«Бұл қолдау жағдайымызды жақсартатын болады»

Елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктері енгізілетіні кім-кімді де бейжай қалдырмайтыны сөзсіз. Осыған орай, бала тәрбиесімен отырған алты баланың анасы Қырмызы Байтасованы әңгімеге тартқан болатынбыз.

Керекудің тумасы Қырмызы Маратқызы жоғары оқу орнын дәрігер мамандығы бойынша тәмамдап, отбасын құрып, жолдасымен алғаш еңбек жолын Степногорск қаласынан бастаған болатын. Бүгінде Көкшетау қаласының тұрғыны. Жолдасы Нұрлан Мінәйдаров та білікті маман, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының кардио-хирургия бөлімінің меңгерушісі. Оларға жас отбасы ретінде жұмыс орнынан жалдамалы баспана берілген.
– Атаулы әлеуметтік көмек берудегі жағымды жаңалықты естіп қуанып қалдым. Алты балаға 60 мың теңге әрине, әжептәуір. Мемлекеттің мұндай қамқорлығына ризамыз. Үйге келетін табыстан бөлек, балаларды өз несібесімен қуантатын боламыз. Балаларым әлі кәмелетке толмаған. Кішісі үш жаста, үлкені он төрт жаста. Ана ретінде айтарым, бұл қаржы біздің біраз қиындықтарымызды жеңілдететініне сенімдімін. Сондықтан, келешекте өзіміз қаражат жинап жеке пәтер алуымызға мүмкіндік мол, – деген қуанышын да жасыра алмады алты баланың анасы Қырмызы Маратқызы.
Иә, бүгінде Нұрлан мен Қырмызының балаларының төртеуі мектеп жасында болса, екеуі балабақшада. Тұңғыш қыздары Айша Нұр-Сұлтан қаласындағы білім инновациялық мектебінде, Ибрагим, Таснима, Фатимасы Көкшетау қаласындағы ІТ мектебінде білім алуда. Ал, кішілері Хадиша мен Мәриямы «Арман» балабақшасында тәрбиеленуде.
– «Арман» балабақшасы толық мемлекеттік тілде. Онда бүлдіршіндерге арналған бассейн бар және монтесори әдістемесі қолданылады. Балаларға қол жаттығуларын жасау арқылы еркін ойын айтуға үйретеді. Бұл да балаларымыздың балабақшадан жақсы тәрбиеленуіне мемлекеттің жасап отырған мүмкіндігі. Оған қоса, Айшамыз осы Көкшетаудағы ІТ мектебінде біліп ала жүріп, өткен оқу жылында жақсы нәтижелер көрсетіп, Нұр-Сұлтан қаласындағы білім инновациялық мектебіне жолдама алған болатын. Сондықтан, бүгінгідей бақуатты заманда өмір сүріп отырғанымызға шүкіршілік етеміз, – дейді кейіпкеріміз.
Сондай-ақ, «Біз 1999 жылы елімізде ҰБТ енгізілгенде грантпен жоғары оқу орнына түскен алғашқы түлектерміз. Әке-шешеміз бастапқы білім алуымызға көмектессе, одан арғы тұрмысыз сол арқылы өрбіді деп ойлаймын. Қазіргі күнде ешқандай кедергі жоқ. Адам өзінің ынта-жігері, ұмтылысы болса, ештеңеден таршылық көрмейді. Балаларыма да соны ұқтырамын. Сабақтан тыс, секцияларға баратын болса да, өз беттерімен жүріп-тұруына үйретемін. Қазір оқып білім аламын деген адамға жағдай бар. Тек соны ұтымды пайдалана білу керек.
Әр бала өз несібесімен келетінін ескерсек, ертеңгі ұрпағымыздың жолына өзіміз атсалысайық. Егер, күн шығыс еліндегідей «бір баладан артық таппасын» деген мәселе болса, қаймана қазақтың қасіреті болмас па еді?.. Балаға ата-ана бірдей жауапты. Сәбиі үшін ана ғана қасірет шегуі дұрыс емес. Сонда көп баланы өмірге әкелген әкенің орны қайда? Бұл қоғам үшін маңызды проблема. Мұнымен айтпағымыз, елімізде АӘК-тің жаңа тетіктерінің енгізілуі бұл тек талап-тілектерін арқалап шыққан аналардың арқасында шешілген мәселе деуге болмас, бүгінгі өзгеріске толы қоғам өзі осыған біртіндеп келе жатқан болатын.
Иә, «Бала – адамның бауыр еті». Сол қағидатты өз ата-анасының ақ сүтімен ұғынған бүгінгі біздің кейіпкеріміз, алты баланың анасы Қырмызы Байтасованың ойы көп балалы аналарға үлгі болар деген ниеттеміз. Балаларымыз жыламасын. Ұрпағымыздың болашағы жарқын болсын!
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар