«Есіл: бастау көзінен тармақтарына дейін»

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі іске асырып жатқан «Есіл: бастау көзінен тармақтарына дейін» жобасы жайлы кеңінен сөз етілді.

Музейдің табиғат және экология бөлімінің аға ғылыми қызметкері Дана Мұратбекқызы брифинг қатысушыларына жобаның мақсат-міндеттері жайлы толық баяндап берді. Оның айтуынша, өткен жылы қолға алынған бұл жоба келер жылдың желтоқсан айына дейін жалғасады. Экология, биология және археология саласының ғалымдары, табиғатты пайдалану және экология департаменті мен басқармасының мамандары, аудандық әкімдіктердің қызметкері, ЖОО студенттерінен құрылған топ экспедицияға шығып, Есіл өзенінің флорасы мен фаунасын сипаттаумен, экологиялық жағдайын зерттеумен, сондай-ақ, өзеннің маңыздылығын анықтап, түрлі құнды материалдар жинақтаумен айналысуда.
Есіл өзені Қазақстан үшін ғана емес, күллі Еуразия үшін маңызды тіршілік көзі. Сонымен қатар, ол – өзінің Колутон, Жабай, Терісаққан деп аталатын салаларымен біздің облыстағы ең ірі су көзі саналады. Бүгінде Есіл өзенінің суы тұрмыстық және ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады.
Облысымызда коммуналдық-тұрмыстық саланың, өндірістік және ауыл шаруашылығы секторларының дамуы өзен-көлдердің экологиялық жағдайына кері әсерін тигізіп жатқанын айтпай кетуге болмайды. Соңғы он жылдықта су объектілерінің гидрологиялық режимі айтарлықтай өзгеріп, өзен-көлдер ауыр металдармен, мұнай қалдықтарымен, пестицидтермен және басқа да заттармен ластануда.
– Жоба үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – ғылыми-зерттеу жұмысы, одан кейін кешенді экспедициялар өткізу, ең соңғысы «Есіл: бастау көзінен тармақтарына дейін» атты тақырыптарда мақалалар жариялау. Облысымыздың Жарқайың, Жақсы, Атбасар, Есіл, Целиноград, Астрахан, Аршалы аудандарына кешенді экспедициялар жалғасуда, – деген музей қызметкері Дана Мұратбекқызы, сонымен қатар брифингте сөз алған музейдің басқа да қызметкерлері жоба аясында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде музей қоры қола дәуіріне жататын экспонаттармен, басқа да құнды жәдігерлермен толыққанын атап өтті. Петров мәдениетіне тән қыш ыдыс-тар, бірнеше қорғандар табылыпты. Бұл мәліметтердің барлығын музей қызметкерлері слайд арқылы көрсетіп, БАҚ өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *