Ақкөл өңірінің ақиқаты

Ұзақ жылдар өз мамандығына сай оқу-ағарту саласында жемісті еңбегімен жастайынан көзге түскен Хайролла Жармұханов ағамыз қоғамдық өмір талабына сай біраз мансап биігінен көрінді: ауыл мұғалімі, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, мектеп директоры болды, облыстық, аудандық партия комитеттерінде жауапты қызметтер атқарды.

Тың игеру науқаны кезінде бір-екі жылдай Хайрекең менің тікелей бастығым болғаны да бар. Шиырып айтсақ, ол үлкенді-кішілі шаруаның қандайын болса да ықыласпен атқарып, әрдайым ел құрметіне бөлене білді: екі мәрте орденмен, медальдармен марапатталып, басқа да сый-құрметті еншіледі. Сөйткен ағамыз сексеннің сеңгірінен асып, зейнеткерлікке атам заманда шықса да қол қусырып отырғысы келмейді. Архивке барады, ел ақсақалдарымен сырласады, шежіре жинайды, туған өңірдің өткен-кеткеніне үңіледі, ұңғыл-шұңғылына назар аударады. Өлкетанушы ағамыз осы тақырыпқа орай қолға түскен құжаттарды, деректерді сараптайды, бір жүйеге келтіреді. Мақала жазады.
Соның нәтижесі болса керек, соңғы екі-үш жылдың ішінде «Жер шежіресі – ел шежіресі», «Құрман керей шежіресі», «Моншақты – Ақкөл» деген үш зерттеу кітаптары жарық көрді. Соңғы туынды түгелдей Ақмола облысының қазіргі Ақкөл ауданының тарихына арналған. Ал, кітапты басып шығаруға республикалық ұлттық тарихшылар конгресі ұсыныс жасаған.
Моншақты атауы сонау XVI ғасырдан белгілі. Ақкөл өңірінің тарихы мен географиясын қоныстану кезеңінен бүгінге дейін
баяндайтын бұл еңбек тың туынды. «Моншақты – Ақкөл» кітабын аудан мектептерінде өлкетану пәніне қосымша құрал ретінде пайдалануға болады.
Сөз болып отырған еңбекті Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан
Қамзабекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, Ш.Уәлиханов атындағы
тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек Қабұлдинов сияқты белгілі ғалымдар «бұл жақсы кітап екен» деп қолдап, қолпаштапты. Бұл пікірге біз де қосыламыз.
А.Кәкенов.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар