Табиғат – туған үйің, оны қастерлеу – қасиетті парыз

Жасыл желекке көмкеріліп, көрікті табиғатымен көз тартатын кербез Көкшетаудың әр тасы, әр ағашы тарихтың тереңінен сыр ақтарып жатқандай. Бұралып өскен қайыңдары, тауға өрлеп, тасты жарып, бой түзеген қайыңдары туған өлкенің сұлулығын ғана емес, адамдармен жұбы жазылмас бір әлем екенін де көз алдыңа келтіреді.

Иә, Бурабайымызбен қуанатын көңіліміз осы бір еңселене түсетін жер пұшпағының жаһұт тастай жарқырай түскен кербездігінен нәр алатыны анық жай. Сұлулық табиғатты ғана түлетіп, жасандырмайды екен, оны мекен еткен адамдардың көңілін марқайтып, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыра түседі.
Міне, осы ерекше бір табиғат аясын көздің қарашығындай сақтау әрбіріміздің қастерлі парызымыз болмақ. Әсіресе, мамандығы табиғатпен біте қайнасқан біздерге бұл кәсіп ерекше жауапкершілік жүктейді. Әр күніміз жасыл желекті орманмен, оның әр ағашын, әр бұтасын аялаумен өтетіні қандай ғанибет дерсің.
«Бұқпа» орман шаруашылығының жалпы алаңы 22721 гектар алқапты алып жатыр. Мұның 17292 гектары жер алқаптары болса, таза көк желеңмен көмкерілген жері – 9634 гектарды құрайды.
Біздің мекемемізге барлығы үш орман шаруашылығы, 42 орман айналмасы мен 9 шеберлік телімдері кіреді. Көкшетау маңындағы ормандық алқаптарда табиғат қорғау жұмыстары жан-жақты атқарылады. Негізі, біз орманды телімдерді барынша көбейтумен де айналысамыз. Бір түп ағаш кесілген жерге он түп көшет отырғызу қағидасы қашанда басты мақсатымызда ұсталады.
Биылғы жылдың көктемінде 95 гектар жерге орман дақылдары себілді. Әсіресе, жас қайың, терек көшеттері отырғызылып, көк орман едәуір кеңейе түсті. Бұдан басқа 36 гектарға ұзақ мерзімді тұқымдар егу қолға алынды. Орманның ашық алаңдарында дақыл себу арнайы техникамен жүзеге асырылса, ал, ағашы қалың жерлерде бұл жұмыс қолмен істелінгенін атап өтуге болады. Осы арқылы біз 285 гектар алқаптың орман дақылдарына күтім жасауға мүмкіндік алдық. Атап айтсақ, орманды қалпына келтіру мақсатында «Ұрымқай» орман шаруашылығынан 70 мың дана қарапайым қарағай көшеттері әкелінсе, «Кіші Түкті», «Үлкен Түкті» және «Кеңес» орман шаруашылықтарынан 300 мың данаға жақын басқа да ағаш көшеттері алынды.
Биылғы жылы орман дақылдарының жергілікті жерге төзімденуіне байланысты жұмыстар жүргізіліп, оның барысында ағаш дақылдарының жерсіну көрсеткіші 64 пайызды құрады. Келесі жылы да 95 гектар жерге ағаш көшеттерін отырғызуды көздеп отырмыз.
Бұдан бөлек орман тұқымдарын дайындау-мен де шұғылданамыз. 2018 жылы 105 келі орман тұқымдары әзірленсе, оның 30 келісі бірінші сұрыпты қарағай дақылдары болып табылады. Ал, қайыңның да екінші сұрыпты 75 келі тұқымын дайындадық.
Табиғат – туған аяң, оны қастерлеу бәріміздің қасиетті парызымыз екені анық. Осы тұрғыдан алғанда, орманды алқаптарды кеңейту өз алдына үлкен жұмыс екені еш жасырын болмаса керек. Бірақ, төтеннен болатын тілсіз жау – өрттің де қаншама зиян шектіретінін ұмытуға болмайды. Деректерге сүйенсек, орман өрттерінің 90 пайызы табиғат аясындағы немқұрайлылық, өрт қауіпсіздігін сақтамаудан болады екен. Жеміс-жидек, саңырауқұлақ және шөп жинау кезеңдерінде өрт қаупі жиілей түседі.
Темекі тұқылын сөндірмей қалдыру, от жағып, оның шоғын өшірмеу – осындай бей-берекетсіздікке, ең бастысы, табиғаттың шығынына әкеліп соғады. Адамдардың өзін қоршаған ортасына мұқият қарамауы қынжылтады.
Одан кейін орман арасын аралау кезінде адамдардың өз демалыстарынан соң қаншама көң-қоқыс тастап кететінін де жиі байқайсың. Әр түп ағаштың жанына қарауыл қоя алмайсың ғой. Біз жаһандық заманда өмір сүріп отырмыз. Адамдар да өз ортасына көздің қарашығындай қараулары керек-ақ.
Әрине, ел заңдары бойынша қоршаған ортаны ластаған немесе орман өрттеріне себепкер болған тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде талаптар бар. Айыппұлмен де жазалап жатқанымыз да анық жай. Бірақ, әр ағаш адамға сұлулықты ғана емес, оның денсаулығына да мол пайдасын тигізетінін ұмытпаған жөн. Сондықтан, әркім өз отбасында балаларын табиғатты қорғауға, оны ластамауға тәрбиелеуі маңызды дер едік.
Жыл сайын біз өрт қаупі жиілейтін кезде алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Мәселен, биыл 32 әңгімелесу тұрғысында тұрғындармен кездесулер өтті. Бұл ретте мектеп оқушыларына өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде лекциялар оқыдық. 400-ге жуық өрт қауіпсіздігі жөнінде парақшалар таратылып, газеттерге 9 мақала жарияланды.
Орманшы болу – өзіңді айнала қоршаған табиғат аясын қызғыштай қорғау, көздің қарашығындай сақтау. Сондықтан, жыл сайын аталып өтетін орманшылар күнімен барша әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Бұл да бізге өңіріміздің әсем де, көркем табиғатын қорғау ісінде жұмысымызға жаңаша серпін берері сөзсіз. Елдің ортақ мүддесінен артық ештеңе жоқ. Жайқалып өскен ағаштың панасы көлеңке, жемісі азық болатыны сияқты табиғаттың осы сый-сыралғысын жан-тәнімізбен қорғай алсақ, ол біздің парызымыздың орындалғаны деп білемін.
Ғалымбек Батталов,
«Бұқпа» орман шаруашылығы»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар