Жоғары оқу орындары үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Erasmus+ бағдарламасының ақпараттық күні аталып өтті. Осыған орай, университет холында студенттердің жетістіктеріне арналған көрме ұйымдастырылды. Аталмыш шараға университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студент жастар қатысты.

Еуропалық бағдарламалардың маңыздылығы мен ерекшеліктеріне тоқталып өткен университет ректоры Марат Сырлыбаевтың айтуынша, Эраcмус+ бағдарламасы білім беру жүйесін тұрақты дамытып, тиімділігін арттыру арқылы қазақстандық білімді халықаралық деңгейге көтеруге ықпал етеді. Бағдарламалар оқытушыларымызға және студенттерге жоғары білім беруде мол тәжірибе жинақтауға, бәсекеге қабілетті болуға әрі кәсіби деңгейін көтеруге қолайлы.
2018 жылы университет ERASMUS-тың бірнеше жобасын жүзеге асыру үшін Еуропалық комиссия тарапынан қаржыландырылған. Айта кететіні, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті Италияның Телематика және Лакилла халықаралық университетімен, Бургас Болгар университетімен, Германияның Хоэнхайм университетімен ынтымақтастық орнатқан. Жыл өткен сайын шетелдік студенттер саны да артып келеді. Былтыр олардың саны 35 болса, биыл – 104. Алдағы жылы 150-дей талапкер аталған жоғары оқу орнының студенті атануы мүмкін деген болжам бар.
Эраcмус+ бағдарламасының ақпараттық күніне орайластырылып өткізілген шара барысында, дөңгелек үстел жиыны да ұйымдастырылып, онда бағдарламаның жаңа жобалары, конкурстарға қатысу ерекшеліктері туралы баяндалып, қатысамын деуші жастарға арналған жобаларды қаржыландыру бойынша кеңестер берілді. Жиында сөз сөйлеген Әнуар Қақабаев, Темірхан Жарқынбеков, Ләззат Бермағанбетова, Самал Серғазина және тағы басқа университет оқытушылары өз ойларын ортаға салып, бағдарламалардың тиімді тұстарына тоқталып өтті.
***
Дәл осы тақырыпқа орайластырылған танымдық кеш Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде де болып өтті. Аталмыш шарада университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Л.Кәрімова сөз сөйлеп, іс-шараның мақсаты мен мән-маңызына тоқталып өтті.
– «Еrasmus Day» іс-шарасының біздің университет үшін мән маңызы жоғары. Бұл күні студент жастар осындай ақпараттық кештер аясында көптеген қажетті ақпараттарға қанығып, бағыт-бағдарларын айқындайды. Біздің университет еліміздегі жетекші, алдыңғы қатардағы ордалы оқу орындарымен бірге осы жобаға қатысып келеді, – дейді проректор Л.Кәрімова.
Ақпараттық кешке орай көрме ұйымдастырылды. КUTEL, АCADEMICA, LMPI бағыттары бойынша әзірленген жобалардың жетістіктері паш етілген көрме туралы студенттердің өздері тарқатып айтып, алдағы жоспарларымен де бөлісті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар