Өнер өмірде өз орындарын табуына көмектеседі

Өткен бейсенбі күні Ақмола облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермек Маржықпаев

«Достар» мәдениет сарайында мүмкіндігі шектеулі жастар арасында ұйымдастырылған «Жаңа тұлғалар» ІІІ облыстық шығармашылық фестивалінің қорытынды гала-концертіне қатысып, жүзден жүйрік шыққан фестиваль қатысушыларын марапаттады.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау айлығы аясында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы ұйымдастырған шара партияның «Кедергісіз келешек» жобасын іске асыру шеңберінде өтті. Фестивальге қатысушылар қатары жыл санап артып келеді. 2017 жылы «Жаңа тұлғалар» облыстық шығармашылық фестиваліне 100 адам қатысса, өткен жылы – 125, биыл 150 мүмкіндігі шектеулі жандардан өтінім қабылданыпты.
Айта кетейік, фестиваль «Тоғызқұмалақ», «Үстел теннисі», «Жүзу», «Сәндік-қолданбалы өнер», «Ыммен әндету», «Аспаптық шығармашылық», «Вокал», «Хореография» деп аталатын 8 аталымы бойынша өтті. Осы орайда, спорттық жарыстар Көкшетаудағы «Бурабай» мәдениет сарайында өтсе, «Сәндік-қолданбалы өнер» аталымына қатысушылардың үйлерінен жасап әкелген туындыларынан «Достар» мәдениет сарайының фойесінде көрме ұйымдастырылды.
Осы орайда, біз Целиноград ауданы Қабанбай батыр ауылынан келген Айгүл Кәгенова есімді қатысушыны сөзге тартқан едік. Ол фестивальге биссерден және алмаз тастардан жасаған картиналарын алып келіпті. Оған әдемі маржандардан осындай көздің жауын алатын картиналар жасауды анасы үйретіпті. Онымен қоса, аталмыш ауданнан осы додаға қатысуға тағы бес адам келген.
Фестивальде «Сәндік-қолданбалы өнер» аталымы бойынша бақ сынаған жастардың бірі – Зеренді ауданынан келген Әділет Баймұқан. Осы ретте, біз оның анасы Әзина Салықованы сөзге тартқан едік.
– Балам алты жасынан бастап балалар шығармашылық үйіне барады. Сол жерде «папье маше» деп аталатын өнер түрін меңгеруде. Сырқатына қарамастан, қағаздан өте әдемі фигуралар жасайды.Фестивальге осымен екінші рет қатысып отырмыз. Республикалық «Жұлдыз-ай» байқауында да ұлым жүлделі орындардан көрінді. Оның қағаздан жасаған бірнеше туындысы Тұңғыш Президент музейінде сақтаулы тұр. Қамкөңіл жандарды қолдап, осындай шара ұйымдастырған «Nur Otan» партиясына ризашылығымды жеткізгім келеді, – деді Әзина Салықова.
Көрмені тамашалаған облыс әкімі Ермек Маржықпаев шығармашыл жастардың өнеріне жоғары баға беріп, қашанда сәттілік серік болуын тіледі.
– Құрметті фестиваль қатысушылары! Соңғы жылдары елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында көптеген шаралар қолға алынуда. Еңбек етіп, отбасын құруға, спортпен шұғылдануға, түрлі шараларға қатысуға кедергісіз орта қалыптастырылуда. Әлеуметтік қоғамның мәні осында жатыр. Қамкөңіл жандар өз проблемаларымен өздері қалмауы керек. Бұл мәселе Елбасымыз, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы назарында. Фестиваль нәтижесінде ерекше қабілеттері бар жас шығармашыл азаматтар спортта, өнерде өздерін көрсетуге мүмкіндік алды. Жаңа таныстар тауып, тәжірибе алмасуда. өмірдің салған сынағына қарамастан, сіздер алға басып келесіздер. Әр күні жеңіске тең жандардың өмірге деген құлшынысы мен сүйіспеншілігі нағыз ерлік. Өмірді сүйе білгендеріңіз үшін, оптимизмдеріңіз бен болашаққа деген сенімдеріңіз үшін сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді облыс әкімі гала-концертте сөйлеген құттықтау сөзінде.
Фестиваль қорытындысы бойынша «Хореография» аталымында Көкшетау қаласының «Сәулелер» би ұжымы жеңімпаз деп танылса, «Аспаптық шығармашылық» аталымында «Домисолька» ансамблі үздік атанды. Ал, «Вокал» аталымында бірінші орын Жақсы ауданынан келген мүмкіндігі шектеулі Евгений Городовқа берілді. Ыммен ән айтудан Көкшетау қаласының саңыраулар қоғамының ұжымы жеңіске жетті. «Сәндік-қолданбалы өнер» аталымында қазылар алқасы Целиноград ауданында тұратын үшінші топтағы мүгедек Арина Катенконың жұмысын үздік деп таныды. Барлық қатысушыларға партияның облыстық филиалы атынан дипломдар және Алғыс хаттар табыс етілді.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар