Үздік ұстаздар ұлықталды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Үздік педагог-2019» республикалық байқауының жеңімпаздарымен кездесу болып өтті. Жиында Ақмола облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің директоры Жанаргүл Дәулетқызы сөз сөйлеп, өңір абыройын асқақтатқан үздік ұстаздарға жылы лебізін білдіре келіп, басқарма атынан сый-сыяпаттар табыс етті.

– «Үздік педагог-2019» байқауы – мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің оқытушылары арасында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан білім саласындағы маңызды шара болып саналады. Аудандық, қалалық кезеңдерден сүрінбей өтіп, облыстық байқауда жеңімпаз атанып, бас жүлдеге ие болған ұстаздар байқау шарты бойынша республикалық кезеңге жолдама алады. Таяуда «Үздік педагог-2019» республикалық байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздардың есімдері белгілі болды. Аталмыш білім додасында Ақмола өңірінің мерейін асырған облысымыздың үш ұстазы жүзден жүйрік шығып, «Үздік педагог-2019» марапатына ие болды, – дей келіп, Жанаргүл Дәулетқызы абырой биігінен көрінген ұстаздарға ақжарма тілегін арнады.
Республикалық байқауда топ жарған ұстаздар арасында Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің жоғары санатты оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, Қазақстан педагогикалық ғылымдар Академиясының мүшесі Бақытгүл Батанасова, М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Самал Ахметжанова және Атбасар қаласындағы «Еркежан» балабақшасының тәрбиешісі Нина Сахнова бар.
Бұл байқау ағымдағы жылдың 13-23 мамыр аралығында өткен. Облыстық байқауларда үздік танылған 6 жұмыс республикалық кезеңге жолдама алған. Алайда, солардың арасынан оқ бойы озық тұрған, үш мұғалім топ жарып, абырой биігінен көрінді.
– Кезең-кезеңмен өткен бұл додада жүзден жүйрік атану оңай емес еді. Байқауға аса жауапкершілікпен дайындалдым. Алдағы уақытта да ізденуден танбай, өз шәкірттеріме білгенімді үйретсем деймін. Осы орайда, маған зор үміт артқан жандарға зор алғысымды білдіргім келеді, – деді Самал Кенжеболатқызы.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар