Астаналық облыс өз мәртебесіне сай дамып келеді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жанындағы

Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған стратегиялық міндеттері және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыру шеңберіндегі Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде мәлімдеді.

Баспасөз конференциясы барысында облыс әкімі биылғы жылдың өткен тоғыз айының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен Жолдауда белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыруға байланысты алда тұрған міндеттерге кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.
– Мемлекет басшысының Жолдауында осы заманғы әлеммен табысты үйлесім табу үшін ел экономикасын дамудың жаңа сапалы деңгейіне көтеру шаралары қарастырылған. Онда халықты жан-жақты қолдауға және әл-ауқатын арттыруға негізгі бағыт ұсталған,– деді әкім өз сөзінде.
– Ең алдымен, Елбасы алға қойған стратегиялық міндеттер мен Президенттің биылғы Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқтала кетсем деймін. Өңірдің биылғы жылғы тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жақсарғаны анық байқалады. Облыс экономикасы 6 пайызға, яғни, нақты сектор саласы есебінен өсіп отыр. Өнеркәсіп саласында 102,4 пайыз, ауыл шаруашылығы саласында 106,5 пайыз, құрылыс саласында 118,1 пайыз өсімге қол жеткізілді.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де өсті. Инвестиция тарту мәселесіне Мемлекет басшысы көп көңіл бөліп отырғаны белгілі. Жыл басынан бері облыс экономикасына 236 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,5 пайыз деңгейінде. Оның ішінде, жеке инвестицияның үлесі 82 пайызға дейін өсті.
Оған қоса, бүгінгі таңда облыста 60 индустриалдық жоба жүзеге асырылуда. Бұл облыс экономикасына 400 миллиард теңге қаржы құйып, 3,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Нақтырақ айта кетсек, бұл жобалардың 19-ы Индустриаландыру картасына енгізілген. Ол жобалардың ішіндегі ең ірілеріне тоқталсақ, оның ішінде жылына 6 мың тонна алтын шығаратын «RG Processing» серіктестігінің тау-кен металлургия кешенінің құрылысы бар. Жобаның құны 105 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Нысанды іске қосу өңірді республика бойынша түрлі-түсті металл өндіруде көш басына шығарады. Бүгінгі таңда республикадаға алтынның үштен бірі, яғни, жылына 30 тоннаға дейін алтын біздің облысымызда өндіріледі.

Баламалы энергетика саласында қуаты 280 МегаВатт болатын күн және жел стансасын салуға арналған төрт жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, Ресей, АҚШ, Қытай және Сауд Арабиясы елдерімен бірлескен 11 жобаны жүзеге асыру қолға алынған. Экономиканың әр саласындағы бұл жобалардың жалпы құны 190 миллиард теңгеге бағаланып отыр.
– Ақмола облысы еліміздегі бірқалыпты дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Яғни, Жолдауда айтылған мәселелер мен алға қойылған міндеттердің бәрін де ойдағыдай, дер кезінде орындаймыз, – деді облыс әкімі.
– Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту өңірлік экономиканы алға бастыруға серпін береді. Биыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Ақмола облысында астықтың жалпы түсімі 5 миллион тонна болды. Облыста ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салу көлемі 1,5 есеге артып, 40 миллиард теңгені құрады.
Облыста мал шаруашылығын дамытуға да жете көңіл бөлінуде. Бір мезетте 32 мың бас ірі қараны күтіп, баптайтын мал бордақылау алаңдары жұмыс істейді. Өңірдегі шаруашылықтарда мал тұқымын асылдандыру жұмыстары қолға алынуда. Биылғы жылы Ресей, Чехия, Словакия елдерінен 6 мыңнан астам асыл тұқымды мал сатып алынды. Қазіргі күні +ірі 5 тауарлы-сүт фермасын ашу бойынша жұмыстар басталды.
Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласын одан әрі өркендету және елорданың айналасында құрылған азық-түлік белдеуін дамыту туралы нақтылы тапсырма берген еді. Бүгінгі таңда елордада біздің брендіміз болып табылатын бес «AQMOL» дүкені жұмыс істейді. Ондағы азық-түлік бағасы қала базарындағы тауарлардан 15-20 пайызға төмен. Алдағы уақытта бұл дүкендердің санын арттыру жоспарда бар.
Жолдауда айтылғандай, тиімді шағын және орта бизнес қала мен ауылды дамытудың мықты негізі болып табылады. Бұл салада бүгінгі күні облыстың жұмыс істейтін халқының үштен бір бөлігі қамтылған. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатындағы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына енетін 1000-нан астам жоба мақұлданды, 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылы құны 2,6 миллиард теңгені құрайтын 300 жоба мемлекеттік қолдау тапты. Жаңа бизнес идеяларын іске асыруға «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 1000-нан астам грант бөлінді. «Жас кәсіпкер» жобасы шеңберінде 950 жас оқудан өтіп, стартап-жобаларға шамамен 200 грант бөлінді.
Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын іске асыруды жалғастыру үшін биыл шағын несиелендіруді қаржыландыру 4,7 миллиард теңгеге дейін артты. Жыл басынан бері өз бизнесін ашуға немесе кеңейтуге 750 шағын несие бөлінді. Жаппай кәсіпкерлікті дамытудағы тағы бір мүмкіндік – «қарапайым заттар экономикасы», оның шеңберінде 5,7 миллиард теңге сомасындағы 23 жоба мақұлданды. Оның басым көпшілігі агроөнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі салаларына тиесілі.
Брифингте облыс әкімі өз баяндамасында тоқталған басты мәселелердің бірі – өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы болды. Аталмыш бағдарлама қолға алынған екі жыл ішінде облыста барлығы 900 мыңнан астам шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Осының арқасында 8 мыңнан астам отбасы баспаналы болған. Биылғы жылы тағы да шамамамен 500 мың шаршы метр немесе 5 мыңдай отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған.
Бұдан бөлек, екі жылда жалға берілетін 20 тұрғын үй салынды. Мемлекет инвестициясы есебінен салынып жатқан 35 тұрғын үйдің биылғы жылы 14-і жалға берілетін және 12-сі несие арқылы қаржыландырылған. Сонымен қатар, баспана мәселесін шешуге өңірде бизнес құрылымдары да атсалысуда. Жалпы, биылғы жылы жалға берілетін және демеушілердің қаражаты есебінен салыну арқылы әлеуметтік жағынан аз қамтылған 870 отбасының баспана мәселесі шешілмекші.
Сонымен қатар, брифингте жол, сумен қамтамасыз ету мәселелері де жан-жақты сөз болды. Бұл ретте, өңірде елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында 40 жоба жүзеге асырылып жатса, оның 17-ін биылғы жылы ақтау жоспарланған.
Брифингте облыс әкімі Ермек Маржықпаев атап көрсеткендей, облыстың 2019 жылдың 9 айындағы көрсеткіштеріне назар аударсақ, біршама алға басушылық бар екендігін байқауға болады. Дегенмен, әлі де болса олқы түсіп жатқан, шешімін күткен мәселелер жоқ емес. Сондықтан да болар, брифингке қатысқан журналис-тер қауымының сұрақтары да негізінен тұрғындарды толғандырып отырған сондай өзекті мәселелерге арналды.
Мәселен, облыста тұрғындар санының өсуіне байланысты сапалы медициналық қызмет көрсету, оның ішінде жедел жәрдем қызметін жаңғырту туралы сұраққа облыс әкімі бұл мәселенің басты назарда екендігін және оны шешу бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатқандығын айтты. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласын қажет мамандармен қамтамасыз етуді шешу бағытында облыс орталығы – Көкшетау қаласында медициналық мамандықтар бойынша студенттердің оқытылып жатқанын атап өтті. Ал, енді сырттан келетін құс етінің көптігіне орай, импортты алмастыру жағдайына орай облыс әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларымен қатар, Орталық Азиядағы ең ірі Макинск құс фабрикасы толық қуатында жұмыс істеген кезде болса, бұл мәселе оң шешімін табуы тиіс.
Брифингте сондай-ақ, облыста бастырылған астықтың қаншасы экспортқа шығарылатындығы, Елордаға жақын орналасқан облысқа бағынышты елді мекендердің жағдайы, олардағы инфрақұрылымның, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы және басқа да көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелер, «Туған жер», Нұр-Сұлтан қаласы аумағының азық-түлік белдеуін дамыту бағдарламалары мен «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асырылуы, көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек жайында да көптеген сұрақтар қойылып, облыс әкімі оларға нақты және толыққанды жауаптар берді.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар