Өнердің алдаспаны Мұса ақын

М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұжымы ақын, әнші-композитор,

Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Мұса Асайыновтың 90 жылдығына орай, «Асқақ әнші, ақтаңгер ақын» атты электрондық басылымды жарыққа шығарды. «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығының ұйымдастыруымен өткен еске алу кешіне Мұса Асайыновтың қызы Фатима Мұсақызы қатысып, кітапхана ұжымына, жалпы, Ақмола өңірінің жұртшылығына алғысын білдірді. Еске алу кешіне ақынның туыстары, өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері мен студент жастар қатысты.

– Әкемнің айтыскер ақындығы, әншілігі, мәдениет саласына, жалпы, қазақтың ұлттық өнеріне сіңірген еңбегі орасан. Мен бүгінгі шараға Алматыдан арнайы келдім. Бұған дейін Алматыға осы кітапхананың библиографиялық бөлімінің меңгерушісі Махаббат Ивахина есімді сіңлім бізді іздеп келіп, әкеміздің мол мұрасын жинақтауға ниет білдіріп еді. Мен әкемнің бізге аманаттап тапсырып кеткен асыл мұраларын кітапхана қызметкеріне табыс еттім. Мінекей, бүгін осы ұжым бізге, ұрпағына мәңгілік мұра болар жинақ тапсырып отыр. Электронды басылым бұл бүгінгі заман талабы. Ендігі арада менің әкем жөнінде өскелең ұрпақ қажет деген ақпаратын осы жинақтан алып, өз білімдерін толықтыра алады. Бұл дегеніңіз, Ақмола өңірі Мұсай Асайыновты мәңгі есінде сақтайды деген сөз. Осы орайда, әкемнің 90 жылдық мерейтойын ұйымдастырып жатқан барша жұртшылыққа перзенттік пейілден алғыс болып өрілген ақжарма тілегімді арнасам деймін, –деді ақиық ақынның қызы Фатима.
Облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана директорының орынбасары Галина Савенкова болса, өз кезегінде Алматыдан арнайы ат басын бұрған құрметті қонаққа жылы лебізін білдіре келе, гүл шоқтарын табыс етті. Тағылымы бөлек танымды іс-шараны ақын, «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығының төрағасы, «Көкшетау» қалалық газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Жетпісқалиев жүргізіп отырды.
Еске алу кешінде ақын, композитор Иран сал Тасқара Мұса Асайыновпен кездескен сәттері туралы естеліктерімен бөлісе келіп, ән шырқады. Сондай-ақ, Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінің студенті Гүлжанат Нәдірхан Мұса Асайыновтың өлеңін жатқа оқыды. Кеш барысында электрондық басылымның мазмұнымен кітапхана қызметкері Нәзира Ташкенова таныстырып өтті. Еске алу кешінде өлкетанушы Мұсатай Ғалым сөз сөйлеп, ақынның мұралары әлі де болса зерттеуді қажет ететіндігін баса айтты.
Жиында ақынның басқа да туыстары, көз көрген таныстары сөз сөйлеп, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Өңіріміздің мәдениетіне өлшеусіз еңбек еткен дарабоз жанның ғұмыр жолына арналған кештен жиналған жастар осындай рухани қуат алып тарқасты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар