Бизнестің дамуына жағдай жасалған

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалы ұйымдастырған баспасөз турында мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдауға ие болған бірқатар кәсіпорынның жұмысымен таныстық.

Бүгінгі күні өңірімізде кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы орайда, бизнес жан-жақты қолдауға ие болып отыр. Бірнеше мемлекеттік бағдарлама қабылданып, оның аясында экономиканың әр саласына қаржы бөлінуде. Мемлекеттік бағдарламаларды «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы жүзеге асыруға көп ықпалын тигізіп, шағын және орта бизнестің ілгерілеуіне жағдай жасап келеді. Мәселен, «Промвзрыв» серіктестігі биылғы жылдың сәуірінде «Сбербанк» акционерлік қоғамынан 13 пайыздық үстемемен 317 миллион теңге несие алды. Бес жылға алынған несиемен «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасы аясында пайыздық үстемені субсидиялады. Кәсіпорын бұл қаржыға тау-кен кәсіпорындарында қолданылатын эмульсиялық жарылғыш заттар шығаратын өндірістік желіні іске қосты. «Промвзрыв» серіктестігінің директоры Қуат Қасеновтың айтуынша, компания 2000 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпорында әртүрлі жарылғыш заттар өндіріледі.
–Қазір қоймада 700 тонна жарылғыш заттар сақталуда. Кәсіпорынға теміржол тартылған. Кәсіпорын кен өндіретін кәсіпорындарда жер бұрғылайды.Серіктестікте жарылғыш материалдар өндіретін Ресей зауыттарының өкілдері де жұмыс істейді. Олар өз жарылғыш заттарын сатады. Кенішке жарылғыш заттардың компоненттері бөлек-бөлек арнайы автокөлікпен тасымалданады. Жиырма шақты жару жұмысын жүргіздік. Эмульсиялық жарылғыш затқа ылғал әсер етпейді. Біз Ақтөбе, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облысындағы кәсіпорындардың тапсырысымен жұмыс істейміз,–деген серіктестік директоры Қазақстанда жару жұмысымен тағы 4 кәсіпорын айналысатынын айтып берді. Бұл салаға Австралия мен Испанияның инвестициясы тартылған екен. Кәсіпорын мамандары жарылғыш заттың қалай жасалатыны жөнінде айтып берді. Эмульсиялық жарылғыш заттар өндіру жұмысы толық автоматтандырылған. Температура, қысым тәрізді барлық технологиялық үрдіс компьютермен бақыланады. Бұған дейін кәсіпорында құны арзан жарылғыш гранулиттер өндіріліпті.
Бұдан кейін «Centre Esthetic» серіктестігінде болдық. Медициналық орталық 2017-2021 жылдары тиімді жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы аясында алынған қаржыға ғимарат сатып алған екен. Бұған дейін компания жалға алынған нысанда жұмыс істепті. Орталық директоры Әсел Жантасованың айтуынша, мұнда тәжірибелі дәрігерлер еңбек етеді.
–Алғашында косметология, кейін стоматология, гинекология, физиатрия бөлімін аштық. Қазір медицина саласы даму үстінде. Осы орайда, жаңа стоматологиялық қондырғылар мен калейскоп аппаратын сатып алдық. Дәрігерлердің көбі күні бойы жұмыс істейді. Мекемелерден келетін дәрігерлер кешке қабылдайды,–дейді директор.
Баспасөз турының соңында «Көкше City» cеріктестігінің жұмысымен таныстық. Серіктестіктің өндіріс жөніндегі директоры Жұмабек Тасымбек 2017 жылы «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамынан 6 пайыздық үстемемен 564 058 000 теңге несие алғандарын айтты. Несие өңдеуші өнеркәсіп саласында шағын және орта кәсіпкерліктің субъектілерін қолдау бағдарламасы бойынша 84 айға беріліпті.
–Қаржыға өндірістік базаның құрылысын жүргізіп, қап өндірісінің қондырғыларын сатып алдық. «Новопэк» компаниясының еншілес серіктестігі биылғы жылдың наурызынан бастап жұмыс істейді. 95 жаңа жұмыс орнын аштық. Орташа еңбекақы 85-90 мың теңгені құрайды. Айына 2,5 мың дана қап шығарамыз. Жылына 30 миллион дана қап шығаруды көздеп отырмыз. Шикізатты Ресей мен Қазақстаннан тасымалдаймыз. Цехқа 40 станок пен жабдықтар сатып алуды, тағы бір цех салуды жоспарлап отырмыз,–дейді Жұмабек Тасымбек.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының директоры Руслан Ахметов биылғы жылғы 9 ай ішіндегі өз жұмысының қорытындысын айтып берді.
–Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің сыйақы үстемесі субсидия-ланды. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 63 жоба бойынша субсидиялаудың келісіміне қол қойылды. Қол қойылған жобалар бойынша несиенің сомасы 6 075 миллион теңгені құрады. «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында «Алуа Строй» серіктестігінің бір жобасы мақұлданып, қол қойылды. Компания Көкшетау қаласында 440 миллион теңгеге бағаланған көп қабатты үйдің құрылысын жүргізеді. Көкшетау қаласының жеке кәсіпкерлік субъектілерін өңірлік қаржыландырудың жаңа бағдарламасы жұмыс істей бастады. Бағдарламаның жалпы сомасы 150 миллион теңгені құрайды. Бұл қаржыны Көкшетау қалалық әкімдігі мен «Даму» қоры бөлді. Барлық қаржы «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамына салынды. 1 қазанға дейін 65 миллион теңге игерілді,–дейді филиал директоры.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар