Мемлекеттік қызмет алу жеңілдеді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрбек Қайыржанов журналистермен брифинг өткізіп, мемлекеттік қызметті алудың жаңа мүмкіндіктерін түсіндірді.

Брифингте айтылғандай, «электронды үкімет» арқылы мемлекеттік қызметті өз бетінше алатын ақмолалықтар саны артып келеді. Бүгінгі күні мемлекет қызмет тізіліміне сәйкес, 723 қызмет көрсетілсе, оның 648-і мемлекеттік корпорация, 580-і «электронды үкімет» және 75-і қызмет көрсету арқылы. Қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сай Қазақстанда осы жылдың 1 қарашасынан бастап мекенжай анықтамасы алынып тасталады. Сол себепті, азаматтардан бұл құжат талап етілмейді.
– 1 қарашадан бастап азаматтар өз мекенжайын электронды үкімет порталындағы жеке кабинетіне кіріп тексере алады, – дейді филиал директорының орынбасары Нұрбек Қайыржанов.
Оның айтуынша, мемлекеттік корпорация мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруды басты назарда ұстайды. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің 50-ден астам түрін ЭЦҚ-сыз (электронды цифрлы қолтаңба) бір реттік құпия сөз арқылы алуға да болады. Автоәуесқойлар үшін де жаңа жүйе уақытты үнемдеуге қолайлы. Былтырдан бастап «Электронды үкімет» порталында жүргізуші куәлігін рәсімдеп, автокөлікті тіркеу мүмкіндігі туды. Сонымен қатар, мекен-жайға тіркелуді рәсімдеуге де болады.
– Азаматтардың көбі әлеуметтік желіні қолданатындықтан бірқатар танымал әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызмет алатын қосымша сервистер ашылды. Мәселен, Telegram-бot арқылы-20, В Контакте арқылы-19 және Fecebook арқылы-15 мемлекеттік қызмет түрі қолжетімді. Бүгінгі күні халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің белсенділігінің арқасында Telegram-бot қолданушыларының саны 54108-ге жетіп отыр, – дейді Нұрбек Қайыржанов.
Бұдан бөлек, қазiргi уақытта электрондық үкiметтiң eGov мобильдi қосымшасының жаңартылған нұсқасы iске қосылғанын атап өтті. Бұл қосымша қызмет алушылардың ескертулерi мен ұсыныстарын ескере отырып жасалған. Пайдаланушы қосымшаларға екi жолмен кiре алады: бiр реттiк парольдi енгiзу немесе ЭЦҚ қолдану арқылы. Жаңа мобильдi қосымшада пайдаланушылардың ұялы құрылғыларында ЭЦҚ қолдану процесi айтарлықтай жеңiлдеген. Қазiргi уақытта аталмыш қосымшада мемлекеттік қызметтің 26 түрі енгізіліп отыр.
Брифингте журналистер тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты өзге де сұрақтар қойылды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар