Дендробақ, арборетум мен популетум демеу күтуде

Бұл орайда, басты тұтынушы бейқам отыр дегеніміз жараспас. Өткен ғасырдың басында-ақ, Бурабай орман техникумында дендробау құрылып, өсімдіктердің 400 түріне ғылыми сынақ жүргізіле бастаған. Көзайым құндылықтың қайтарымы аз болған жоқ. Ең бастысы, өсімдіктер әлемін көркейтудің ғылыми жүйесі қалыптасты.

Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Ақмола облысына 2007 жылғы 3 маусымдағы жұмыс сапары барысында Бурабайдағы Орман шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының (Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты) дендробағына (түр мен тек қоры) арнайы атбасын бұрды. Бұл еліміз үшін қарбалас кезең еді. Міндет – Астананың «жасыл белдеуін» қалыптастыру.
Орталық директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұқанов (қазір директордың кеңесшісі) Астананың жасыл белдеуін қалыптастырып жатқан кезде жас өскіннің түрі мен тегін, будандық аудандастырылуын, сұраныстағы тұқым дайындауды, оған қатысты ғылыми негіздемелер мен ұсыныстарды басшылыққа алу қажеттігін айтқан. Осыған байланысты жаңа міндеттер де жүктелгені түсінікті.
Ғылыми-зерттеу институты Елбасы тапсырмасын ойдағыдай орындап отыр деп айта аламыз. «Жасыл белдеудің» аумағы қазіргі күні 100 мың гектарға жуықтады. Онда Бурабай ғалымдарының жаңа патенттерімен өсірілген бағалы ағаштар, саялы өскіндер жайқалып өсіп тұр. Бұл бағыттағы ізденіс әлі де жалғаса беретіні анық.
– Осынау игілікті іспен жарты ғасырдан бері айналысып келеміз, – дейді Болат Мұқанов. – Профессор В.М.Савичевтің Бурабайдың орман орамдарында өсімдіктердің 500 түріне сынақ жүргізу-ге мүмкіндіктің бар екендігін дәлелдеген жобасы мақұлданып, 1960 жылы арнайы дендробақ құрылған еді. Оның аумағы 44,3 гектарды алып жатыр. Мұнда өсімдіктің 2 мыңнан астам түрі зерттелген. Бүгінде соның 30 ұялас тармағы мен 95 текті құрайтын 800 түрі сақталып қалды. Жағрапиялық тегін тарқатсақ, дендробақтағы өскіндердің 25,6 пайызы еуропалық, 22,5-і сібірлік, 21,1-і солтүс-тікамерикалық, 14,4-і қиыр-шығыстық, 9,2-сі жапон-қытай аумақтық, 7,2 пайызы ортаазиялық түп тамырға жатады. Олар ағаштар, бұталар, саялы өскіндер және жартылай бұтақ тарамдары болып, үш дәлізді төрт топқа бөлінеді.
Бурабай ғалымдары табиғатпен неғұрлым үйлесімді байланысты қамтамасыз ететін бау-бақша отырғызу өнерінің қайталанбас негізін қалыптастырды. Дендробақпен қолтықтас орналасқан арборетум мен популетумның табиғи құндылықтарымызды еселеудегі орны да өлшеусіз. Мұнда жолы түскен кісі өсімдіктер әлемінің қиял-ғажайып құшағына еніп кеткендей сезінері сөзсіз. Табиғаттың қаталдығына қарамастан, осынау 11 гектарлық алқапта аса құнды өсімдіктер жайқалып тұрады. Қазіргі сақталғанының өзі 350 түрді қамтиды екен. Сан алуан мақсатта пайдаланылатын ағаштарды айтпағанда, дәрілік шөптер, бағалы гүлдер, саялы бұтақтар, жеміс-жидектердің қалыңдығы қайран қалдырады. Бүгінде Бурабай дендробағына қатысты 150-ден астам ғылыми еңбек жазылып, ұжымдық жинақтарды қоспағанда, 70-ке тарта кітап жарық көрді. Сондай-ақ, оннан астам кандидаттық және докторлық диссертацияның қорғалуы дендробақ жүйесінің маңыздылығын дәлелдей түсетіндей.
Бурабай бүгін үлкен өзгерістер құшағында. Оған қуанғанымызбен де, көзқарастың біржақтылығы қынжылтады. Соңғы он жылда маңызды нысанның қаржыландырылуы жұтаңдап барады. Орман шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы жоқтан бар жасап отыр. Ғалымдар да үздіксіз дабылдатуын қояр емес. Бірақ, селт еткендей серпіліс шамалы.
Дендробақ Шортан көлін жағалай орналасқан. Щучинск қаласы тиіп тұр. Қараусыз дүниедей көрінгендіктен, адамдардың жанашырлық сипаттағы сана-сезімі де өзгере бастағандай. Жұрт бұ-рынғыдай шарбақты айналып өтуді қойып, төтесінен тартады. Жеміс-жидекті тәртіп сақтап, тәптіштеп теруді ескермейтіндер айрықша қорғалатын алаптың топырақ құнарына нұқсан келетінімен де шаруасы жоқ. Ит-құс пен малыңыз да өріп жүр. Қаншама маңдай тер төгілген нәзік өскіндер күл-қоқысты көтере ме, сөлі кетіп қуарып барады. Тиісті күтім көрмеген бақ көз алдымызда жабайыланып қалғандай әсер қалдыратыны өкінішті.
Сол себепті, дендробақты қалайда сақтап қалу мәселесі өзекті болып отыр. Бүгінгі өлшеммен қарасақ, оған соншалықты ас та төк қаржы-қаражат жұмылдырылмайтынын ғалымдардың жүргізген есеп-қисаптары аңғартады. Республикалық орман шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының басшылығы жұмысты қалпына түсірудің алғашқы кезеңінде ең болмаса еңсе тіктер теңге бөлінуін сұрап, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, облыс, аудан әкімдеріне бірнеше хат жолдаған. Қазірше алдарқатқан аяқдоптың кері болып тұрғанын жасырып қайтеміз.

Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар