Бата деген ақ тілеу керек екен…

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында бата беру дәстүрін дәріптеу мақсатында Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Батаменен ел көгерер» тақырыбында байқау болып өтті. Қарттарды қолдау айлығы аясында өткізілген іс-шараға жеті ақсақал қатысты.

Адал ниет, ақ тілек білдіру – ұлттық дәстүр. Бата беретіндер, көбінесе, көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер даналар, дуалы ауыз билер болып табылатыны әлмисақтан белгілі. Жанға қуат, көңілге демеу, іске ақ жол ашатын, бәле-жаладан қорғайтын батаның қазақ баласы үшін орны бөлек. «Баталы ұл арымас», – деген қағиданы ұстанған қазақ халқы ежелден ұлы дәстүрге ерекше мән бергені осыдан.
Байқауға қатысушылар екі кезең бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Біріншісі алдын ала үйде дайындап, жаттап келген батасы болса, екіншісі қатысушының қалауымен еркін тақырыпта, не өзі шығарған бата болуы керек. Бата міндетті түрде ұйқасқа құрылатынын ескерсек, қатысушылардың кейбірі батаны тілекке айналдырып та жіберген. Араларында ұлы Абайдың,
Ы. Алтынсариннің өлеңдерін де батаға қосып, соңын қара сөзбен көмкергендер де бар.
Бірақ, біз бұны аса қатты кемшілікке баламадық. Себебі, сахнада қобалжымай өнер көрсету қиынның қиыны. Көп алдына шыққаннан кейін сәл-пәл абдырап, сөздерін ұмытып қобалжуынан туындаған кемшілік болар деп бағамдадық. Қалай дегенмен де, «Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария» демекші, бата беруден сынға түскен қариялардың басым көпшілігі елдік пен бірлікті, татулықты сүбелі сөздеріне арқау етті. Осы орайда, топ ішінен суырылып шыққан, тілге шешен, көкірегі қазынаға толы қарияларымызды ерекше атап өтсек дейміз. Мәселен, Қайролла Шәйсұлтанұлының сахнада өзін-өзі ұстауы, сөйлеу мәнері, бірден жұрт назарын өзіне аударды. Салиқалы сөзді ту етіп ұстаған ақсақал көпшілік алдында сөзден сүрінбей, көпшілікті тәнті етті. Жалпы байқауда өнер көрсеткен жеті ақсақалдың да есімін атап өтсек артық болмас. Маралбек Есетұлы, Кәрім Сұлтанұлы, Сейітзия Нұрғалиұлы, Қайролла Шайсұлтанұлы, Әбілқазы Қабылұлы, Ергебек Жанұзықұлы, Айтан Ақайұлы, міне, осы аталар өз өнерлерін ортаға салды.
Өскелең ұрпақты адалдыққа, әділдікке адамгершілікке тәрбиелейтін, ұмыт бола бастаған ұлттық әдет-ғұрыптарымызды қайта тірілтуге негіз бола алатын осындай өнегеге толы тағылымды кештерден жастар ғибрат алары сөзсіз. Байқауға жиналған көрермендер арасында жастардың бірі батаны ұялы телефонына жаздырып, енді бірі қағазға жазып алып жатты. Осыдан-ақ, жастардың ұлттық дәстүрге деген қызығушылықтары зор екендіктері аңғарылып отыр. Жалпы, сан ғасырдан бергі тарихтан, салт-санадан, дәстүрден сабақ алмайынша, соны жүрегімізге сіңірмейінше рухани жаңғыра алмайтынымыз да белгілі.
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевтің айтуынша, қатысушылардың өнерін бағалау кезінде тіл тазалығына, мазмұн мен ой тереңдігіне, батаның берілу шеберлігіне, дауыс мақамына, ұлттық киім үлгісіне, сахна мәдениетіне ерекше назар аударылды. Байқау қорытындысы бойынша қатысушылардың барлығына арнайы аталымдар бойынша дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар