Мұса Асайынов – 90

Жыр төккен қанат қаққан аққудайын…

Дауылпаз Сәкен тойынан кейін кербез Көкше өңірі тағы да бір ақын тойы қамында. Ертең 18 қазан күні кешкісін «Көкшетау» мәдениет сарайында ақтаңгер өнер иесі, Қазақ КСР-інің еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, Үкілі Ыбырайдың немересі Мұса Асайыновтың туғанына 90 жыл толуы құрметіне үлкен шығармашылық кеш өтеді. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген әншілер мен жергілікті өнерпаздар кеш бағдарламасында халқымыздың белгілі әнші-композиторларының көпшілікке кеңінен танымал әндерін орындап, өнер сүйер қауымды Мұсаның өз туындыларымен сусындатады.
Қазақтың, соның ішінде өзі туып-өскен Көкше елінің мәдени саласында үлкен із қалдырған Мұса Асайынов 1929 жылы Айыртау ауданының Үкілі Ыбырай ауылында дүниеге келген. Жастайынан асыл атасына тартып, үздік әнші болды. Он алты жасынан Солтүстік Қазақстан облыстық филармония-сына жұмысқа қабылданып, әншілікпен бірге суырып салма айтыс өнерінде де үлкен биіктерді бағындырды. Қамшының сабындай қысқа өмірінің негізгі бөлігін Көкшетауда өткізіп, әншілік-айтыскерлік өнердің үлкен мектебін қалыптастырып кетті. Өзі де сан додада дара шауып, Жамбыл атамыздың 125 жылдық тойына арналған республикалық ақындар айтысында бас жүлдені иеленді. Сондықтан, Көкшетауда өткелі жатқан ертеңгі ақын-әнші мерейтойын жерлестерінің Мұсадай дүлдүл перзентіне деген ыстық жүрек ықыласы мен сарытап көңіл сағынышы деп қабылдасақ, бұл ақтангер ақын болмысына әбден жарасып тұр!

Мен келдім Көкшетаудың бауырынан

(Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған
республикалық ақындар айтысындағы толғауы)

Мен келдім Көкшетаудың бауырынан,
Сал-сері ақындардың ауылынан.
Өлеңім нажағайды суырады,
Көктемнің шатырлаған жауынынан.

О, әнім сілкіндірші Алатауды,
Үнім бар қаусыратын Қаратауды,
Сөзім бар жүректерді балқытатын,
Кезім бар кемсеңдейтін шал атаулы.

Сырым бар Сырдариямен сырласа алар,
Ойым бар зиялымен мұңдаса алар,
Жырым бар жарқылдаған алмастайын,
Тілім бар қай ұлтпен де тілдесе алар.

О, Көкшем жүрегімде жыр ұштадың,
Көтерген Жамбыл ата туды ұстадым.
Жұртым-ау, құтты болсын тойларыңыз,
О, менің Қазақстан-Гүлстаным!

Тебірінбес қандай ақын Жәкең десе,
Жырымен бір жаңалық әкелмесе.
Төбеме қолым қойып өтер едім,
Сенімің, ақын бабам, өтелмесе.

Мың сәлем жолдап қалды-ау, атырабым,
Бастаған болашаққа батыл адым.
Жүз жасаған Жәкеңнің зиратына,
Көкшемнің ала келдім топырағын.

Жан-жақтан саңлақ ақын келеді деп,
Көкшетау ақын өскен ел еді деп,
Әкелдім Оқжетпесін, сексен көлін,
Шомылған Шоқан бабам көлі еді деп.

Көкшетау туып-өскен жерім дархан,
Ақ бидай, алтын дәнге толған алқам.
Жыл сайын Отанымның қоймасына,
Тоннаны алты миллион сыйға тартам.

Сол дәндей жанкүйерім, тілектесім,
Көмейден құйылып жыр шүмектесін.
Көрейін Құлагердей тұяқ тастап,
Шабысым шабытыма тірек болсын!

Ақтаңгер ақын, талмас талант

Марқұм Мұса дүние салғаннан кейін 1978 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Аңшының аңызы» деген өлеңдер жинағының бесінші бетіндегі «Шабытым» деген өлең өткенді көз алдыма айнытпай келтіреді.

Иә, туған өлке – көрікті Көкшесін өлең-жырмен өрнектеп, әуезді әндермен айшықтаған тума талант, арқалы ақын Мұсамен бірге болған балғын шақ, жылысып өткен жылдар «кел мұндалап» тұрғандай күй кешудемін….
1942 жыл. Ақырып – қазан. Қара қаптал күз. Әке, ағалар бірінен соң бірі туған елді гитлершіл жендеттерден азат ету үшін майдан даласына аттануда. Ауылдағы бар ауыртпалық кемпір-шал, қатын-қалаш, бала-шағаның пешенесінде. Буыны бекем бекіп, бұғанасы еркін қатпаған 11-13 жастардағы көгенкөз біздерді тағдыр тәлкегі – жұмыскер, тай-торпақты мініскер болуға мәжбүр еткен-ді сол бір күрең қабақ күндерде.
Бірде, Октябрь мерекесінің қарсаңы болу керек. Сулыкөл ауылының алқаптағы егінін шөмелеге салысып, бастырысуға бардық. Сүйреткімен масақ бауды итарқа-шошаққа жеткізіп жүрген көліктің сыңары көзін аларта, өлексідей қыбырсыз жатып алмасы бар емес пе. Сонда бала Мұса үш салалы ағаш айырын домбырадай «безілдетіп»:
Ала өгіз енді қитарланып тұрмайды,
Әкеліңдер, талғажау етсін қурайды.
Жан тапсырса әлдеқалай бұл неме,
Болсаңдаршы, құнын бізден сұрайды! –
деп қам-көңілімізді су сепкендей сейілткені бар-ды. Жұмыс соңында жетекшіміз, Казгородок орта мектебінің мұғалімі Бәйкен Әшімовтің басшылығымен Жартөбенің астында, шама-шарқымызша концерт қойып, қажыған колхозшылардың көңілдерін көтердік.
Еркін Нұржанұлы Әуелбеков пен Мұса Мырзақұлұлы 6 «А», Аманолла Рамазанов, Шұғай Баймағанбетов үшеуіміз 6 «Б» класында оқитынбыз. Сабақ арасындағы үлкен үзілісте де Асайыновтың ән айтып, домбыра тартқанын қалайтынбыз. Тоқсан аяғында парталас екі шәкірт тәртіпсіздік көрсетіп, жалпы жиналыста сыналған болатын. Сонда, оқушылар комитетінің мүшесі Мұса:
Алтыншы «Б»- ның балалары, балдары,
Екілік алды өңшең «сері, салдары».
Түлкібай мен Сәркеннің,
Қандай болмақ бұдан әрі халдары? –
деп жұрт алдында оларды қатты ұялтқаны бар-ды.
Уақыт зымыран, жүйрік емес пе. Мектептес досымнан көз жазып та қалдым, жиен ағасы Молдахмет Тырбиев оны қамқорлығына алып, ақындыққа баулып, Қызылжар-Петропавлдың филормониясына әншілікке орналастырыпты. Содан бері Мұсамен жүздесудің сәті түспей жүрген.
Ауылға «Артистер келіпті» деген соң мен де тұрғыластарыммен ат қорада қойылатын концертке бардым. Бірер әнші, бишіден кейін басында пұшпақ бөрік, үстінде қазақи шапан, қолында ақ домбырасы бар он бес-он алты жастардағы балаң жігіт жұрт алдына шығып, Біржан, Ақан, Ыбырай аталарының әндерін өзіндік үн-әуенмен тамылжытсын-ай кеп. Өнер құмар қауым Мұсаны «сахнадан» босатқысы жоқ. Ол көпшіліктің қалауына орай өзі шығарған өлең, жырларын шабыттана шырқады-ай дерсіз.
Әттең, өкінішке орай кенеттен кезіккен өкпенің қабынуы болмаса, Асайынов өрісті өнерге құлаш сілтеп, әншіліктің даңғыл жолына түсіп, еліміздегі ең үздік әншілердің қатарында болар еді. Ауыр сырқат аурухана мен Бурабайдан ұзатпады. Ол өмір үшін қатты арпалысты.
1964 жыл. Әсет – шілде. Атақты ақын Сәкен Сейфуллиннің туғанына 70 жыл толуына байланысты астанамыз Алматыдан басталған той Айыртауға алмасып, Сырымбеттегі салтанат Үкілі Ыбырайдың Жалғызтау – Сандыбай бұлағына келіп тоқайласқан-ды. Атақты жазушы Сәбит Мұқановтың басшылығындағы, той-думан Үкілі Ыбырайдың немерелері Мұса Асайынов пен Кәрім Тахауиндердің шабытына қозғау салып, арқалы ақын атаның екі немересін жарыстырғаны бар-ды. Сонда Сәбең көктен іздегенін жерден тапқан балаша қуанып:
– Бәсе, пай-пай! Тума талант, арқалы ақын Ыбекеңнің мирасқорлары ауыл-елде бар екен-ау! Бәрекелді, жарады! Дауылпаз Сәкен ағаларының құдірет-қасиеті екеуіңді де жебеп-желеп, Кәрім қалқам, сен Ыбырайдың айта алмай кеткен сөзі бол, Мұса шырағым, Үкілі атаңның өзі, халқымыздың шырағдан-көреген әндерін жандырған көзіндей болуға машықтан. Жыр сайысына шебер екенсіңдер. Мүшәйра-айтыс, суырып салып бәсекелесу – өнер жанрындағы ең биік өре, жөпшендіге асу бермес шың сияқты биіктік. Сөздерің нәрлі, ән-мақамдарың әрлі екен! –деп екі жасқа ақ батасын берген еді…
Мұса да, мен де дәрігерлердің кеңесімен Көкшетау қаласында қоныстас болдық. Асайынов мәдениет бөлімнің жанындағы драма үйірмесі мен домбыра ансамбліне жетекшілік етті. Мұсаның айтыскер жас ақындарға басшылық еткені бір төбе.
Біз көкшелік, өнерқұмар жастардың басын құрастырып, Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасын, «Қыз Жібек» либреттосынан үзінді, Сәкен Жүнісовтің «Ажар мен ажал» драмасы, тағы басқа да қойылымдарды ел назарына ұсындық. Жақын ауылдарға концерт қойып, қабілетті қыз-жігіттерді өркенді өнерге баулу да Мұсаның мақсаты болатын.
Ол мүшәйра-сайыста жанына батқан сырқатты да елемегендей, аруақтанып кететін. Асайынов өзі қатысқан қай-қай айтысында да шашасына шаң жұқтырмайтын сәйгүлік-жүйріктей самғап, үнемі жүлдегер танылып жүрді. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық торқалы тойында республикалық айтыстың бас бәйгесін иеленіп, шын саңлақ екендігін танытқандығын Мұсаның мына бір шумақтарынан сезінер едіңіз:
Жыр төксем қанат қаққан аққудайын,
Үкілі Ыбырай салған «Гәкку» дайын.
Тойына қарт жыраудың шашу қылып,
Арқаның ала келдім ақ бидайын.
Осыдан кейін төкпе жыршы, үздік әнші Мұса Асайыновқа «Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» атағы берілді.
Бір күні Мәдениет сарайына қарай кетіп бара жатқан Мұсаны қуып жетіп, «Ассалаумағалейкум, жетекші-бастық!» – деп едім, ол:
–Уағаләйкумәссалам, қырқадан ептеп астық.
Жүйрік аттай жүруші ем бұрын шалқақтап,
Қоштаспаса не қылсын, қайран жастық, –
деп тақпақтай түсті де, ізінше жайдарыланып сала:
– Өзіңе айтар кеңес, тілек ойым бар,
Кәкімбек бауырым жіберген қойым бар.
– Көңілі жақын дос-жаран, туыстармен,
Аз-кем бірге болсам деген шағын тойым бар –
деп ол қонаққа шақырды.
Ән айтылды, күй шертілді. Бірақ, иә, бірақ біздер Мұсамен кешікпей мәңгілікке қоштасатынымызды сол кеште білмеппіз-ау, шіркін!

Кәрім Ілиясов,
әнші-сазгер.
1989 жыл.

Асқақ әнші, асқан дарын

Есіл-Көкше өңірінің асыл ұлы, күміс көмей, жезтаңдайдай әншісі, лирик ақыны, адуынды да арқалы айтыскер, ел намысын қорғай білген саңлағы, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Мұса Мырзағұлұлы кездейсоқ өнерпаз емес, оның арғы аталарының айтулысы – Сәбден Абылай ханның батыры, әрі балуан, әрі зергерлік құрған ұста, шебер кісі. Сәбденнен Деріпсал, одан Әбіле, Маңдай, Сандыбай туады. Сандыбайдан атақты ел дүлдүлі Үкілі Ыбырай туса, Мұса Сандыбайдың ағасы Маңдайдың туған немересі. Бұл ұрпаққа, асыл әулетке Сәбденнің ұсталығы дарып, Сандыбай ұста, үздік зергер атанса, Ыбырай қазақтың заманында алдына жан салмаған әншісі, ұлы композиторы, ақтаңгер ақыны болды.

Мұсаның әкесінің ағасы Смағұл қарт ауылдың ұстасы, аймақтың он саусағынан өнері тамған зергері ат-тұрманнан алмас қылышқа дейін, сақина мен жүзіктерден бастап алтынмен аптап, күміспен қаптаған асыл бұйымдарға дейін жасайтын. Ол кісінің Сталиннің 70 жылдығына арнаған кішкентай гербін Мәскеуде оқып жүргенде мұражайдан көргенім бар.
Мұса асыл атасы Үкілі Ыбырайға тартып туған үздік әнші болды. Ол аспандата шырқап ән сала бастағанда аспалы шам теңселетін де, хрустальді шашақтары сылдыр қағатын. Алты қырдың астына жететін ұлы бабасының қуатты дауысын Мұса, шын мәнінде, қайталап берді. Оның жүрген жері дархан салтанатқа, ән базарына айналатын.
Мұса екеуміз туған бөлеміз. Оның анасы Бағи менің шешемнің туған апасы. Мырзағұл жездеміз әйдік домбырашы атанды, ол кісі ұлының алты жаста басталған әнге құмарлығын білсе де, қызығын көре алмады. Жастайынан әкесіз қалған Мұсаны ауқатты тұрмысы бар Бағи апамыз ойын-сауық пен ән-күйге ынтық талабына бөгет жасамай өсірді. Оған қоса халық ақыны Молдахмет Тырбиұлы Мұсаның әншілігіне үлкен мән беріп, бала қырандай баулып, қасынан тастамады. Молдекең Үкілі Ыбырайдың төл шәкірті болғандықтан да Мұсаға нағашылығынан гөрі, ұстазымның тартып туған немересі деп үлкен үмітпен қарап, бала қыран кезінен баулып, үлкен өнерге жеткізді. Жас талант өскен сайын өрге шапқан жүйріктей өршелене түсті, дауысы ашылып, «әнші Мұса» аты тез шыға бастады. Молдекеңнің бір ғажабы: ол талапты жастарға Орынбай, Шөже, Арыстан сияқты ақындардың айтыстарын және Ақан сері, Нияз сері, Сегіз сері, Біржан сал, Шал ақын, Үкілі Ыбырайдың әндерін өзінің бойына біткен әншілігімен, ұстаздың ықыласымен үйретіп кетті. Ақын атамызды үлкендер «Молда-аға», ағайын-ел «Бота» дейтін, ол кісі өте бауырмал, мейірбан жан еді. «Халық жауы» атанып кеткен Үкілі ЬІбырайдың өлеңдерін жасырын түрде, өте ұғымды, қонымды түрде көкірегімізге бөлеп берді. Алдымдағы ағаларым, ауылдас бауырларым: Мұса, Кеңес, Үмітбай, Сүният, Тұрсынбайлармен бірге мен де «Гәккудің» бір түрін, «Қарақат көзді сым саусақты», Балуан Шолақтың «Ғалиясының» бір түрін өз аузынан ерте үйрендім.
Мұса – орта бойлы, қараторы, кең маңдайлы, ақжарқын, қапсағай келген қыр мұрынды керімсал келбетімен алыстан көз тартатын. Жарасымды киініп, бойын таза ұстап өсті. Жаны елгезек, қолындағысын айналасына таратпай тынбайтын, көпшіл де сепшіл, сенгіш те нанғыш, жаны таза бауырмал-тын. Ол ән салуға ерте машықтанды, ал 1946 жылы Сырымбеттегі Казгородок орта мектебін бітіруге бір жыл қалғанда Қызылжардағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының әншілігіне алынды, тым жас еді. Өкініштісі, оқуы үзілді, жоғары оқу орнына әйгілі атақ-даңқы жібермеді ме орта біліммен қалды. Бағи апамыз Мұсадан үлкен Ермек атты қызымен Үкілі Ыбырай ауылы емес, Молдекең тұратын атамекеніміз «Еңбек» атты ауылда тұрды. Шаруасына мығым, сауын бие ұстап, мінер аты мен арбасын да өте баптап ұстайтын. Шаршы топта әйелдермен емес, ерлермен өрелі әңгіме шертіп отыратын парасатты кісі еді.
Мұсаның дауысы өте биік тенор, ал дыбыс көлемінің аумағы, музыка тілінде, диапазоны орасан кең, өзге адамда кездеспес айрықша жоғары-тын. Мұсаның әнінен бесіктегі бала тәтті ұйқысынан оянып шыр етсе, тыңдап отырған қауым да ілкім сәтте селк ете қалып, шошып оянғандай еріксіз күліп жіберетін. Қаншама рет тыңдасақ та, соншама рет үр жаңа естігендей қайран қалатынбыз. Кейде әу дегенде қозы-бағланның жаңа маңыраған уыз дауысындай балғын әуез таң қалдыратын. Мұсаның әннің әуенін әсірелеуі, әдемілеуі, көтермелеуіне жігін білдірмей төмендете салуы ұлы дарынның да- рыған шарапаты шығар. Әсіресе, Үкілі Ыбырайдың «Гәккулерінде» кездесетін музыкалық қиын жерлерін асқан шеберлікпен көрсетіп, әншіліктің, шырқау шегіне жеткізуші еді. Музыка тілінде негізгі дыбыстың төмен не жоғары түсіп бір ауқымның ішінде ерекше үйлесімді баппен үрдіс өзгеруін альтерация десе, ол айтылып жатқан әннің барша қарқынымен бір деңгейден екінші деңгейге түсіп қайта шығу орындаушылықтың нағыз кереметі екен. «Дыбыстың сұлулығы мен үйлесімін соншама түрлендіретін бұл шеберлік жалпы Үкілі Ыбырай «Гәккуінің» ерекшелігі» деп орыстың атақты композиторы Тихон Хренниковтың айтқанын есейген кезде естігенім, Ыбырайдың да, Мұсаның да қандай дәрежедегі өнерпаздар екенін көңіліме қондырды.
Мың бұрауға көнетін үзімтал да сезімтал асыл дауыс анасының ақ сүтімен келсе, сал-серілердің әншілік шеберлігін жас өнерпаз Молдекеңнен үйренді, құдай бергенде, Молдекең өте жақсы әнші, үздік домбырашылығымен Біржан салдың, Ақанның, Ыбырайдың, Балуан Шолақтың өлеңдерін орындағанда әрқайсының өз ырғақ, өз сарыны, өз музыкалық һәм орындаушылық ерекшеліктерін, тума мақамын айнытпай түсіретін.
Молдекеңнің ұзақ күн, ұзақ түн ән салуға жалықпай, айтыстар мен лиро-эпостық дастандарды Үкілі Ыбырайша бірнеше күн айтуға шаршамайтын орасан еңбекқорлығы да Мұсаға жұғысты болды, толығымен дарыды. Мұсаның орындаушылық шеберлігі, өлеңнің сөзін айқын жеткізе білуі мен музыкалық сырын терең аша білгіштігі оны өз қатарынан оздырды. Мұсаны күнде естіп қасында жүрген өзіміз аз күн көрмесек қатты сағынатынбыз. Ал өз басым асыл ағаммен кездесуді өмірдің басқа ешбір қызығына айырбастамастай болдым. 1949 жылы тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде домбырашылар қатарында мектептес досым Ұлан Айтымақұлы Ементаев екеуміз Айыртау аудандық сайыстың бас жүлдесін иеленіп, Көкшетау облыстық олимпиадасында да бірінші орынға іліктік, бәйгесін алдық, қуандық. Бізді үйге қайтармастан Алматыдағы республикалық сайысқа апарамыз дегенде мен барудан бас тарттым. Оның себебі Айыртау ауданы Бірлестік ауылында, дәл сол кезде біздің үйде, Мұсаның Мәстура атты сұлу актрисаға үйлену тойына дайындық қызу түрде жүріп жатқан болатын. Әншілік өнерімен үздік шыққан Сырымбеттің бұлбұлы, «Сырғақтының» шебер орындаушысы әйгілі Жамал Ақбұзауова да Алматы сапарынан бас тартты. Екеуміз директорымыз Мұсахан Қанапиянов берген әсем арба жегулі Көкжорғамен Көкшетаудан Сырымбетке бірге жеткенбіз. Ұлан болса сол жолы Алматыға кеткенінен ауылға оралмады. Жақсы әнші, үздік домбырашы музыкалық мамандық жолымен өз өресіне жетті. Мен үшін Мұсаның әнін тыңдау үлкен қуаныш болатын.
Сол жолы Мұсаның үйлену тойы да болды, мезгіл жаздың қызуынан самалы басым кез, есік алдындағы көгалға кілем төсеп, Мұсаға ән салдырғанда бүкіл Бірлестік ауылы дереу жиналатын. Мұса қою қалың қара шашын оң қолымен бір қайырып тастап, екі көзі күлім қаққанда қай әнді айтса да нақышына келтіріп, өте мәдениетті һәм түпнұсқадан аумайтын түрінде айтудан жалықпайтын. Мұсамен қоштасу азап, кездесу ғажап болушы еді, ол тек қана тел өскен бауырластықтан емес, өнеріне, әніне, мінезіне деген сүйіспеншіліктен туындаған қимас сезім.
Мұсаның орындауындағы «Көкшетау», «Гәкку», «Дүние», «Шалқыма», «Толқын», «Қалдырған», «Қарақат көз», «Жалғызтау» атты Үкілі Ыбырайдың өлеңдері халыққа тез тарады. Үкілі Ыбырайдың ұлы Есеп атай атылып кеткен әкесінің ақталуынан жарты жыл бұрын дүниеден озды. Мұса атасының асыл мұрасынан түгел жаттап елге жеткізді. Алматыда өткен Жамбыл атамыздың 125 жылдық тойына арналған республикалық айтысқа барғанда Сәбит Мұқанов, Есмағамбет Ысмайылов, Ахмет Жұбанов, Зейнұр Қоспақов сияқты зерттеушілерге, Б.Т. Ерзаковичке көптеген деректер беріп, Ыбекеңнің әндерін әуелете орындап, таспаға түсірді. Ол жалғыз Ыбырай емес, Ыбыраймен өте сыйлас, досы болған Балуан Шолақтың әндерін, олардың өлі қағазға түспеген түрлерін құтты орнына қондырды. Әсіресе, Алматыға 1961 жылы барған сапарында бабаларымыздың бұрын беймәлім шығармаларын жарыққа шығарып кетті. Бұл және басқа да Үкілі Ыбырайдың өлеңдерін орындауда заманымыздың дүлдүл әншісі, Қазақстан Республикасының халық әртісі Қайрат Байбосынов пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева айта қаларлықтай еңбек етіп, екеуі де бүкіл қазақ халқына Үкілі Ыбырай мен Мұса Асайыновтың әншілік мектебінің іргетасын бұзылмастай қалап берді. Қапашты ұстаз-аға болып тәрбиелеген Мұса болса, еңбегі заяға кеткен жоқ. Мұса тың игерушілердің ән-би ансамблі құрамында Мәскеуде өнер көрсетіп, зор құрметке бөленді. Қазақтың дәстүрлі әнінің дәрежесін көтере түсті. Ол қазақ халқының ауыз әдебиетінің асыл мұрасын жалғастырып, оны өз өнерінде жазба әдебиетпен етене ұштастырды. Осы орайда ақындығынан ептеп қана сыр шертсек, ол тамаша ақтұйғын еді. Жас ақын 1949 жылдан Көкшетау қаласындағы облыстық газетке корреспондент, филармонияның көркемөнер тобына жетекші бола жүріп өзінің туа біткен өнері – ақындықтан қол үзбеді.
Асыл өнерпаз махаббат лирикасының айдынында өз шабытын шалқытып, өшпес із тастады.
Мөлдір көздер, жаутаң етші нұр бөліп,
Сергиін де тым болмаса бір көріп.
Осы өмірде саған деген сезімім,
Қалса деймін мәңгі өлмес жыр болып, –
дегені қандай жарасымды! Ақындық асыл арманмен биік рухтың айғағы. Сүйгеніне деген сезімнің «мәңгі өлмес жыр болып қалуы» ақындықтың таза мақсатын шертеді. Осы орайда қиял еткен асыл арманын жыр еткенде:
Сөкпе, балам, ұнамаса бағытым,
Мен де әкеме жасаушы едім қағытым.
Туған елдің күй сандығы сияқты,
Аталардың жалғастырдым шабытын, –
деп толғанады, ол да өз басынан кешкен өмірден алынған шындық. Мұса өкпе ауруына шалдығып, ширек ғасыр ауыр кеселмен тіршілік үшін арпалысты. «Ақ қағазға айта алмай кей сырымды, перне қылып байладым домбыраға» десе, бұл да жаны қиналып қатты ауырған шағы болар. Ал, өмірінің соңғы сәттерінде:
Ақ сағым шапқылайды саяқтайын,
Ақ боран ызыңдайды аяттайын.
Ұзартшы тірлігімді жарты күнге,
Бір-екі өлеңімді аяқтайын, –
деп Мұқағали, Қасымдарша жан сырын еш бүкпесіз айтып тебіренді. Бұл өлең, шынында да, меңдеп алған ауыр кесел шыбын жанына батқанда шыққан, Жаратқанға деген жалынышы ғой. Алматыда емделіп жатқанында Жезқазғаннан іздеп барсам, уақыт кешкі тоғыздың кезі болса да, Мұса орнынан табылмады. Ғалия деген дәрігер келіншекке «Асайынов қайда?» десем, «Ол кісіні күнде кешке ән салдыруға алып кетеді, егер осында болса көптен емделіп жатқан үлкендер де ән салдырмай қоймайды. Ағаңызда өкпе қалған жоқ, ол кісі тек қана жүрекпен тыныстап жүрген ерекше жаратылған адам. Егер ән салып көңілін көтеріп жүрмесе, әлдеқашан тіршілікпен қоштасар еді», – деді де, медициналық экраннан Мұсанын, өкпесі мен жүрегін көрсетті. Үн жоқ, тілім күрмеліп қалды, өте аянышты жағдайды байқадым. Әл жинап, есім кіргесін әкелген азық-түліктерімді әлгі қарындаспен барып жататын бөлмесіне қойдым. Палатасы таза, тынысы кең, терезесінен алмалы ағаштар жемісін ұсынып қарап тұр екен. Осының бәрі де өмірін ұзартып жүрген шығар деп үміттеніп кетіп қалдым.
Ертеңіне келсем: «Аманжол досың – менің інім қояр да-қоймай, «мейман болыңыз!» деп кеше алып кетті. Үйіне әкесі, әйгілі Қошан ақсақал келіп жатыр екен. Молдекең дүниеден өткеннен соң Үкілі Ыбырайды көзі көрген осы кісі ғой. Ән салдым, өзінен де көп нәрсенің бетін ашып, Үкілі бабам туралы сусындадым», – деп бір күлді. Содан кейін Қошан ақсақалды Шал ақынның ұрпағы екенін айтып еліктіріп кетті де, Сегіз серіге көшті. «Көкшетау ән ордасы болғаны атам қазаққа аян ғой. «Күлтөбеде күнде жиын» болғанын білеміз, ал Сегіз сері бабамыз туған «Гүлтөбеде күнде думан» болғанын айтпаймыз. Біржан атамыздың өзі ұстазым деген серілердің серкесі, қазағымның еркесі Сегіз сері ғой, ол жайлы әлі айтылады, іздеушісі табылсын», – деп бір тоқтады. Нияз сері де, Сейітжан сал да сол Гүлтөбе-Мамайдың түлектері екен. Мұсаның әні де, әңгімесі де мен үшін өмір бойы сабақ болды. Асыл ағамның үш жастай үлкендігі бар. Ол көрген-білгенін менің көкейіме қондыруға тырысатын. Ән тарихын қозғағанда айтқаны: «Қызылжар мектебі де ескі мектеп, күшті мектеп қой. Ал көкшетаулық Ақан, Біржан, Ыбырай, Балуан Шолақ тек қана ән шығарушы емес, өздері сөзін де шығарып, өздері еренғайып орындаушылар болды. Бұлар нөкер ұстаған батырлардай соңдарынан шәкірттерін тастамады, өздері ел кезіп, барша қазаққа аттарын таратып кетті. Міне, содан бұл мектеп Сарыарқадағы үздік мектеп, қазақтың ән ордасы атанса, көгілдір Көкшенің өзі де сұмдық сұлу ғой», – деп сөз желісін тоқтатты.
Әрі қарай әңгімесін тыңдай берер едім, дәрігерлер келіп қалды, мен қоштасып кете бардым.
Кездескеніме шексіз қуандым, бірақ мауқымды баса алмай толқып кеттім. Мен Жезқазғандамын, ол аз күннен соң Көкшетауға кетеді. Әнін тыңдай алмағаныма өкіндім. Алтын табаққа күміс бұршақ жауғандай етіп, әсерлі айтар ғажайып әндері менің жүрегімді Мұсаның жүрегіне қосақтап қойған сияқты. Бала кезімнен домбыра да үйретті, ән салудың тәсілдерін, әсіресе, ән салғанда дем ала білудің де құдіретін қатты сіңірді. Кейде Мұса асқақтата ән салғанда сол әннің әуенінен өзім де аспанға ұшып кеткендей көрінуші едім. Бір-бірімізге байланып қалғандай өстік, бауыр-туыс деген сол екен ғой. Мұса мені Кәкіжан дейтін. Музыкаға, ән салуға қызықтырар жол салған да Мұса мен Молдекең еді. Ән өлең сөзіне орала бастады, ән жүрегімді сезімтал етті, ән ақылыма қонып, бүкіл жан дүниемді жайлап алатын күй кештім. Кейде өлең мен ән ере келсе, ол да өскен ортаның сабағы ғой, Көкшенің музыкалық мектебінің құшақ жайып бауырына басқаны шығар.
Мұсаның бауырмалдығы, адамсүйгіштігі, дос-жаранға ақ ниетті, адал мінез көрсете білгендігі – оның жалпы азаматтық тұлғасының зор көрінісі. Әсем бойлы, сыптығырдай сұңғақты ақын домбырасын құшақтап, күлім қағып сахнаға шыққанда өз заманындағы жігіттің сұлтаны болып көрінетін. Ол үлде мен бүлдеге оранбаса да, үстіндегі киімі де өзіне лайық жинақы да ұқыпты келетін. Ал, үкілі домбырасын қолға алып, үкілі қалпақ, әшекейлі шапан киіп шыққанда нағыз Біржан салдай бұлғақтап кететін. Бойына сіңген бар мінезі, адами ұстанымы да поэзиясында қалды. Алматыдағы Жамбыл тойында:
Жыр төксем қанат қаққан аққудайын,
Үкілі Ыбырай салған «Гәкку» дайын.
Тойына қарт жыраудың шашу шашып,
Көкшенің ала келдім ақ бидайын, –
деп көсілсе, ащы айғайға бір басып алып:
Осылай деп сайрады,
Мұса ақын жайдары.
Сал-серілер ұрпағы,
Ән мен жырдың айдары, –
деп құйындап жөнеліпті. Дәстүрлі айтыстың байырғы салтынша өзінің де кім екенін ұмытпады. Ақынның, Шоқанға, Ахмет Жұбановқа, Еркін Әуелбековке, Қоңыратбек Құрманбаевқа арнаған өлеңдері де шын жүректен тебіреніп шыққан пәк сезімдей әсер етеді. Молдахмет Тырбиевке арнаған өлеңінде: «Ұстаз кезің кетеді еске түсіп, Өнеріңнің бір шетін үзіп берген», – десе, міне, бұл нағыз шәкірттің асыл ұстазын бағалай білгендігі. Мұсаның айтыстағы толғау әндері де әдемі әрі ұнамды шығатын. Оның өз сөзіне шығарған өз әндері де аймаққа кең тарады. «Тың сұлуы», «Алматым», «Қанша қыз», «Шабытым» атты әндері лирикалық мәнерде жалын атып, адам жүрегіне ақ сәуледей қона қалатын, сан түрлі ойға салатын.
Мұсаның ақындығы жайлы аз да болса сөз қозғадық, бірақ оның бүкіл өнерінің толық болмысын шағын мақалада игеру бәс емес. Әйткенмен де ақындығының бір зор бөлшегі айтыс екенін ұмыта алмаймыз. Мұса 1958 жылдан бастап Айыртау ауданының намысын қорғап, облыс көлеміндегі көкшетаулық ақындардың алдына шықты. Суырыпсалма төкпелі ақындығына қоса оның домбыра шертісі, асқақ әні әу дегеннен қарсыласын шайлықтырып тастайтын. Көкшетау облысының намысын қорғап айтысу да Мұсаға бұйырды. Ол Жамбыл атамыздын, 125 жылдық тойында Алматыдағы республикалық айтыста үздік шығып, бірінші орынға ие болды. Бұл жолы әншілігі, домбырашылдығы бір сәрі, ақындық мәдениетінің жоғары екенін танытты. Қазақстанның халық ақыны, Көкшенің ақиық саңлағы Көкен Шәкеев ағамыз Мұсаның айтыскерлігіне өте қанық болатын. Ол кісі: «Мұсамен айтысып, тең түсіп те, кем түсіп те жүрген күндерім болды, бірақ ол жеңдім деп төс қақпайтын. Қандай айтыс ақыны қарсы шықса да, Үкілі Ыбырайдың немересі дегенде бір шошынатын. Айтыс аламанын бастап, тасқындата шырқай жөнеліп, шапқан аттай құйындатқанда айтысып отырғанымды ұмытып, сөз тыңдап ұйып қалушы едім. Мұсаның жүрген жері күнде базар, тап сондай еңбекқор, тау суындай тасқынды, аспандағы аққумен ән қосқан ақтаңгерді ешқашан да, еш жерде де көре алмадым. Ол ерекше жаратылған дарын еді», – деп досын сағынып күрсінгені есімде. Көкен аға Мұсаның әзіл, қалжың, қағытпаларын да көп білетін, тап солай ерте кетеді деп кім ойлаған, ақырғы кездесуімнен жарты жылдан соң бұл дүлдүл ағам да көз жұмды.
Мұсаның отау құрып үй болғанын қысқаша сөз етсек: алғашқы алғаны Мәстура жеңгеймен біраз жылдар тұрып ажырасып кетті. Екеуінен туған Ақжүніс атты қыз бала Көкшетауда тұрады. Ғашық болып қосылған екінші жеңгемізден туған Еркін атты ұлы да Көкшетауда, бұл жеңгеміз ұл тауып қуантқаннан кейін көп ұзамай ауыр сырқаттан қайтыс болды. Еркін нағашыларының қолында өсті, келбеті де, өнерпаздығы да Мұсадан аумайды. Үшінші жеңгеміз Жұпардан – Фатима, Зылиха атты қыздары, Еркеш деген ұлы бар, Еркештен туған Шыңғыс та өсіп келеді. Бұл ұлы да әкесінен аумайды, жыл сайын Алматыдан Үкілі Ыбырай ауылындағы Мұсаның зиратына барып құран оқытып, тағзым етіп қайтады. Жұпар жеңгем Мұсаны жоқтатпай, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырды. Олай дейтінім, Мұсаның өзі дүниеден (1975 жылы) өткенде 47 ғана жаста еді. Тағдырға төбел болмас дегендей ауыр қазаға көнбеске лаж болмады, бұл ауыр хабарды естігенде Мәскеуде қызметте болатынмын.
Сұлтаны еді жігіттің,
Дарынды туған шын ерке.
Үкісін үзіп үміттің,
Өмірден өтті тым ерте, –
деп қамығып қоштастым. Көкше өңірінің, Қызылжардың, азаматтары молынан жиналып соңғы сапарға ұзатып салды. Мұса туған ауылында жерленді, басына күмбезді кесене орнатылды.
«Сұрша қыз» деген поэма жазып жүрмін деуші еді, ол еңбегі қолыма түспеді. Қолда бар шығармаларын жинақтап, құрастырып 1978 жылы «Жалын» баспасынан «Аңшының аңызы» атты жинағының өмірге келуіне ат салыстым. 1999 жылы Мұсаның туғанына 70 жыл толуына байланысты «Жүрегімнің жұлдызы» атты өлеңдер жинағы «Жібек жолы» баспасынан жарық көрді. Бұл кітабы жырқұмар қауымнан жылы бағасын алды.
Ақын Мұса – үш рет ең сұлу арулармен шаңырақ құрған жігіт. Үш әйелінен де балалар бар, олар үш үйір елдей саяқ жүруші еді, құдайға шүкір, бұл күнде бірін-бірі біледі. Еске алып, ас не той өткізгенде бірігіп кетеді. 1999 жылы жарық көрген жинағын негізінде Алматыда тұратын соңғы жеңгеміздің үйіндегі мұрағаттан алып едік және өз қолымда бар, туған жерінде бар дүниелерді пайдаландық. Бұл ұсынылып отырған жаңа жинаққа үш үйіндегі мұрағаттарынан алып және асыл достардың, бауырларымыздың, тапсырған өлеңдерін қостық. Әлі де толық жинағы дей алмаймыз, ол – болашақтың ісі.
Үнтаспаға жазылып қалған Мұса айтқан әндердің – Қазақстан Республикасының музыкалық мұрасына қалдырған алтын қазынаның тарихи бағасы зор. Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін», «Көкшесін», «Дүниесін» есту – ұлы бабасының өзі айтқандай таптырмас байлық. Бұл байлық та әлі көп зерттеліп болған жоқ, ол да ертеңгінің жарқын ісі. Үкілі Ыбырайдың немересі, қазақтың ән мұрасын жалғастыруда еңбегі зор үздік әнші әрі лирик айтыскер ақын, тамаша композитор Мұса Асайыновтың биыл күзде туғанына 80 жыл толады. Сал-серілердің асыл тұяғының бұл мерейлі күндерінде есімін есте мәңгі сақтау шаралары Қызылжар, Көкшетау қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданының жұртшылығының назарында болуы ләзім. Мұса туған еліне бойына сіңген өнері мен қолында бар асылын беріп кетті, туған елі де ақтаңгер ұлын ұмытпас деп сенемін.
12.02.2009.

Кәкімбек Салықов,
мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ақын

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар