«Серпіннің» сергек ойлы жастары

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасынан кейін бастау алған«Серпін» жобасы бойынша 2019 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті түлектердің екінші легіне жолдама берген болатын. Сол «Серпін» студенттерінің облысымыздағы қазіргі жағдайына назар салып көрген едік.

Шымкент қаласынан келген Лаура Шәденова екінші курс студенті. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жаратылыстану ғылымдары факультетінде биотехнология мамандығы бойынша білім алып жүр. Көп балалы отбасыдан шыққан Лаура үйдің екіншісімін, шет қалада оқитын мен ғанамын дейді. Бұл жақтың ауа райына басында үйрене алмағанын айтады.
–Көкшетау шағын қала болғанымен қымбат қала екен, мұнда келіп аздап дағдарысқа ұшырап қалғанымыз бар. Дегенмен, жағдайымыз жаман емес, шәкіртақы аламыз, жүріп-тұруымызға жетеді. Осы жылы жатақханада орын жетпегендіктен, қонақ үйде тұрып жатырмыз. Оның елу пайызын университет, ал, елу пайызын өзіміз төлейміз. Оқу орнына жақын жерде болғандықтан бұл бізге өте тиімді. Болашақта өз мамандығым бойынша оқуымды магис-тратурада жалғастырсам деймін. Өмірде түрлі жағдайлар болып жатады ғой. Егер мақсатым ойдағыдай іске аспай жатса, осы жақта жұмыс істеуге қалатын шығармын, – дейді. Арманы мен мақсаты көп Лаура оның бәрін айта бермеуді жөн көрсе де, болашағын Көкшетаумен байланыстыратынын жасырмады. Бұйырса, алғашқы еңбек қадамын осында бастасам деген ойы бар.
Ал, бірінші курс студенті Асанәлі Булаев керісінше, оқуын бітірген соң өзі келген Жаңаөзен қаласына қайтып барғысы келеді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде химия пәнінің мұғалімі мамандығы бо-йынша білім алып жүрген студент болашақта өндіріс саласында немесе өз ісін ашып, шағын кәсіпкерлікте еңбек еткісі келеді.
–Бакалаврды аяқтап, осы университетке магистратураға тапсырамын. Мұндағы білім сапасы жақсы. Алайда, магистратураны бітірген соң, өзімнің қалама қайтсам ба деген ойдамын, – дейді Асанәлі.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аманбай Сейітқасымовтың айтуынша, қазір университетте «Серпін» бағдарламасы бойынша 1350-ге жуық студент оқып жатыр. Негізінен, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан көп келеді екен. Білім алушылардың басым бөлігі, яғни, 60 пайызға жуығы Түркістан облысынан келген.
– Осы жылы біз «серпіндік» екінші түлектерді түлетіп ұшырдық. Алғашқы лекті 2014 жылы қабылдаған болатынбыз. 2018-2019 жылдардың түлектері бітіріп кетті. Сол түлектерден жиырма шақты жас осы жақта қалып, жұмыс істеп жатыр. Олар осы төңіректе. Арасында отбасын құрғандары бар. Біраз балалар магистратураға оқуға түсті. Жалпы айтсақ, серпіндіктердің барлығы міндетті түрде жатақханамен қамтамасыз етіледі. Шәкіртақыларын алып тұрады. Оларға жылына екі рет жолақы төленеді. Басым көпшілігі қазақша оқып келген ауылдық жердің балалары. Көбі қазақы ортадан шыққан. Іштерінде ақындығы, әншілігі бар, қазақы дәстүрді сақтаған жастар көп. Осында қалса, тілдік ортаны дамытуға септіктері тиетіндігі анық,– дейді Аманбай Сейітқасымов.
Сонымен қатар, «Серпін» бағдарламасы бойынша өңіріміздің колледждерінде де оқушылар оқып жатыр. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, облысымыздың жеті колледжінде осындай 370 оқушы білім алуда. Оның 120-сы оқуға осы жылы қабылданған. Ал, 2019 жылғы 42 түлектің алтауы әскерге шақырылып, бірнешеуі жоғары оқу орнына түскен. Арасында жұмысқа орналасқандары да бар, оның 17-сі еңбек қадамын біздің өңірде бастаған.
Облысымызда жұмыс істеуге қалған осы түлектерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Серпін» жобасы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына енгізіліп отыр.
Осы нәтижелерге қарағанда, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасы белгілі бір деңгейде өз жемісін беріп жатыр десек артық емес. Жұмыс күші мол аймақтардың жастарына басқа өңірлерде оқуға мүмкіндік туғыза отырып, оларды жұмыспен қамтамасыз ету қарастырылған «Серпін» бағдарламасының тиімділігі де осында. Тек оның түлектерінің біздің жақта қалу көрсеткіші әлі де төмен.
Айтолқын АМАНГЕЛДІ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар