Құрметтің ән сазы

Құрмет Сақай халықаралық фестивальдің және республикалық конкурстардың 14 мәрте лауреаты, 2009 жылдан бастап Композиторлар одағының мүшесі. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңынан бастап өнердің биігінен үнемі көрініп келе жатқан белгілі композитор – Құрмет Сақай ән жанрында жемісті еңбек етуде.Құрмет Сақай 1953 жылы 28 наурызда Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында ән мен күй үзілмейтін жанұяда дүниеге келген. Әкесі Сақай Қарсыұлы мамандығы заңгер болғанымен Моңғолия қазақтарына танымал күйші болған. Сақай ақсақал кәсіби музыкалық білімі болмағанымен, халық ішінен шыққан талантты өнер иесі еді. Халық күйлерінің тарихын зерттеп, «Күй керуені» атты кітап жазған.

Композитордың анасы Базархан Қалтабайқызы – Баян-Өлгей аймағында қазақ музыкалық-драма театры алғаш құрылған кезде актриса ретінде қабылданып, көптеген драмалық қойылымдарда кейіпкерлерді сомдаған, әнші болған. Театрда қазақ халық аспаптар оркестрі алғаш құрылған кезде скрипка аспабында ойнап үйренген алғашқы жастардың бірі еді. Бірақ композитордың анасы үй жағдайына байланысты әрі қарай өнер саласынан қол үзеді.
Мектепте үздік оқитын ол келешекте музыка маманы болуды армандайды. Музыкамен қатар, математика пәніне де әуес бала қалалық, республикалық олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз атанады. Бұл композитордың 6-7-сыныптарда оқып жүрген кездері еді. Мектеп әкімшілігі оны математик болуға үгіттейді, бірақ кішкентайынан музыкаға әуес бала 10 жылдық орта мектепті толық аяқтамай, 8-сыныпты бітіргеннен кейін ноталық сауатын ашу, алғашқы музыкалық білім алу үшін Улан-Батор қаласындағы мұғалімдер мектебінің мәдени қызметкерлер даярлайтын бөліміне оқуға түседі. Осы кезден бастап баян аспабын нотамен ойнап, моңғолдың ұлттық музыкалық аспабы шанзыда ойнап үйренеді. Музыка теориясы, сольфеджио, музыка әдебиеті, гармония пәндерінен сауатын ашып, теориялық пәндерді ерекше құлшына оқиды. Баян аспабымен көп шұғылданады. Арнаулы орта білім беретін осы оқу орнын композитор үздік дипломмен 1973 жылы бітіріп шығады.
Моңғолияның жалпы білім беретін орта мектептері мен арнаулы орта білім беретін оқу орындарын үздік бітірген жастарды кезінде КСРО-ның жоғарғы оқу орындарында оқыту үшін 1 жыл Иркутск қаласында дайындықтан өткізетін болған. Осы жерде моңғолиялық жастар орыс тілін үйренеді. Сол себепті Құрмет Сақай 1973-1974 жылдары Иркутск қаласындағы Шығыс Сібір мемлекеттік университетінің дайындық факультетінде оқиды.
Композитордың келесі мақсаты – Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясынан білім алу болды. 1974 жылы Улан-Батор қаласындағы арнайы музыкалық білім беретін 11 жылдық орта мектепті бітірген он шақты жастармен бірге, Алматы консерваториясына оқуға келеді. Оларды Моңғолияның мәдениет министрлігінің жолдамасына сәйкес консерватория оқуға қабылдайды. Арманы орындалып консерваторияға оқуға қабылданған Құрмет Сақайдың келесі арманы «композиция» мамандығы бойынша білім алу еді. Бірақ Мәскеудегі Моңғолия елшілігі: “Мәдениет министрлігінің жолдамасын өзгерте алмаймыз” – деп рұқсаттамайды. Сол себептен Құрмет Сақай жолдама бойынша консерваторияның «халық аспаптар» бөлімінде оқиды.
1981 жылы наурызда композитордың анасы ауыр науқастан қайтыс болады да, сол жылы шілде айында өзінің туған жері Баян-Өлгейге оралады. 1981-1990 жылдары Моңғолияның «Алтын жұлдыз» орденді қазақ музыкалық-драма театрында хор жетекшісі ретінде жемісті еңбек етеді. Осы кезден бастап, композитор шығармашылыққа түбегейлі бет бұрады. Хор жетекшісі болып жұмыс істеуі композитордың шығармашылығының қалыптасуына ерекше әсер етеді.
1990 жылы Баян-Өлгей аймағында педагогикалық колледждің ашылуына байланысты осы колледждің музыка бөліміне оқытушылыққа тағайындалады, ұстаз ретінде көптеген музыка мамандарын даярлауға атсалысады.
Композитор еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы шілде айында атамекеніне біржола қоныс аударып, қасиетті Көкше жеріне көшіп келеді. 1993 жылдан бастап осы уақытқа дейін Көкшетаудағы Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледжінің музыка бөлімінде жемісті еңбек етуде.
Құрмет Сақай осы уақытқа дейін 300-ге жуық әндер мен хорлар, 5 кантата, 1 музыкалық комедия, 30-дан астам би музыкасын жазған. Әндер мен хорлар композитордың шығармашылығында маңызды орын алады. Ең алғашқы «Сағыныш» атты әні 1970 жылдары жазылған. Жақын ағасы Жанәбіл Қанапияұлының өлеңіне жазылған бұл ән кезінде Баян-Өлгей жастарының сүйіп орындайтын әніне айналған еді. Консерваторияда оқып жүрген кезінде Бату Жұмағұловтың өлеңіне жазылған «Алматым» әні студент жастардың жан дүниесін тербеткен жақсы ән болып қалықтаған болатын.
1981-1990 жылдары жазылған әндері мен хорлары, Сафуан Шәймерденовтың «Дөкей келе жатыр» комедиясына жазылған музыкасы кезінде театрдың көркемдік кеңесінде жоғары бағаланған болатын. Композитордың 1993 жылға дейін жазылған шығармаларының көбі моңғол тілінде еді.
Атамекенге біржола қоныс аударуы композитордың талантын шыңдай түседі. Хорға арналған шығармаларынан Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Үш бақытым», Төлеген Қажыбаевтың өлеңдеріне жазылған «Қыранды Қазақстан»,
«Отаным – Ордам», «Отан – Ана», «Ел ертеңі еңселі», «Астана – менің астанам», «Ұландар әні», ансамбльге арналған әндерінен Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Нені аңсаймын?», әндері композитордың шығармашылығының ауқымы мен кеңдігін, сонымен қатар ән жанрының ішкі байлығын көрсетеді. Композитордың Мағжан Жұмабаевтың өлеңіне жазылған «Сен сұлу», Ерболат Баятұлының сөзіне жазылған «Асқақтай бер, қазақ елі!», «Алматы вальсі» әндері қазақ әндерінің классикалық үлгісін көрсететін, академиялық бағыттағы әншілердің орындаушылық шеберлігі мен мүмкіндігін көрсететін тамаша туындылар болып саналады.
Балаларға арналған әндерінің ішінен Совет Әлімқұловтың өлеңіне жазылған «Отан» әні 2003 жылы Алматыда өткен І Республикалық балаларға арналған әндердің «Обыкновенное чудо» конкурсында бас жүлдені жеңіп алса, Сағи Жиенбаевтың өлеңіне жазылған «Жиырма сегіз батыр» әні 2007 жылы Шымкент қаласында өткен «Балдәурен» атты балаларға арналған әндердің республикалық жабық конкурсында бас жүлдені жеңіп алған болатын. Сонымен қатар, 2007 жылы Астана қаласында өткен ұлттық «Астана – Бәйтерек» атты конкурсында Әнуарбек Дүйсенбиевтің өлеңіне жазылған «Мектеп – ана» әні мен балалар би ұжымдарына арналған «Бәйтерек вальсі» музыкасы лауреат атанды.
Композитордың патриоттық әндерінен 2007 жылы Астана қаласында өткен IV Республикалық патриоттық әндердің «Елім менің» конкурсының ІІ номинациасы бойынша І орын иеленген Ерболат Баятұлының өлеңіне жазылған «Алты алаштың ардағы», 2008 жылы өткен V Республикалық патриоттық әндердің «Елім менің» конкурсында І орын иеленген. Ерболат Баятұлының сөзіне жазылған «Туған жер» әні, 2009 жылы өткен VI Республикалық «Елім менің» конкурсында ІІ орын иеленген Төлеген Қажыбаевтың өлеңіне жазылған «Елдің ері – Бауыржан» әндерін үлгі ретінде атауға болады.
Құрмет Сақай ән жанрында ғана еңбек етіп қоймай 300-ден астам әндерді қазақтың халық аспаптар оркестріне өңдеген, әуесқой сазгерлердің 200-ден астам әндерін нотаға түсіріп, клавирлеген кәсіби маман болып саналады. Композитор 1989 жылы 17 қарашада шығармашылық жетістіктері үшін Моңғолия жастар одағының «Озат интеллигент» төс белгісімен, 1993 жылы 25 қаңтарда білім саласындағы ерекше еңбегі үшін «Моңғолия білім беру ісінің үздігі» белгісімен, 1999 жылы 10 тамызда «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» белгісімен, жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін 2004 жылы 11 қазанда «Ыбырай Алтынсарин» төс белгісімен, мәдениет саласын дамытуға зор үлес қосқаны және композиторлық шығармашылығы үшін «Мәдениет қайраткері» құрмет белгілерімен марапатталған.
Құрмет Сақай халықаралық фестивальдің және республикалық конкурстардың 14 мәрте лауреаты, 2009 жылдан бастап Композиторлар одағының мүшесі.
Ерболат БАЯТҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар