Шетелдік инвестордың ұсынысына қолдау көрсетілді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев ресейлік «Отрада» компаниясының бас директоры Патрик Хоффманды қабылдап,

облыс аумағында салынатын шошқа өсіретін ферманың жобасына қатысты келіссөздер жүргізді.

Айта кетейік, аталмыш компания Ресейдің Липецк қаласында 2005 жылы ашылған. 2012 жылы кәсіпорын дат генетикалық асыл тұқымды малды репродукциялаумен айналыса бастайды. Екінші мультипликаторлы ферма құрылысынан кейін «Отрада» компаниясы елде асыл тұқымды шошқа өсіруден көшбасшы шаруашылықтардың қатарына енді. Ресейде негізі қаланған бұл компанияның басшысы француздық инвестор Патрик Хоффман облыс әкімімен кездесуінде Қазақстанның солтүстік аймақтарында да осындай компания ашқысы келетінін айтып, соған қолдау көрсетуді, облыс аумағынан шошқа өсіруге қолайлы жер учаскесін тауып беруді сұрады. Бәрі ойдағыдай болса, шетелдік компания жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, келер жылдың көктемінде кәсіпорын құрылысын бастамақшы. Өндірілген шошқа еті Қытайға экспортталатын болады.
Осы ретте, облыс әкімі Ақмола облысы аграрлық өңір екенін, бүгінде елімізде өндірілетін бидай мен құс етінің төрттен бір бөлігі біздің облысқа тиесілі екенін айта келе, өңірде мал шаруашылығын дамытуға да зор көңіл бөлініп отырғандығына тоқталды.
– Облысымызда қуаттылығы 32 мың басты құрайтын арнайы мал бордақылау кешендері жұмыс істейді. Көптеген ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымыз бар. Солардың бірі – Бұланды ауданындағы Макинск құс фабрикасы. Ауданда құс фабрикасы ашылғалы бері өңір дамудың жаңа кезеңіне көтерілді. Жақында «CUKUROVA» түрік компаниясы ауданда картон қаптамасын шығаратын зауыт салмақшы. Сіздің ұсынып отырған жобаңыз да келешекте облысымызда агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамытуға игі ықпалын тигізетіні сөзсіз, – дей келе, облыс әкімі француздық инвестор Патрик Хоффманға облыста шошқа өсіретін қолайлы аумақ ретінде Біржан сал және тоғыз жолдың торабында орналасқан Шортанды, Ақкөл аудандарын ұсынып, бірлесіп жұмыс істеуге сенім білдірді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар