Инвестициялар тартылып, өңірдің дамуы жақсартылады

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың, сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер вице-министрі

Ермек Көшербаев пен «Aitas KZ» акционерлік қоғамының бас директоры Серік Толұқпаевтың және осы акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің мүшесі Болат Жәмішевтың қатысуымен Щучинск-Бурабай курортты аймағында орналасқан «Rixos Borovoe» қонақ үйінде «Дамудың жаңа аумағы: Макинск» бизнес форумы өткізіліп, онда еліміздің солтүстік өңіріндегі ет өндірісі кластерін құру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, шара аясында облыс әкімі бірқатар компания басшыларымен кездесу өткізіп, меморандумға қол қойды.

«Aitas KZ» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өткен форумға түрлі компаниялардың басқарма құрамы, бизнес өкілдері қатысты. Форум басталар алдында облыс әкімі Ермек Маржықпаев аталмыш компания өкілдерімен өндірістік инженерлік инфрақұрылымның құрылысын талқылап, «CUKUROVA» түрік компаниясының бас директоры Иса Доганлымен Макинск қаласында жаңа картон фабрикасын салу туралы пікір алмасты.
Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Оған мемлекет те, бизнес де мүдделі. «Дамудың жаңа аумағы: Макинск» форумында мемлекеттік сектор мен бизнес арасындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша өзекті мәселелер қаралды. Форумның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі:
–Бүгінгі бизнес форумның тақырыбы «Дамудың жаңа аумағы: Макинск» болып бекерге таңдап алынған жоқ. Макинск қаласы Бұланды ауданының орталығы. 2014 жылы ауданда құс фабрикасы салынатыны туралы шешім қабылданғалы бері аудан дамудың жаңа кезеңіне көтерілді. Орталық Азия аумағындағы бройлер өсіретін аса ірі құс фабрикасының салынуы өңірге 46 миллион теңгеден астам инвестиция тартуға және 900-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Құс фабрикасының қуаттылығы жылына 55 мың тоннаны құрайды. Мұның барлығы аудан бойынша жалақының орташа айлық есептік көрсеткішінің 30-35 пайызға ұлғаюына ықпал етті. Қазірдің өзінде фабриканың өндірістік қызметі жаңа сауда нысандарының, қонақ үй бизнесінің ашылуымен, тұрғын үйлердің салынуымен шағын бизнеске серпін беруде. Бұл жобаның біз үшін маңызы зор. Сол себепті, өз тарапымыздан жан-жақты қолдау көрсетуге тырысамыз, – дей келе, облысымыздағы агроөнеркәсіп кешенінің дамуы жөнінде айтып өтті. Бүгінде елімізде өндірілетін бидай мен құс етінің төрттен бір бөлігі біздің облысқа тиесілі. Жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері облыс халқын ғана емес, елорда тұрғындарын да қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Қуаттылығы 32 мың басты құрайтын арнайы мал бордақылау кешендері жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы Австралия, Чехия, Словакия, Ресей елдерінен 6 мың бас төлдейтін ірі қара мал әкелінген.
–Сонымен қатар, облыстағы маңызды құраушы салалардың бірі – құс етінің өндірісі. Қазіргі таңда жұмыртқа өндірумен төрт ірі кәсіпорын айналысады. Олар жылына 800 миллион дана жұмыртқа өндіреді. Құс етінің өндірісі де жақсы жолға қойылған. «Capital projects ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобалық қуаттылығына шыққалы отыр. Ал, Макинск құс фабрикасы еліміздегі құс еті импортының үштен бірін жабуға мүмкіндік береді, – деген облыс әкімі Ермек Маржықпаев аталған кәсіпорындар толық жобалық қуаттылыққа шықса, облыс құс етін өндіруден елдегі көшбасшы өңірге айналатынын жеткізді. Форумда сөз алған Қазақстан Республикасы Сыртқы істер вице-министрі Ермек Көшербаев былтырдан бастап инвестиция тарту мен экспортқа көмектесу министрліктің тікелей міндеттеріне кіретінін, ведомство Макинск құс фабрикасының одан әрі дамуына барынша қолдау білдіретінін жеткізді.
Одан кейін «Aitas KZ» акционерлік қоғамының бас директоры Серік Толұқпаев, осы акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің мүшесі Болат Жәмішев сөз алып, болашақ кластерді іске қосу үшін ет өндірісі және өңдеу бойынша, екінші рет өңделетін және сол сияқты өнімдерді өңдейтін жабдық шығару үшін компанияны коллаборациялау қажеттігін, келешекте Макинск құс фабрикасы өңірдің дамуына ықпал ететін нысанға айналатынын айтты. Тоғыз жолдың торабында орналасқан қалаға инвестиция тартудың мүмкіндіктері зор. Бірер жылдары Макинск құс фабрикасының жанынан кәсіпорындардың импортқа тәуелділігін қысқартуға мүмкіндік беретін заманауи кәсіпорын салынады.
Шара барысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев пен «Aitas KZ» акционерлік қоғамының бас директоры Серік Толұқпаев алдағы бес жылда Макинск қаласының аумағын дамыту, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы-
на жағдай жасау жөніндегі меморандумға қол қойды. Меморандум бойынша аталмыш компания қаланың дамуына жыл са-йын 100 миллион теңге көлемінде қаржы салмақшы. Бұл күні сондай-ақ, «Aitas KZ» акционерлік қоғамы мен Түркияның «CUKUROVA» компаниясы арасында да Макинск қаласында қаптама шығаратын зауыт салу жөнінде меморандумға қол қойылып, қатысушылар назарына болашақ кластердің презентациясы ұсынылды. Форумның екінші бөлігінде спикерлер ұсыныстарын ортаға салып, Қазақстандағы ет экспорты, ауыл шаруашылығы кешеніндегі мемлекеттік қолдау, басқа да тақырыптар бойынша баяндамалар жасады.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар