Билер кеңесінің берері көп

Қазақ даласындағы құқықтық ережелердің қолданылу тарихының тереңде жатқаны әрі оның өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар екені тарихи деректерден де, ел аузында сақталған әңгімелерден де мәлім. Онда туындаған әдет-ғұрып нормалары ұлттық сана-сезімнің көрінісі әрі құқықтық мәдениеттің іргетасы.

Қазақтарға ар-намыс қашанда қымбат болғаны мына бір сөзде көрініс табады: «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы». Қазақтың әдет-ғұрып нормалары адамгершілік қасиеттерге тұнып тұруы да, сондықтан.
Сан ғасырлар бойы қазақ халқының қоғамдық өмірінде әділеттілікті сақтау мен құқықтық қатынастарды дамытуда, құқықтық-саяси сана мен мәдениеттің дамуына ел ішінен шыққан билер белсенді ықпал етті. Шын мәніндегі сол заманда би атанған кісілер – зор шешендік қасиетімен және әділдігімен ел ішіндегі дау-жанжалды шешуге үлесін қосқан қоғам қайраткерлері еді.
Қазақ даласындағы билердің беделі күшті болғаны соншалық, хандар кеңестің келісімі мен қолдауымен мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешкен. Ханның қолында негізінен атқарушы билік шоғырланса, заң шығарушылық қызмет пен сот билігін билер атқарған. Қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымын қарастырған зерттеушілердің көбісі билер институтын хандық және сұлтандық институттардан кейінгі үшінші орынға қояды.
Ұлы билер Төле, Қазыбек, Әйтеке билер өмір сүрген кезең – тарихымыздың тәлімі көп, ел үшін үлгі болатын ерекше кезең болған еді. Олар жаугершіліктің кесірінен ыдыраған халқының есін жиған, әділетті билік шешімдерінен айнымай, келешекке көз салып, үміт отын жағу арқылы көрегендік пен ұйымдастырушылық көрсете білген. Билердің оқығаны көп болмаса да, тоқығаны мол, парасатты, азаматтық тұғырлары биік қасиеттерін, рухани мол қазынасын жария ететін аңыздар мен шежірелер бүгінгі күнге де жеткен.
Дегенмен, билердің атқаратын қызметі негізінен қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз етуге, яғни сот билігіне келіп саяды. Қазақ билерінің өзіне тән ерекшелігі мен басқа халықтарда кездеспейтін қасиеті – дау-жанжалдарды мағыналы, шешендік сөздермен шешуі. Мұны қазақ халқына тән феномен деп бағалауымыз қажет. Арнайы том-том болып жазылған кодекстерге, толып жатқан құқықтық-нормативтік актілерге сүйенбей-ақ, өз орнымен қисынды айтылған бір сөзбен дауды тоқтатуды қалыптастырған қазақ ұлты сөз мағынасына, оның шексіз мүмкіндігіне ертеден-ақ назар аударған.
Бүгінгі күні Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында сот жүйесінде де қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Жоғарғы Соттың бастамасымен атқарылып жатқан жұмыстың бір көрінісі ретінде «Бітімгершілік – сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасын айтып өткен жөн, себебі жоба барлық жаққа да тиімді, әрі қажетті. Бұл жоба шеңберінде еліміздің барлық аймақтарында көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, облыс бойынша көптеген медиация кабинеттері ашылып, бітімгершілік институтын дамытуға, ел ішіндегі даукестікті, соттағы жүктемені азайтуға бағытталған – Билер кеңестері құрылып, дауларды сотқа дейін бітімгершілік келісіммен шешу аясы кеңейіп келеді.
Атап айтқанда, Ақмола облысында «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасын іске асыру шеңберінде Билер кеңесі құрылды. Оның негізгі мақсаты сотқа дейін, соттан тыс дауды шешу практикасын белсенді түрде енгізу, қоғам арасындағы дау жанжалдың кемуіне мүмкіндік туғызу болып табылады.
Осы орайда, Билер кеңесі туралы Ақмола облысы әкімшілігімен ереже бекітіліп, оған сәйкес аудандық, қалалық әкімшіліктер жанында Билер кеңесі ашылып, кеңес құрамына ел ішінде танымал, абыройлы және халық арасында құрметке ие болған көреген азаматтар кірді. Атап кететін жай, осы азаматтар қатарына бұрын кәсіби және кәсіби емес медиатор болып жұмыс атқарып келген азаматтар да қосылды.
Билер кеңесіне кірген азаматтар ауыл әкімдерімен өткізілген ауыл тұрғындарының жиналысында талқыланып, тізімге қосылып, ол тізім кейіннен аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілді. Кеңес мүшелері тізімі бекітілгеннен кейін, кеңес мүшелерінің жалпы отырысында, дауыс беру арқылы аудандық және қалалық Билер кеңесінің төрағалары тағайындалды.
Өз кезегінде Билер кеңесінің төрағалары кеңестің жұмысын ұйымдастырып, сотқа дейінгі, сотта қаралып жатқан дауларды бітімгершілікпен шешуге белсенді үлес қосып, қоғам арасындағы дау- жанжалдың кемуіне бағытталған шаралар атқарады.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен Ақмола облыстық сотының басшылығының атқарған іс-шараларының арқасында Ақмола облысы Атбасар ауданындағы сотқа дейінгі, соттағы бітімгершілікке келу көрсеткіштері өсуде.
Жан-жақты өркендеу және сотқа дейінгі, соттағы дауларды реттеу институтын нығайту үшін аудандық сотпен Билер кеңесінің арасында ынтымақтастық Меморандумы бекітілді. Сонымен қатар, процестік іс-әрекеттер бойынша дауларды шешу алгоритмі дайындалды.
Атқарылған шаралардың оң көрінісі ретінде көрсеткіштерге тоқтасақ, ағымдағы жылдың 6 айында сотқа дейін Билер кеңесі мүшелеріне 311 аудан тұрғындары әртүрлі даулы сұрақтармен жүгініп, олардың 261-і бойынша Билер кеңесінің мүшелерімен дау-дамайлар бітімгершілікпен шешіліп, қалғандарымен түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Оның ішінде, тек қана Атбасар қаласы бойынша Билер кеңесінің төрағасы өзі нотариус қызметін атқара отырып, 253 еңбек дауларын сотқа жеткізбей атқару жазбасын жасау арқылы шешкен. Бұл Билердің атқарып жатқан жұмысының бір көрінісі.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың cәуір айында ғана құрылғанына қарамастан, осы күні Билер кеңесі мүшелерінің қатысумен Атбасар аудандық сотында 30 іс өндірісі қысқартылды, бұл медияция тәртібінде қысқартылуға жататын азаматтық істердің 15,3 па-
йызы, әкімшілік істердің 7,5 пайызы, қылмыстық істердің 23,5 пайызы.
Билер кеңесі мүшелерінің белсенді жұмысының арқасында сотта қаралып жатқан даулардың бір бөлігі бейбіт жолмен шешілуде. Бұл отбасы жұптарының, көршілердің және балалары бар жұбайлар арасында қарым-қатынасты сақтап қалуға жақсы әсерін тигізуде.

Нұрлан Бекенов,
Атбасар аудандық
сотының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар