Жайқала түсер жас көшет

Өткен сенбі күні республика бойынша өткізілген «#Birge #JasylQazaqstan» жалпыреспубликалық экологиялық акциясы Ақмола облысында да аса белсенділікпен өтті. Аталмыш іс-шара Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен Атбасар қаласында бастау алып, өңіріміздің барлық елді мекендерінде аса қарқынмен жалғасты. Экологиялық мәдениетті сақтауға бағытталған іс-шараға 7 мыңнан астам адам қатысып, 13 860 ағаш отырғызылды.

Көкшетау қаласындағы Сарыарқа шағын ауданында өткен акцияға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіқалықов қатысып, жиналған қауымға жылы лебізін білдірді.
– Біз болашақ ұрпаққа тұмса табиғатты бұзылмаған күйінде жеткізуіміз керек. Осы орайда, өңір тұрғындарын жасыл желектердi аялауға және жаппай ағаш егу шарасына белсендi түрде қатысуға шақырамыз, – деді аймақ басшысының орынбасары. Көкшетау қаласындағы Сарыарқа шағын ауданында акция аясында 104 қарағай көшеті отырғызылды. Аталмыш іс-шараға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, қоғамдық бірлестіктердің көшбасшылары ат салысты.
– Бүгін бүкіл республика бойынша дәстүрге айналған көгалдандыру акциясы өткізілуде. Аталмыш іс-шараға Ақмола облыстық мәдениет және архивтік құжаттар басқармасының ұжымы да бір адамдай жұмылып, өз үлесін қосуда. Ертеңгі күні жасыл желек жайқалып өссе, қаланың ажарын аша түседі ғой. Біз сүйікті қаламыздың әсем әрі көркем болғанын қалаймыз, – дейді басқарма басшысының орынбасары Гүлмира Бекназарова.
***
Көкшетау қаласының Щучинск қаласынан кіреберіс бетте орналасқан «Көкшенің ерке самалы» стелласының маңайында ағаш көшеттері отырғызылып, тазалық шарасы жүргізілді.
Бұл экологиялық акцияға Көкшетау қаласының әкімдігі, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің қызметкерлері кеңінен атсалысты. Олар алдымен стелланың маңайын күл-қоқыстан тазартып, ағаш көшеттерін отырғызды. Осы орайда, Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Марат Айжарықов акция қатысушыларына ағаш көшеттерін қалай дұрыс отырғызу керектігін түсіндіріп өтті.
–Күз мезгілінде екі рет экологиялық акция өткізу туралы Президенттің арнайы тапсырмасы бар. Біріншісін қазан айының басында өткізген болатынбыз. Соның аясында мектеп және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 788 түп ағаш көшеттері отырғызылды. Ал, бүгін Уәлиханов пен Саин көшелерінің қиылысында 150 түп шаған ағашы мен 85 түп қарағай ағашының көшеттерін отырғызамыз, – деген бас маман осы экологиялық шараға қалалық әкімдік жанындағы барлық мемлекеттік мекемелердің қызметшілері, «Көкшетау тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорнының жұмысшылары тартылғанын тілге тиек етті. Айта кетейік, экологиялық акцияға Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова да қатысты.
Экологиялық десант Ақмола облысының барлық аймақтарын қамтыды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар