Төтенше жағдайда көмекке келу – басты міндетіміз

Биылғы жылдың 19-шы қазан күні Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс қызметіне 24 жыл, ал, Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағына 4 жыл толып отыр. Біз үшін бұл әрине, көп уақыт емес. Дегенмен, осы қысқа мерзімнің ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Е.Тұрғынбаевтың 2019 жылғы 17-ші шілдедегі «Ұйымдастыру-штаттық мәселелер туралы» №547 бұйрығымен жедел құтқару жасағы бөлімшелерінде оңтайландыру шаралары жүзеге асырылуда.
Осы ретте, Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының материалдық-техникалық жабдықталуына келетін болсақ, бүгінгі таңда штатта барлығы 61 қызметкер мен Көкшетау, Щучинск қалалары, Зеренді селосы және Бурабай кентінде орналасқан 8 құтқару бөлімшесі бар. Жасақ 13 бірлік автокөлік пен құтқару техникасы, 27 жүзу құралы, сондай-ақ, апатты-құтқару, сүңгуір құралдарымен жабдықталған. Бұдан бөлек, жоғалған адамды іздеуге үйретілген төрт қызметтік ит те бар. Ал, жасақ жауынгерлері кез-келген адамға оның тұрған орнына қарамастан, көмекке келуге дайын. Мәселен, жыл басынан бері жасақ қызметкерлері 507 құтқару шарасына қатысты. Оның ішінде 326 апатты құтқару жұмыстары, 41 судан құтқару және 140 өзге де төтенше жағдайлар бар. Апатты құтқару жұмыстарының нәтижесінде 174 адам құтқарылса, оның 57-сі бала.
Ақмола облысында табиғи апаттардың көптеген түріне алдын ала дайындықтар жасалады. Мысалы, қыстың аязды, боранды күндері адасқан, жолда қалу оқиғасы, көктемде еріген қар суы басатын аудандар бар, жазғы шомылу маусымында адамдар баратын өзен-көлдер де жеткілікті. Осындай төтенше жағдайлардың алдын алу, күтпеген жерден болатын апат кездерінде облыс тұрғындарына бірінші болып көмекке құтқарушы келеді. Құтқару қызметінде кейбір кездерде күн-түн демей жұмыс істейтін қауырт шақтар болады. Осы орайда, өздерінің кәсіби шеберліктерімен көз түсіп жүрген қызметкерлеріміз – Наурыз Ғаббасов, Роман Шевченко, Қанат Жукашов, Азамат Ілиясов және Қазыбек Ысқақов сияқты құтқарушыларымызды мақтан тұтамыз.
«Жаттығуда қиын болса, шайқаста оңай болады» демекші, осы кезде, кәсіби дайындығы жоғары құтқарушы ғана төзімділік таныта алады. Сол себепті, жасақтағы әрбір құтқарушы белгіленген нормативтер бойынша дайындықтан өтеді. Жаттығулар, жиындар, жарыстардың нәтижесінде кәсіби дайындық, практикалық дағдылары жетілдіріледі, түрлі жағдайлардағы іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуде тәжірибелерімен алмасады. Соның ішінде Алматы облысындағы «Жартасты қала – Астана» атты оқу-жаттығу полигонында өткен «Қазқұтқару-2019» бөлімшесінің республикалық оқу-жаттығуын атап өтуге болады. Біздің құтқарушылар осындай көптеген оқу-жаттығуларға белсене қатысып, жақсы жетістік көрсетіп келеді.
«От пен су – тілсіз жау» деп бекер айтылмаған. Тұрғындардың ең көп душар болатын апаттарының бірі – cуға бату оқиғасы. Облыс аумағында 754 су қоймасы бар болса, соның ішінде Нұра және Есіл өзендерінде суға шомылу кезінде адам өлімі жиі орын алады. Мәселен, соңғы екі жыл ішінде осы екі өзенде барлығы 14 адам суға батып кеткен. Оның 2-уі бала. Ал, биылғы жылдың басынан бері жалпы облыс бойынша 30 адамның ажалы судан болған. Суға бату оқиғасының басым көпшілігі Нұра және Есіл өзендері ағып өтетін Целиноград және Жақсы аудандарының үлесінде.
Сол себепті, жыл сайын суға шомылу маусымы кезінде адамдар көп жиналатын өзен-көлдерді аралап, жұртшылыққа қауіпсіздік шараларын ұмытпау тұрғысында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Әрине, барлық су қоймаларын, көптеген көлдерді толық қамту мүмкін емес. Азаматтардың немқұрайлылыққа, «жүзуді жақсы меңгергенмін» деген менмендікке, тіпті көп жағдайда масаң күйінде суға түсуге жол беретіндіктерін атап айту керек.
Сонымен қатар, облыс аумағында балықшылар мен суға шомылуға құмарлардың тұрақты орындарына айналған көлдер аз емес. Сондай-ақ, тек сенбі, жексенбі күндерінде ғана емес, аптаның барлық күнінде өзен-көлдерді жағалай отырған балықшыларды көресіз. Олардың арасында тек балық аулаумен шектелмей, суға шомылуға әуестер де өте көп. Әрине, суға түскен дұрыс. Дегенмен, қауіпсіздік шараларына мән бермеудің аяғы қайғылы оқиғаға апарып соғуы мүмкін екендігін ұмытып кететіндердің көптігі алаңдатады. Осы бағытта жергілікті полиция қызметі, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 1458 тексеріс ұйымдастырып, 388 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 44 мыңға жуық түсіндіру парақшалары үлестірілді.
Әрине, төтенше жағдайды тек полиция немесе әкімдік қызметкерлерінің күшімен немесе құтқарушылардың көмегімен ғана шешу мүмкін емес. «Сақтансаң – сақтайды» деген қағиданы ескеріп, қауіпсіздік шараларын естен шығармаған абзал. Сонда жоғарыда айтылған қайғылы оқиғаларға жол берілмейді. Осындай аса жауапты да мәртебелі мамандық иелерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, еңбекте табыс, отбасында амандық-саулық тілеймін!

Дәулет ШАМИҒАНОВ,
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел
құтқару жасағы мемлекеттік мекемесінің басшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар