Ақындардың аққуы

Сырбай Мәуленов

Сәкен, Сәкен!
Осы есіммен
Тебіреніп бүгін мен,
Келем Сәкен көшесімен,
Келем Сәкен жырымен.

Алатаудың заңғарына
Ақша бұлттар асылып.
Алматының албарында,
Ақ бұлақтар шашылып…

Секіреді ақ аспанға,
Атылып ақ тиын боп.
Жабысады ағаштарға,
Аппақ бүршік түйін боп.
Сен ойлаған ақ күн туды,
Қайдасың сен, ақыным?
Өзің еккен бақ құлпырды,
Қайдасың сен, ақыным?

Сарыарқаның сандал тауы,
Сағыныштан сарылып,
Сарыарқаның самал таңы,
Қызыл аттай сабылып…

Келе жатыр көк жиектен,
Қызыл жалау – сұңқар бұлт.
Көмкерілген көк жібекпен,
Көтеріп бір сыр сандық.
Сол сандықта бір сыр жатыр,
Өзің айтқан термеде.
Сол сандықта бір сым жатыр,
Өзің таққан пернеге:

«Сыр сандықты ашып қара,
Ашып қара, сырласым.
Сым пернені басып қара,
Басып қара, жырласын».

Аулада тұр гүлдеп өрік,
Алматының жазында.
Жүргендей ол гүлдер егіп,
Жаңа бір жыр жазуға.
Амандасып ұлы Абайға,
Қайта басып өр үнге.
Жүзгендей ол Бурабайда –
Ақындардың көлінде.

Қайта жырым оқылса екен,
Дейтін туып ақ күні,
Ортамызда отыр Сәкен –
Ақындардың аққуы…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар