2020 жылғы 1 қаңтардан бастап!..

Осыдан бірнеше күн бұрын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов тұрмысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің және көп балалы отбасыларға төлемдер тағайындаудың жаңа тетіктерін енгізу туралы ұсыныс жасады. Бұл өзгерістер 2020 жылдың қаңтарынан бастап енгізіледі. Бұл өзгерістерге қаншалықты сенім артуға болатыны туралы Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Шолпан Рахматуллинаны әңгімеге тартқан болатынбыз.

Әлеуметтік көмектің жаңа түрі

– Атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа тетіктерінің енгізілуі қандай қажеттіліктен туындады, осыған толғырақ тоқталсаңыз.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік көмектің жаңа тетіктерін тағайындау, оны адамдарды жұмыссыздыққа емес, еңбекке ынталандыратындай етіп қайта қарау қажеттілігі туралы айтқан болатын. Бұл қажеттілік әлдеқашан туындаған. Өздеріңіз білетіндей, АӘК-ті алуда кейбір адамдар мемлекеттен ақша алу мақсатында табыстарын жасырған фактілер жария етілді. Біздің облыста да мұндай жағдайлар аз емес. Бүгінгі таңда 916 отбасына АӘК-ті төлеу тоқтатылды, 135 отбасы 32 миллион теңге көлеміндегі ақшаны бюджетке қайтарып берді. Әлеуметтік келісім-шартты бұзу жағдайлары жиі кездесті. Әсіресе, отбасын асырудың орнына ұсынылған жұмыстан бас тартқандар да болды. Өйткені, оларға жұмыс істегеннен гөрі балаларға көмек алу тиімдірек болды. Ал, ендігі жерде бәрі басқаша болады.
– Жаңа форматтағы мемлекеттік көмек кімдерге және қалай тағайындалады?
– Мемлекет ең алдымен балалар мен көп балалы отбасыларға көмектеседі. Бүгінгі таңда Министрлік үш негізгі бағытты қамтитын шаралар кешенін әзірледі. Біріншіден, көп балалы отбасылар жеке санатқа орналастырылады. Оларға табыс деңгейі ескерілмеген кепілдендірілген жеңілдіктер беріледі. Бұл көп балалы аналардың қаржылық жағдайы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, олардың беделін әділ мойындау болып табылады. Екінші бағытта табысы төмен азаматтарға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға бұрынғыдай АӘК өлшемдері төленеді және олар жұмысқа орналасуға ынталандырылады. Үшіншіден, барлық АӘК алушылардың балаларына, оның ішінде мектеп жасына дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылады.
– Сонымен, көп балалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы мөлшері қандай болады және біздің облыста қанша көпбалалы отбасы бар?
– Орташа есеппен алғанда, мемлекеттік жәрдемақы мөлшері әр балаға шамамен 10-11 мың теңгеден келеді. Яғни, 4 баласы бар отбасы үшін – 42500 теңге, бес балалы отбасыға – 53125, алты балалы отбасыға – 63750 теңге, 7 баласы бар отбасыға – 73370 теңге. Біздің облыста 3067 көп балалы отбасы бар, оларда 13 мың бала тәрбиеленуде. Менің ойымша, бұл көпшілік үшін жақсы қолдау, әділдік болады. Бұл ретте жан басына шаққандағы табысы, осы жәрдемақымен қоса, 21 мың теңгеден төмен отбасылар бұрынғыша атаулы әлеуметтік көмек алады.
– «Жұмысқа ынталандыру» термині нені білдіреді? Мәселен, ауылда жұмыс болмаса, оны қалай ынталандыруға болады?
– Өте орынды сұрақ. Оның көптеген механизмдері бар. Алдымен, «Еңбек» бағдарламасының әлеуетін барынша арттыру жоспарлануда. Сондықтан, табысы аз отбасыларға мемлекеттен субсидияланатын жұмыс орындары беріледі және жеңілдетілген шағын несиелер мен бизнесті бастау үшін қайтарымсыз гранттар ұсынылады. Нақтырақ айтсақ, біздің көптеген АӘК алушыларымыз қазірдің өзінде гранттар алып, ауылда шағын кір жуатын орындар, ателье, шеберханалар ашты. Оған қоса, сиыр сауу машиналарын сатып алды. Мұның бәрі тұрақты жұмыс табу қиын болған кезде де қолжетімді шағын бизнестің нақты мысалдары. АӘК тағайындаудың негізгі шарттарының бірі – жұмыс істеу және отбасына деген жауапкершілікті күшейту. Көмек тағайындаудың жаңа форматына сәйкес, егер еңбекке қабілетті отбасы мүшелері ұсынылған жұмысқа бармаса және жұмысқа орналасудан бас тартса, АӘК төлеу тек оған ғана емес, сонымен бірге бүкіл отбасына тоқтатылады. Яғни, өкінішке орай, балаларға да ақы төленбейді, деген сөз.
– Бүгінгі таңда тұрмысы төмен отбасылардың балалары мектептерде ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Демек, жаңа форматтағы мемлекеттік өзгерістер бойынша балаларға берілетін әлеуметтік пакетке тоқталып кетсеңіз?
– Әлбетте, балаларды қолдау шаралары айтарлықтай маңызды. Бастапқыда балалар тағамы мен гигиеналық заттарына бұрын-соңды болмаған қаражат бөлінетін болады. Баланың жасына байланысты оларға жарма, жеміс пюресі, шырындар, гематоген, сүт өнімдері берілетін болады. Оқушыларды мектептерде ыстық тамақ, мектеп киімдері мен керек-жарақтарымен, жол жүру шығындарымен қамтамасыз ету қарастырылған. Сондай-ақ, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу аясында барлық балалар ақысыз медициналық көмек алуға құқылы.
Менің ойымша, бұл бағыт өте маңызды. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында біз басты мақсатқа, яғни, балаларға қажеттінің бәрімен қамтамасыз етуге қол жеткізе аламыз. Егер біздің балаларымыз тамақ пен киімнен тарықпай, толыққанды білім алып, денсаулықтары мықты болса, біз де ұрпағымызбен бірге бақытты болашаққа қол жеткізетін боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар