«БЛЭК» өнімдері – Көкшетаудың бренді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласының бірнеше әлеуметтік және өндіріс орындарының жұмысымен, көше жолдары,

үй аулаларының жөнделіп, көркейтілуінің барысымен танысты.

Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңі басталғандығын осы шаһардың бүгінгі ахуалының тыныс-тіршілігінен айқын байқауға болады. Ең әуелі, облыс әкімі Ермек Маржықпаев Сүлейменов көшесінің бойында орналасқан «Хюндай орталығы – Көкшетау» автосалонына барды. Автосалон басшысы Марина Радионованың айтуынша, бүгінгі күні мұнда кореялық хюндай автокөліктерінің бес түрі саудаға қойылған. Шетелдік көліктер Қостанай қаласында құрастырылады. Көлік сатып аламын деушілерге мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдіктер де қарастырылған.
Бұдан әрі, облыс әкімі ағаштан қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысатын өңіріміздегі айтулы кәсіпорындардың бірі – «Блэк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс фабрикасының жұмысымен танысты. Солтүстік өнеркәсіп аймағында жуырда ғана ашылған фабриканың аумағы 3,5 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда өз істерін жетік білетін он саусағынан өнер тамған 100-ден астам шебер еңбек етеді. Серіктестік өнімдері тұрмыста да қолданылады және сыйкәде ретінде де пайдаланылады. Биыл кәсіпорынның ашылғанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде кәсіпорын аяғынан нық тұрып қана қоймай, бүкіл республикаға танымал болып отырған жайы бар. Бұл туралы кәсіпорынның атқарушы директоры Роман Никитенко кеңінен айтып берді. Оның айтуынша, кәсіпорын қазақтың ұлттық бұйымдары мен тұрмыстық заттарын ағаштан оюды және ағаштан үй құрап салуды мықтап қолға алған.
Фабрикада ағаштан ойып жасалған ұлттық бұйымдар мен тұрмыстық заттар көздің жауын алады. Мұнда жиналмалы дөңгелек үстел, ұлттық оюмен өрнектелген кебеже мен үй жиһаздары, астау сияқты ағаш ыдыстардың көптеген түрлері шығарылады. Шеберлердің ұқыпты қолымен ойылған сапалы бұйымдар көпшіліктің көңілінен шығуда. Бұйымдардың барлығы шеберлердің ізденісінен туындап, барлық технологиялық ережеге сай ерекше сәнмен орындалғаны көрініп-ақ тұр. Ендігі уақытта өндіріс жаңаша леп алып, шеберлер әр бұйымды қашаумен ойып, уақыт өткізіп отырмайды. 3Д принтері арқылы автоматты қондырғының көмегімен жасайды. Бұл жылдам, әрі тұтынушының сұранысын айнытпай орындауға мүмкіндік бермекші. Облыс басшысы Ермек Маржықпаев ұжым мүшелерімен кездесіп, мерейтойларымен құттықтады. Сондай-ақ, ұжымның 30 жылдық мерейтойына тарту ретінде келер жылы кәсіпорынға кіре берістегі 150 метр жолға асфальт төсеп беретінін айтты.
– «Блэк» серіктігінің өнімдері біздің рес-публикадан тыс елдерге де танымал. Сіздер шығарып отырған ұлттық нақыштағы астау-лар Көкшетаудың бренді болып саналады, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.
Сонымен қатар, облыс әкімі Центральный шағынауданында мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі шеңберінде жұмыс істеп тұрған «Болашақ» балабақшасында болып, күрделі жөндеу жұмыстарына назар аударды. Қазіргі уақытта Көкшетау қаласының біраз көшелері мен үй аулаларының жөнделіп, түнгі уақытта жарықтандырылып жатқандығы облыс орталығының тұрғындарын шынайы қуантып отыр. Осы орайда, «Көкшетау-Зеренді» күре жолынан бастап Жайлау ықшамауданына дейінгі ұзындығы 1,9 шақырым Вавилов көшесін жөндеу жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған. 15 жылдан бері мүлдем жөндеу көрмеген көшені жөндеу жұмыстарын «Көкшетау автожолдары» серіктестігі қолға алған. Жоба бойынша бағдаршам, аялдамалар орнатылып, жол жиегінде суағарлар, көлік тұрақтары салынып, гүлзарлар жасалып, көше толығымен жарықтандырылды.
Аталмыш көшенің осы заманға лайықты әрі тұрғындардың қатынауына қолайлы болуына мән беріліп отырылғандығын облыс әкімі Ермек Маржықпаев мақұлдай отырып, қаланың өзге көшелеріндегі күрделі жөндеу жұмыстарын да ширату қажеттігін тапсырды.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының», өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар