Қабылдауда болғандарды жер телімі мен жайылым мәселесі алаңдатады

Ақмола облыстық «Nur Otan» партиясы филиалында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қоғамдық қабылдауға бірінші болып кірген Көкшетау-2 стансасынан Егана Патрушева бақша отырғызу үшін жер учаскесін уақытша өтеусіз пайдалану құқығын беру туралы өтінішін жеткізді.
– Қазір екі сотық жерім бар, оған қызанақ, қияр отырғызып, күнделікті қажетіме жаратамын. Бес баланың анасымын. Жолдасым жүргізуші. Өзім мектепте қызмет істедім. Денсаулығыма байланысты жұмыстан босап, балаларымның тәрбиесімен үйде отырып, жерден өнім алып, өз еңбегімнің жемісін көрудемін. Енді картоп отырғызуым үшін ауламдағы жерімді үлкейтуіме көмектессеңіздер екен. Маған бұл жердің берілуі өте маңызды, – деді
ол. Ол ауданда арнайы саябақ жоқ. Ал, екінші Көкшетаудан картоп отырғызу үшін саяжайға барып келу әрине, оңай емес. Сондықтан, үйінің маңынан шағын участке алуды сұраған көп балалы ананың өтінішіне: – «Сотқа шағымданбай-ақ, сол үйдің тұрғындарын жинап жиналыс өткізіп, келісім бойынша жер бөлінуін округ әкіміне тапсырамын, – деді өз кезегінде Ғалымжан Кенжешұлы. Ал, келесі өтініш иесі Әріп Сақаба Бурабай ауданы Атамекен ауылының тұрғыны екен.
– 2006 жылы Атамекен ауылына келіп қоныстандым. Мал өсірумен айналысамын. Өз алдыма үй салдым. Қазір қолымда 40 шақты қойым, 8 сиырым, сонша бұзауым және 5-6 жылқым бар. Жазда табынға қосамыз. Қыста қолға қарайды. Солтүстікте алты ай қыс болатынын ескерсек, бұл малдың жемшөбі алаңдатады. Жеке тракторым бар. Малға арнап салған 30 метрлік базым бар. Малды сатып жемшөп сатып алудың өзі де үлкен шығынға қалдырды. Балам қазір салған үйді кепілге қойып, несие алу жағын қарастырып, құжаттарымен айналысып жатыр. Сондықтан, жер алып, егін салғым келеді, – деді Әріп Сақаба.
– Егін салу деген оңай емес, егер шаруа қожалығы болсаңыз онда жер мәселесі қаралуы тиіс. Оған қоса, жазбаша түрде өтініштеріңіз жоқ. Ауызша келгеніңіз қате болған. Сондықтан, барлық жағдайыңызды жазып, аудан әкіміне барып, конкурсқа қатысыңыз, – деді Ғалымжан Кенжешұлы. Негізінен округте бос жер жоқ, оның үстіне конкурссыз жер берілмейді, сондықтан, заңнан айналып кетуге болмайтынын да баса айтты. «Конкурсқа қатысып, өтпей қалсам», деген қаупін де жасырмаған өтініш иесіне Атамекен ауылдық әкімі мән-жәйді түсіндіретін болды. Қоғамдық қабылдаудың келесі қатысушысы скайп арқылы ауыл тұрғындары атынан өтінішін білдірген Степногорск қаласы Қырыққұдық ауылының тұрғыны Тілеген Слам мал өсіру үшін ауылының айналасынан жер бөлуді сұрады.
– 2013 жылы ақпан айында Қазақстан Рес-публикасы Президентінің Жарлығына сәйкес жақын маңайдағы елді мекендерді бір-біріне біріктіру деген келісім-шартпен Степногорск қаласына ауылымыз қосылып, жайылымдық жерлеріміз Ақкөл ауданында қалып қойды. Соған наразымыз. Біз ауылдық жерде тұрғандықтан, мал өсіруге тиістіміз. Ауылда 129 үй, 156 отбасы, 560 адам тұрады. Бәріміз де мал ұстаймыз. Егістік, жайылымдық жер жоқ. Соны қайтарып алуымызға көмектессеңіз екен? – деген өтінішін білдірді «Слам» шаруа қожалығының басшысы.
– Ауылдық округтің маңында малға арналған жайылымдық жер бар емес пе? – деген Ғ.Әбдіхалықовтың сұрағына өтініш иесі былай деп жауап берді:
– Иә, ауылдың маңайына 5140 гектар жер берілген, оның 500 гектары тау-тасты болса, 4687 гектары тек қана мал жайылатын жер. Ол жерде не шабындық, не егістік жер жоқ. Сондықтан, Қырыққұдық ауылының бұрынғы шабындық жерлерін сұрап отырмыз, – деді ол.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары селолық округтің бұрынғы жерін қайтарып алу тек қана заң шеңберінде жүзеге асатынын жеткізді. Сондай-ақ, шабындық жерді алу үшін Ақкөл ауданында жер бөлуге байланысты конкурс жарияланса, Қырыққұдық ауылының тұрғындары қатысуына болатынын айтты. Тілеген Слам «ол жердің иелері бар, бізді оған жолатпайды, бірақ өздері жерді қолданбайды», деген уәжін де айтып қалды. Оған облыс әкімінің орынбасары егер, ол жерлер қолданыста болмаса, онда заңды түрде шешімі шығарылатынын жеткізді. Түптеп келгенде, конкурсқа қатысу арқылы бұл мәселе анықталатынын баса айтты.
Тұрғындар атынан келген Тілеген Сламның сөзінше, 2018 жылы тамызда конкурсқа өз атынан қатысып, алған 500 гектар жердің де дауы бітпей жатқанын тілге тиек етті. Екінші жер иесі шығып, кадастрлық нөмірі берілмегенін айтты. Менің жеке өз мәселем ғана емес, ауыл тұрғындарының мұң-зарын шешіп берсеңіздер екен, –дей келе, өтінішін аяқсыз қалдырмауды өтінді.
Сонымен қатар, «Жеріміз болса, ауыл халқы өсіп-өнеді. Қазірдің өзінде ауылда 14 жеке кәсіпкер, үш шаруа қожалығымыз бар. 1900 қара мал, 900-дей жылқы малы, 3500 ұсақ мал бағылады. Біреудің жерімен келісіп, шөбін шауып беріп, жалданып жұмыс істеп, күнімізді көріп отырмыз», – деді ол.
Бүгінде Қырыққұдық ауылы тұрғындарының көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Жоғарыда айтылғандай ауыл Степногорск қаласының иелігіне берілген, бірақ, 11 мың гектар жер Ақкөл ауданында қалған. Ауыл тұрғындары бұған дейін де жайылымдық және шабындық үшін жер учаскелерін алу мәселесі бойынша Ақкөл ауданына жүгінген кезде жайылымға жарамсыз жерлер бөлінген. Егер он бір мың гектар жердің иелері табылмаса, заң бойынша конкурстан ұтып алуға мүмкіндік бары байқалады.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов қабылдауға келген адамдар айта келген өтініштердің дені жер мәселесіне қатысты болғандықтан, оны барынша ыждаһаттылықпен қарап, қадағалайтынын жеткізді және қабылдауға келгенде жазбаша түрде өтініштің болуын ескертті.
Қоғамдық қабылдауға Ақмола облысы жер қатынастары басқармасының басшылары мен БАҚ өкілдері және партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкерлері қатысты.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар